«Ақтөбе — құтты мекен»

Қала көшелеріндегі қатемен күрес: арнаулы топтың жұмысы қалай жүргізіледі?

Қоғамдық орындарда, көпшілік жиналатын жерлерде қате жазылған жарнамаларды, жалпы, көрнекі құралдарды жиі байқаймыз. Шаһарда бұларды бақылап, дер кезінде ретке келтіретін мониторингтік топ бар.

Ақтөбе қалалық мәдениет  және тілдерді дамыту бөлімінің жанынан құрылған арнаулы топ еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Бір топ маман қала көшелеріндегі жарнама мәтіндері мен көрнекі ақпараттарды ҚР Тіл туралы Заңының 21-бабының талаптарына сай тексеріп, түсіндіру жұмыстарын өткізуді әдетке айналдырған. Мақсат — қай жерде де грамматикалық, стилистикалық, жалпы, қате атаулының барлығын жою, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсету.

— Жыл басынан бері құрылған мониторингтік топтың құрамында біздің бөлімнің, Ақтөбе қаласы әкімдігіне қарасты Астана, Алматы аудандары әкімдіктерінің мамандары, сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамы қалалық филиалының өкілдері, тіл жанашырлары мен еріктілер бар. Жоғарыда аталғандардың баршасына мониторингтің топ мүшесі екендігін растайтын куәлік берілді, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова.

Оның айтуынша, жұмыс тобы бүгінге дейін облыс орталығындағы 300-ден астам нысанды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Артынша нысан иелеріне жадынама, әдістемелік көмек парақшалары таратылыпты.

Қалалық мониторингтік топ мүшелері барлық нысандарда кездесетін ортақ олқылық деп кіреберісте орналастырылған жарнама мәтіндері мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасының жоқтығын атап өтті. Бұны түзеу үшін мамандар ресми тілдегі әлгі жазбаларға мемлекеттік тілде аударма жасап, әдістемелік көмек береді екен.

— Айталық, жадынамада Қазақстан Республикасының Тіл туралы 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 Заңының 21-бабы, яғни «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» туралы жазылған. Аталған Заңға сәйкес, парақшалар, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде, қажет болған жағдайда басқа да тiлде жазылуы керек. Сонымен қатар көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде — сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады. Бәрі бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Сол сияқты ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама да мемлекеттік тілде берілуі тиіс, — дейді бөлім басшысы.

Мұнымен бірге тіл маманы бар арнаулы топ мәтіндерді дайындауда грамматикалық тұрғыдан әдістемелік көмек көрсетуге де әзір. Бұның барлығы айналып келгенде қатемен күресте оң септігін тигізетіні хақ.

— Мониторингтік топтың мүшесі ретінде топпен бірге рейдтерге жиі шығып тұрамыз. Мұндай шаралар айына 2-3 рет ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, соңғы рет «Мега Шығыс» сауда үйіне бардық. Сондағы жарнама мәтіндері, көрнекі ақпараттарды тексердік. Қателерді байқасақ, ескерту бердік. Жиі кездесетін қателік деп есіктердегі «Бетперделік тәртіп» деген жазудың болмауын айтуға болады. Көбіне-көп бұның орыс тіліндегі нұсқасы жазылады. Бұл қате. Обалы не керек, кәсіпкерлер, басқа да жауапты адамдар кінәсін түсініп, бірден дұрыстап жатады. Яғни ескертуді елемейтіндер әзірге кездескен жоқ, — дейді аталған топтың мүшесі, Алматы ауданы әкімі аппаратының бас маманы Гауһар Өтегенова.

Ал топтың тағы бір мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Роман Рахиев:

— Қоғамда қала көшелеріндегі көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің алатын маңызы зор. Сөздердің дұрыс жазылуы мен сауаттылығына, мәні мен мазмұнына қарап, халық ой түйіндейді. Бұл ретте ең бірінші кезекте мемлекеттік тілге басымдық берілуі тиіс. Себебі мемлекеттік тіл мәселесі — баршаға ортақ іс. Барлық жарнама мен көрнекі ақпарат беттерінде сөздердің  сауатты жазылуымен қатар, бейнелеген суреттер де қазақ халқының әдет-ғұрпы мен ұлттық болмысын танытып тұруы керек, — деп пікірін білдірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button