Жаңалықтар

Жанашыр

Ауыл-елде айналаға алаңдап, жақсы істі қолдап, қиындыққа қарсы тұрып, қысылғанға көмектесіп жүретін азаматтар аз емес. Осындай реттерден де елдің ерге қарайтыны рас. Ең бастысы, сондайда ер жерге қарамасын.

Көпке көмегі тиіп, жалпыға жанашыр болып жүретін сондай еңселі жандардың бірі — Ғазиз Займолдин. Оның есімін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Өйткені жақсының жақсылығы алысқа жетіп жатпай ма?!

Бүгінгі әңгімеміздің мақсаты — биыл жетпіс бес жасты толтырып, жүзінен жігерлі жігіттік табы кетпегенімен, ақсақалдық ауылына еркін енген Ғазекеңнің кісілік келбетін, адами болмысын айқындау.    

Ұстаздықтан басталған жол

Ғазиз Займолдаұлы өзінің еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Оралдағы педагогикалық институтты бітірді. Қараой, Сапақкөл ауылдарындағы мектептерде шәкірттерге дәріс берді, жақсы тәлім-тәрбие үлгісін көрсетті. Жас кезіндегі осы ұлағат қадамдары оның өмірлік ұстанымы болып қала бергендей. Өйткені кейініректе қай жерде еңбек етпесін, әсіресе басшылық буындарда жүргенде, ол үшін ең бастысы — адамды тәрбиелеу болып тұратын.

Ғазекеңнің өзі әңгімелесе қалғанда «Тәрбие дұрыс болған жерде — іс те оңынан жүреді, шаруаға да тосқауыл болмайды» деп айтып отыратыны бар. Шынында да солай. Сондықтан да болуы керек, осы қағида ең алдымен отбасында берік ұстанылды. Осының да әсері болар, әулетте ұстаздық жолын ұстанғандар аз емес.

Үлкені Серік — жастайынан мұғалімдік мамандықты қалады, бүгінде Ойыл аграрлық колледжінің басшысы. Сәкен де осы жолмен жүрді, бірақ спортқа әуестігі болып, балаларды қазақша күрес пен еркін күреске баулуға қарай тарта берді. Берегіректе ауыл әкімі болды, одан аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланды.

Гүлайым Ақтөбе қаласында тұрады, орыс тілі пәнінің оқытушысы. Жолдасы Ерлан екеуі екі бүлдіршінін тәрбиелеп өсіруде.

Ғалиасқар заңгерлік жолды таңдады, бүгінде облыс прокурорының аға көмекшісі. Жеңіс Ойылда кәсіпкерлікпен шұғылдануда. Тәжірибе жинақтаған бизнесмен. 2010 жылдың өзінде ауданның үздік кәсіпкері атанғаны бар. Кенже қызы Жанар — Ақтөбе облысы бойынша «Өрлеу» ұлттық орталығының аға оқытушысы.

Осы балаларға аналық жүрегінен шапағат нұрын сеуіп өсірге Қатима апай — «Күміс алқа» иегері. Апайдың өзі де ұзақ жылдар бойы мектепте мұғалім болды. Екі келіні мен бір немересі де бүгінде ұстаздық қызмет атқаруда.

Қысқасы, бұл үйде қашаннан қағаз бен қалам, дәптер мен кітап — үстел үстінде тұрады. Бүгінде оған компьютер қосылды. Кейде кешкі шайдан кейін бәрі бір-бір үстел басына отыра қалғанда, мектепке ұқсап кететіні бар.

Шынында да, Ғазиз аға ғұмыры — өз алдына бір мектеп. Оның ұстаздықтан басталған жолы ұрпағына тарады.

«Көкжардың» жаңғыртушысы

Азамат үшін туған жердің сүйем топырағына дейін тартымды. Ол өзі өскен өлкенің өткеніне көп үңіледі, тарих тереңін зерделейді. Сондай да көнеден жеткен Көкжар үні көңілін көп алаңдататын. Жыл өткен сайын ескіден қалған жәдігерлердің тозып бара жатқаны жанын ауыртатын. Сонда «Қалайда бұрыннан қалған игіліктерімізді жоғалтып алмай, жаңғыртып, жас буынға — жаңа ұрпаққа жеткізуіміз керек» деген ой оның өмірінің өзегіне айналды.

Еліміздің тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында бұрынғы экономикалық байланыстардың берік тіні үзіліп, нарық талабы әлі де түсініксіздеу тұста көптеген кәсіпорын-ұжым басшылары абдырап қалғаны рас. Ал аудандағы кәсіптік-техникалық училищені басқарып жүрген Ғазиз Займолдаұлы сол кезде оқу орнындағы техниканың бір түйірін де шашау шығармай, ұқыпты ұстап, жарақты күйінде сақтады. Ең бірінші болып қолға алған шаруасы — қосалқы шаруашылықты дамыту арқылы училищені сақтап қалу еді. Мүмкіндікті пайдаланып, шабындық, жайылымдық, егіс егетін жер алды. Көктемде арпа, бидай  егіп, алынған өнімді көршілес Атырау, Маңғыстау облыстарына қарай сатуға шығарды. Басқа аудандардағы әріптестері абдырап қалғанда Ойылдың кәсіптік-техникалық училищесі түлей түсті. Уақыт қажеттілігіне сай жаңа мамандықтар бойынша сабақ жүргізілді. Кәсіптік білім беру саласында жаңашылдығымен танылған ол Ойыл ауданының әкімі қызметіне тағайындалғанда, бұл бір жағынан көпшілік үшін заңдылық іспетті де көрінген еді. Өйткені нақ сол тұста елге жанашыр, қолынан іс келетін, көпті ілгері бастай алатын Ғазекеңдей азамат керек-ақ еді.

Аудан басқару тіпті де оңай еместігін ол алғашқы күннен бастап айқын сезінгенін жасырмай айтады. Өйткені маңызды проблемалардан бастап, кейде түймедей нәрсеге дейін әкімге келіп тіреледі екен. Бұрыннан қалыптасып қалған жағдай ма, әйтеуір көпшілік өздері белсене іс атқарудан гөрі арқа сүйеуге бейім сияқты көрінді. Сұраншақтық пиғыл да жиі байқалды. Осылардың бәрін саралай келе, тұрғындарды нарық талабына бейімдеу — бірінші кезектегі міндетім деп ұққан ол жаңаша қимылдау қажеттігін ойға алады.

Аудан орталығындағы кәсіпорын-мекемелер таратылып, жекешелендіру басталған тұста бұрынғы әп-әдемі ғимараттардың бұзылу қаупі туындады. Ол осы құбылысқа тосқауыл қойды. Соның нәтижесінде бұл құрылыстар басқа мақсаттарға пайдаланылды. Электр жарығының дұрыс берілмеуі — облыс көлеміндегі басты проблемалардың бірі еді сол кезде. Аудан әкімі мұның да орайын тапты. «Ақтөбеэнерго» мекемесінің басшыларымен тікелей байланысқа шығып, Ойыл секілді шалғайдағы ауданды жарықсыз қалдыру жергілікті тұрғындарға ауыртпалықтар әкелетіндігіне сендірді. Қаржыдан тапшылық көріп жүрген ауыл адамдарының қорасындағы малы ұрланып, суыққолды қарақшылардың дегені болып тұрған кез еді бұл. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығы алдына қатаң талап қойылды. Көп ұзамай мал ұрлығы тоқтатылды. Әлеуметтік саладағы барлық буындардың жұмысы жандандырылды. Есігін қара құлып күзеткен клуб, кітапхана, балабақша қайта ашылды.

Ғазиз Займолдаұлы үшін көптен санасын мазалаған «Көкжар жәрмеңкесі» қайта жаңғырды. Бір кездері Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, жылына екі рет үлкен жиынды бастан өткеретін бұл жәрмеңке сауда-саттықтың ғана емес, өнер мен түрлі сайыстардың, басқа да ірілі-кішілі басқосулардың орталығы іспетті еді. Ұзыннан-ұзақ созылған жеті сауда қатарында бірде-бір бос орын болмай, жарты шақырым бойында сатушы да, алушы да үзілмей, «Айна бар, тарақ бар, алмасаң да қарап қал!» деген татар саудагерлердің үні қазақы дауыспен жаңғыратын кез ғасыр тоғысатын уақытқа сәйкес келді.

2000 жылы «Көкжар» жәрмеңкесі сауда қатарларын жаңғыртып, жаңарту үшін облыстық бюджеттен екі миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде жыл өткен сайын азып-тозып бара жатқан ескі сауда қатарлары жаңаша күйге ене бастады. Шынында да бір де шеге пайдаланылмай, бірыңғай күйдірілген кірпіштен қаланған архитектуралық өзгеше шешімдегі құрылыстарды жоғалтып алу үлкен өкінішке соқтырар еді.

Кезінде «Көкжар» жәрмеңкесіне қытай, ағылшын, орыс, татар, өзбек, басқа да елдерден саудагерлер ағылып келіп жатқан ғой. Солардың басшылары бас сұғатын жәрмеңке конторының келбеті қандай?!

Бүгінде «Көкжар» жаңаша күйге енді. Мерекелерде баяғы кезеңдердегідей айқай-шуы алыстан естілмегенімен, базар біраз қызып жатады.

Ғазиз Займолдаұлы осындай ескі мұралардың сақталып қалуына үлес қосқанын өзінің өмірдегі бір жеңісі деп санайды.

Жарты ғасыр жарастық

Олардың бір шаңырақ астында жарасты ғұмыр кешіп келе жатқанына тұп-тура жарты ғасыр болды. «Ғазиз бен Қатиманың отау құрғаны кеше сияқты еді, шынымен уақытта тоқтам жоқ екен-ау!» деп жастық шақты бірге өткізген, бүкіл қызықтарының куәсі болып келе жатқан кейбір құрдастарының таңғалып жатқанын да естідік.

Айтпақшы, биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңімпаз болған кезінде барлық басылымдар апайдың есімін жарыса «Екатерина» деп жазып жатты. Құжатта солай болғанымен, елдегілер үшін ол — Қатима.

Ғазиз Займолдаұлы мектепте мұғалім болып жүргенінде оны комсомол қызметіне шақырады. Бастапқыда аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, одан кейін аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. Біраз жыл кәсіптік-техникалық училищеде басшылық тізгінін ұстады.

Аудан әкімі болған тұсында өз міндетін абыроймен адал атқарды. Елді өтпелі кезеңнің қиындықтарынан алғы күндерге қарай алып шықты. Рас, ұйқы кем болды, күндіз-түні тыным таппады. Бірақ іс нәтижесін ел көрді.

Ол әкімдік қызметін тапсырған соң да белсенді еңбектен қол үзбеді. Бұрын өзі маңдай терін төккен ауыл шаруашылығы колледжіне қайта оралып, жақсы істерін жалғастырды.

Еңбегі лайықты бағасын алды. Ел құрметіне бөленді. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы, 20 жылдығы» I дәрежелі «Еңбек даңқы» және «Құрметті ардагер» медальдарын кеудесіне тақты. «Ақтөбе облысының Жыл адамы — 2008», Қазақстанның кәсіптік және техникалық білім беру ісінің үздігі атанды. Жерлестерінің «Ойыл ауданының құрметті азаматы» деп бағалауы — ең жоғарғы марапаты деп біледі.

Бұл отбасында алты перзент дүниеге келді. Ұлды ұлықтап, қызықты қылықты етіп өсіру — кім-кім үшін де парыз іспетті. Ең бастысы, солардың бәрі де кішкентайынан еңбектің дәмін татып өсті. Бүгінде сол төрт ұл мен екі қыз ел танитын азаматтарға айналды. Олардан өрбіген он бес немере мен екі шөбере — Займолдиндер әулетінің жалғасы.

Серік, Сәкен, Гүлайым, Ғалиасқар, Жеңіс, Жанар — биік өскен бәйтеректің жапырақ жайған бұтақтары іспетті.

Займолдиндер туған жердің табиғатының қорғаушысы да іспетті бір жағынан. Олар күллі отбасымен Ойылдың Барқын орманын ерекше қадір тұтады. Осындағы ағаштардың жайқалып өсуіне қамқорлық жасайды. Табиғат аясында оқу-жаттығу жиындарын өткізетін ғимарат салғандағы мақсаттары да туған жерге деген сүйіспеншіліктен туындаған. Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында осы аумақтан лагерь ашылды.

Ғазиз аға мен Қатима апаның алғашқы немересі Ақнұр  елу орындық балабақша ашу ісін қолға алуда. Әрине, кәсіпкерлік оңай шаруа емес. Сондықтан да оған алдындағы аға-апалары қолдау жасауда. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту ретінде ұсынылғалы отырған балабақша — жас кәсіпкердің бизнестегі алғашқы қадамы.

Жалпы, жан-жаққа қамқорлық жасау — бұл әулеттің өзіндік дәстүріндей.

Мәселен, аграрлық колледжді бітірген бозбала кейін оқуын Орал қаласында жалғастырып, мал дәрігері мамандығын игерді. Сол кезде Займолдиндер студентке қаржылай көмектесіп тұрды. Осындай мысалдар аз емес.

Жақында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Займолдиндер әулеті аудан орталығындағы үш мектептің 30 оқушысының басын қосып, Қобда ауданының тарихи жерлеріне саяхат ұйымдастырды. Оқушылар қазақтың батыр қызы Әлия туған ауылда болды, оның ерлік істерімен жете танысты.  Қобыландының мемориалдық кешенін аралап, батыр бабаның рухына тағзым етті.

Ғазиз ағаның тағы бір ерекшелігі — баспасөзге жақындығы. Ол — облыстық «Ақтөбе» газетінің ұзақ жылғы оқырманы, рухани таратушысы.

…Жанашыр адамың болғаны қандай жақсы. Ағайын-туыстың, жақын-жуықтың ғана емес, елдің жоқшысы болу қандай биік мәртебе десеңізші!

Ғазиз Займолдин бүгінде сондай тұғырға көтерілген құрмет иесі!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button