«Ақтөбе — құтты мекен»

Жүргізуші және жаяу жүргінші мәдениеті: Жол ережесін неге бұзамыз?

— Барлық жол қозғалысына қатысушылардан белгіленген тәртіп ережелерін сақтап, бір-біріне құрметпен қарауларын сұраймыз. Жол көлік оқиғалары екі тараптың да қателігінен болады. Біз жолдың әр шақырымына инспектор қоя алмаймыз. Әрбір адам жеке тұлға ретінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға тиіс. Шынын айту қажет, бізде көптеген қала тұрғыны жол ережесіне бағынбай, қалаған жерден өтіп кетеді. Тіпті жаяу жүргіншіге арналған жолақтан дұрыс өтпейтін тұрғындар да бар. Ал көлікте келе жатқан жүргізуші белгі қойылмаған жерден біреу шыға келеді деп ойламайды. Осындай жағдайдан жол көлік оқиғасы болады. Сондай-ақ жаяу жүргіншімен қатар, жүргізушілердің смартфонға үңіліп, жолға дұрыс қарамағандығы кесірінен де оқыс оқиғалар болып жатады, — дейді полиция департаментінің жол және техникалық инспекция бөлімінің бастығы Еркін Өтеген.

Өңірде жаяу жүргіншілердің қатысуымен жыл басынан бері 120 жол көлік оқиғасы тіркелген. 12 адам көз жұмып, 110 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсіпті. Полицейлер жол көлік оқиғасының дені Ақтөбе қаласында болатынын айтады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбе қаласында соңғы рет жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол көлік оқиғасы 11 қазан күні тіркеліпті. Оқиға Маресьев көшесінде болған. Сағат түскі 12.00 шамасында «Lada Granta» автокөлігін тізгіндеген 39 жастағы жүргізушісі жылдамдықты төмендетпей, жолдың жүру бөлігін оңнан солға қарай кесіп өтпек болған 11 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Абырой болғанда, бала аман. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған жаяу жүргінші Ақтөбе қаласының балалар ауруханасына жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.

Полиция департаменті тұрғындарға қарапайым ғана жол ережесін сақтауды ескертеді.

Жалпы өңірде, оның ішінде Ақтөбе қаласында көлік жүргізушілерімен қатар, жаяу жүргіншілердің жолда жүруіне қолайлы жағдай тудыру мақсатында қандай шаралар жасалып жатқанын полиция департаментінің жол және техникалық инспекция бөлімінің бастығы Еркін Өтегеннен сұрап білген едік.

Екі мыңға жуық жаңа жол белгілері қойылды

Белгіленген стандартқа сәйкес жол белгілері 7 санатқа бөлінеді. Атап айтар болсақ,

ескерту белгілері, басымдылық белгілері, тыйым салу белгілері, міндеттеу белгілері, ақпараттық-көрсеткіш белгілері, қызмет көрсету белгілері және қосымша тақтайшалар. Полицейлер аталған белгілерді көлік тізгіндеген азаматтармен қатар, жаяу жүргіншілер де білу қажет екендігін айтады. Ол, әрине, алдымен қауіпсіздік үшін қажет.

— Көлік қозғалысын реттеп, жүргізуші мен жаяу жүргіншіге маңайдағы жол жағдайы туралы ақпарат беру үшін жол белгілерінің маңызы зор. Бүгінгі таңда облыс аумағында 25 мыңнан астам жол белгілері қойылған. Полиция департаментіне қарасты жол және техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері орнатылған жол белгілеріне тексеріс жұмыстарын жүргізіп отырады. Кейде жол белгілері күнге күйіп, көрінбей қалса, кейде сынып немесе құлап қалады, ал кейде көлік түйіп, сындырып кететін де жағдайлар болады. Сондықтан қауіпсіздіктің алдын алу үшін біздің қызметкерлер жергілікті атқарушы билік органдарына ұйғарымдар беріп, олар 3 күннің ішінде белгілерді жаңартып отырады.

Жыл басынан бері өңірде 500-ден астам жол белгісі қайта қалпына келтірілді. Ал жаңадан орнатылған белгілер саны — екі мыңға жуық, — дейді жол және техникалық инспекция бөлімінің бастығы Еркін Өтеген.

Бөлім бастығы орнатылған жаңа белгілердің көбі Ақтөбе қаласында орнатылғанын айтады. Себеп — қала күн санап үлкейіп келеді.

— Биыл белгілердің дені қаланың жаңадан салынған аудандарына қойылды. Атап айтар болсақ, «Нұр Ақтөбе», Батыс-2, Батыс-3, Батыс-4 аудандары, сондай-ақ Рауан елді мекендеріне тұрғындар қауіпсіздігі үшін бірқатар жаңа белгілер орнаттық, — деді ол.     

Жүргіншілер жолағы термопластикадан салынып жатыр

Полицейлер үнемі жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған кезде жылдамдықты төмендету керектігін, ал жаяу жүрген азаматтарға жолдан өтер уақытта құлаққаптарын алып, жан-жағына мұқият қарап өту керектігін ескертеді. Сондай-ақ бағдаршамға бағынып, жолды жаяу жүргіншілерге арналған арнайы белгі орнатылмаған жерден кесіп өтпеу керектігін айтады.

Полиция департаментінің жол және техникалық инспекция бөлімінің бастығы Еркін Өтегеннің айтуынша,  ережеге сай бір көше бойындағы жаяу жүргіншілер жолағының арасы 300 метрден кем болмауға тиіс. Бірақ әрбір 300 метр сайын жаяу жүргіншілер жолағын салу жолда жүруге өзіндік кедергілер келтіретінін айтады.

— Жаяу жүргіншілер жолының жиі орналасуы алдымен көлік кептелісін тудырады. Ондай жағдайда қауіпсіздік шаралары да дұрыс сақталмайды. Жалпы, біз алдағы уақытта қаладағы барлық жаяу жүргіншілер өткелін батырмасы бар жолаққа ауыстырғымыз келеді. Бұл жаяу жүргіншілерге де көлік тізгіндеген азаматтарға да ыңғайлы әрі қауіпсіз, — дейді ол.

Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша 800-ден астам жаяу жүргіншілер жолағы бар.

Қала үлкейіп, жаңа аудандардың пайда болуына байланысты жол белгілерімен қатар, жаяу жүргіншілер жолағы да сызылады. Оны біздің ұйғарымымыз бойынша Ақтөбе қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мекемесі жүзеге асырады. Бұрын жаяу жүргіншілер жолағын  арнайы бояумен бояйтын едік. Қазіргі таңда жүргіншілер жолағы термопластикадан салынып жатыр. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы жаяу жүргіншілер өтетін жолдың 30 пайызы термопластикадан салынған. Бұл қарапайым бояуға қарағанда, бірнеше есе ұзаққа шыдайды. Соңғы уақытта жолы жөнделген көшелердің барлығындағы жүргіншілер өткелі термопластикадан салынған, — дейді Еркін Өтеген.

Ол қала маңындағы елді мекендерде тұратын тұрғындардан түнгі уақытта жарық қайтарғышы бар киім киіп немесе сөмкесі мен аяқ киімдеріне арнайы жабыстырғыш жапсырып шығуларын сұрайды.

— Сақтықта қорлық жоқ. Тұрғындардан сақтық шараларын барынша сақтауды сұраймыз. Департамент тарапынан жолда жүру ережелеріне қатысты түрлі акциялар ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ балабақшалар мен мектептерде де жолда қалай жүру керектігі туралы шаралар өткіземіз. Әлеуметтік желілер арқылы да бөлісіп отырамыз.

Қазіргі уақытта біз қаладағы жолдардың инфрақұрылымын дамыту бойынша бірнеше ұсыныстар бердік. Оның ішінде жерасты, жерүсті өткелдерін салу, шақырылымы бар бағдаршамдар орнату секілді ұсыныстарымыз бар, — деді полиция департаментінің жол және техникалық инспекция бөлімінің бастығы Еркін Өтеген.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button