Жаңалықтар

Депутат күнделігінен…

Назарларыңызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Nur Otan фракциясының мүшесі, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Ғалымжан Елеуовтің күнделігін ұсынамыз.

Оң өзгерістерге жасалған қадам
Жаз бойы өңірлерді аралау және халықпен үнемі байланыста болу нәтижесінде көптеген аймақтарда бұрынғыдай медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне халықтың көңілі толмай отырғанына көзіміз жетті. Саланың шешілмей келген проблемалары пандемия кезінде одан бетер ушығып кеткені рас.
Денсаулық сақтау саласымен етене таныс адам болғандықтан Парламентте денсаулық сақтау мәселелерін талқылау барысында және тиісті ведомствоға депутаттық сауалдарым шеңберінде бұл проблемаларды көтеріп жүрмін.
Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігінің 6 қыркүйектегі алқалы жиынына қатысуды жөн көрдім.
Алқалы отырыс барысында бірқатар маңызды сұрақтар талқыланды, оның ішінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы және 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын қалыптастыру тәсілдері. Ортаға салынған сұрақтардың барлығы көкейтесті болғандықтан осы уақытқа дейін мен оларды бірнеше рет көтерген едім.
Спикерлер қымбат медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселесін сөз етті. Медициналық қызметтердің сапасына қазақстандықтардың наразылығын ескере отырып, бұл тақырып өзекті болып табылады. Осыған дейін айтылғандай, Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесінің іске асырылуын ескере отырып, қымбат медициналық қызметтердің көлемі 2025 жылға дейін біртіндеп 42%-ға артады, бұл халық үшін олардың қолжетімді болуына әсер етуге тиіс.
Әрине, қазіргі уақытта бірқатар аймақтарда медициналық ұйымдардың төмен техникалық жабдықталуына байланысты халық бұл қызметтерге қол жеткізе алмай келеді.
Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кемінде 20 заманауи аурухананың құрылысы жоспарлануда. Ауданаралық ауруханалар желісін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ аудандық ауруханалар 97%-ға дейін медициналық техникамен жабдықталады деп жоспарланып отыр.
Жүкті әйелдердің денсаулығына және балалардың денсаулығын нығайту мәселелеріне де айрықша назар аудару қажет. Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаларға салынбай қалуда. Әрине, бұған жол беруге болмайды» деп ерекше атап өтті. Әсіресе мектеп оқушыларының офлайн оқу нысанына оралғанын ескеретін болсақ, бұл мәселелердің өте маңызды екенін ұмытпау керек. Осы сұрақтардың барлығы мен алдыңғы парламенттік сессия барысында өзімнің депутаттық сауалдарым аясында көтердім. Ведомствода дәл осы бағыттар бойынша ауқымды жұмыстың жүргізіліп жатқанын естіп қуандым.
Сала проблемаларының пайымы Денсаулық сақтау министрлігінің басшыларының көзқарасымен үндес екені де қуантады.

Жарқын естелік
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Жекпе-жек сарайының жанында ұлы палуан Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткіші ашылды.
Біздің жанұяда спортқа деген көзқарас әрдайым ерекше болған. Әкем екеуміз — нағыз спорт жанкүйерлеріміз. Әсіресе отандық спортты жақсы көреміз. Сондықтан еліміздің жекпе-жек аңызына айналған батырына арналған ескерткіштің ашылуына міндетті түрде қатысам деп шештім. Жақсылық Үшкемпіров қазақ палуандарын бүкіл әлемге танытқан Олимпиада чемпионы ғана емес, өскелең ұрпаққа үлгі болған бірқатар қазақ палуандарының біріншісі болды. Спорттық жекпе-жекте ең үздік нәтижелері бар ел ретінде Қазақстанның абыройын асқақтатқандардың бірі еді. Көп жылдар бойы спорттың дамуына зор үлес қосқан және мақтанышына айналған әйгілі палуандарды тәрбиелеген отандық спорттың тірегі, ұлы спортшы болды. Ж.Үшкемпіровтің жекпе-жектерін қайта-қайта қарап, осы бойы аласа адамның күшіне, табандылығына, қуаты мен ұлылығына, жеңіске деген құштарлығына қайран қалам. Жақсылық Әмірәліұлы өте мейірімді және ашық адам болған. Басқа адамдардың қиын тағдырларына бейжай қарай алмай, ылғи да көмектесіп тұратын.
Жақсылық Үшкемпіров — ұлтымыздың мақтанышы, сондықтан нар тұлғалы азаматымыздың ескерткіші ұлы спортшы туралы жарқын естелік ретінде өзінің құрметіне аталған Жекпе-жек сарайының елорда төрінде ашылғанына қуаныштымын.

«Аңсаған сәби» үміт сыйлайды
Бедеулік — бұған душар болған әрбір отбасы үшін өте күрделі тақырып. Қазақстан халқының шамамен 15% үшін бұл мәселе көкейтесті болып табылады, нақты санын айту өте қиын, себебі осы уақытқа дейін бедеуліктің бірыңғай тізілімі жоқ.
Бала көтеру кезінде отбасылардың тап болатын қиындықтары медицина саласынан тыс шығып, әлеуметтік проблемаға айналды. Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, әрбір бесінші қазақстандық бедеулікті некені бұзуға себеп ретінде көреді. Осылай некесі қиылған жүз жұптан 34-і ажырасты және олардың 20-сы балалары болмағандықтан.
Осы өзекті проблеманы мемлекеттік деңгейде шешу үшін қосалқы репродуктивтік технологиялар бойынша, ЭКО орталықтарының жұмысы және т.б. жұмыстар жүргізілуде. 2010 жылдан бастап Қазақстанда ЭКО жасату үшін квота бөлінеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды.
Экстракорпоралдық ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артқан (бұл көрсеткіш 7 есе артық!). Кеше «Хабар» телеарнасының «Бүгін» бағдарламасында осы өзекті мәселелермен қатар репродуктивтік денсаулық, ЭКО мәселелерін де ортаға салдық, қосалқы репродуктивтік технологиялар жайында сөйлестік.

Ғылымның ордасы
24 қыркүйекте Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің директорлары кеңесінің отырысы өткен болатын. Мен бұл кеңеске тәуелсіз директор ретінде кіремін.
Көптеген мәселелердің арасында резидентураға арналған білім беру гранттарын көбейту қажеттілігін талқыладық. Мен бұл мәселені өте маңызды деп санаймын. Өйткені қазіргі таңда елімізде денсаулық саласында білікті мамандар жетпей жатыр, бұл жөнінде осыған дейін жазған едім. Сондай-ақ жоғары оқу орнының Атырау қаласындағы филиалының қызметі жайында сөйлестік, бұл филиалда шәкірттер қыркүйек айынан оқи бастады.
Бүгінде Атырауда көшпелі практика резидентура және интернатура бағдарламалары бойынша жүзеге асырылуда. Резидентура бағдарламаларының бөлінісінде университетте бірінші жылы оқып жатқан 42 резидент, екінші жылы оқып жатқан 52 резидент және үшінші жылы оқып жатқан 22 резидент білім алуда. Интерндер мен резиденттер акушерлік және гинекология, жалпы хирургия, терапия, инфекциялық аурулар, онкология, клиникалық фармакология, жақсүйек-бет хирургиясы бойынша клиникалық дағдыларды меңгеруде. Резидентура үшін тәлімгерлік жоғары сағатты 8 дәрігерге және интернатура үшін 6 клиникалық тәлімгерге жүктелген. Стоматологиялық клиникаларда практикадан 24 интерн-тіс дәрігері өтіп жатыр, оларға да 6 тәлімгер бекітілген.
Өзім оқып бітірген сүйікті Университетіме жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімнің нарығында алған орны нығая берсін деп тілеймін!

Түркістан — түркі әлемінің рухани астанасы
Халықтардың дәстүрлері, мәдениеті мен экономикасы тоғысқан Қазақстанның өңірлік жаһандану процестерінде ең маңызды алаңға айналу үшін барлық мүмкіндіктері бар.
Жуырда Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының Х пленарлық отырысына қатыстым. Қазақстанның депутаттарымен бірге бұл отырыста Әзірбайжанның, Қырғызстанның, Түркияның парламенттік делегациялары болды, Өзбекстан Парламентінің өкілдері қатысты және байқаушылар ретінде Венгрияның, Қара теңіз маңындағы елдердің экономикалық ынтымақтастығының Парламенттік Ассамблеясының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы бауырлас халықтардың бірлігін нығайтатын белді ұйым болып табылады. Өңірде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, осы көреген шешім еуразиялық құрлықтың азиялық бөлігіндегі елдерде бейбітшілік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін тиімді аймақтық ынтымақтастыққа септігін тигізеді.
Жиынның қорытындысы бойынша қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлеріне қатысты барлық мәселелер бойынша түркітілдес елдердің арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтуге бағытталған декларация қабылданды.
Отырыс барысында киберқауіпсіздік, биологиялық қауіпсіздік, Алматы қаласында гуманитарлық-логистикалық хаб құру секілді және өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған көптеген бастамалар талқыланды.
Алайда қатысушы елдерді қауіпсіз болашақтың ортақ пайымы ғана емес біріктірген. Қайта ұғыну мен дамуды қажет ететін ортақ мәдени мұрамыз бар. Қазірдің өзінде ынтымақтастықтың арқасында алуан түрлі салалар дамып келе жатыр. Мысалы, «Yassawi» академиялық үстемдік орталығын құру және дамыту бойынша жоба басталып кетті.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін барлық түркітілдес елдерде «Түркістан 24» телевизиялық арнасын тарату жоспарланады. Бұл арнаны таңдау кездейсоқ емес: бұл арна биыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Ал түркі әлемінің рухани астанасы ретінде Түркістан қаласы өңірлік ынтымақтастық пен даму үшін біріктіруші платформаға айналуға тиіс.
Ол үшін Түркістанның барлық алғышарттары бар. Жергілікті халықтың қонақжайлылығы және саяси ерік ескеріле отырып, ғасырлар бойы түркі мәдениеті қалыптасқан және тарихи мұра мен заманауи технологияларды ұштастырған әсем қала — Түркістан жуырда бүкіл түркі әлемінің бірлік нышанына, оның астанасына айналуы мүмкін.

Өзіндік салты сақталған университет
Түркістан облысына сапарым барысында Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қонақ болдым. Делегациямызға білім ордасының отыз жылдығына арналған салтанатты шараға қатысу бұйырған.
Университеттің жақсы салты бар: жыл сайын Университет өзінің клиникасында жүз баланы сүндетке отырғызу рәсімін тегін жасап, бұны салтанатты түрде атап өтіп, дәстүр бойынша сыйлықтар табыстайды. Осы жолы да Қазақстан мен Түркияның халық қалауларының қатысуымен үлкен мереке ұйымдастырылды. Барлық балаларды өмірдегі осы маңызды қадаммен құттықтадым.
Жалпы алғанда Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті маған қатты әсер етті: мықты зертханалық-клиникалық база, керемет профессорлық-оқытушылық құрам, ынталы да жігерлі студенттер. Сол себепті Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғылымды қолдау және зияткерлік әлеуетті дамыту үшін еліміздің бәсекеге қабілетті жиырма жоғары оқу орнының негізінде Академиялық үстемдік орталықтарын құру жобасына қатысатын оқу орындарының бірі атанғаны кездейсоқ емес.
Жоспар бойынша «Yassawi» академиялық үстемдік орталығында дамыған инфрақұрылым болады және медицина, стоматология, биотехнология, IT, экология, қоршаған ортаны қорғау саласында мамандарды даярлайтын болады. Жобаның іске асырылуы 2024 жылдың соңына белгіленген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button