Рухани жаңғыру

Мөңке әулие толғамдары — түркі әлемінде

Даланың дана философы, алты алашқа есімі кеңінен танымал болған Мөңке әулие Тілеуұлының толғамдары жақында Түркияның Стамбұл қаласынан «Боз қырдағы бір әулие: Мөңке би» деген атпен басылып шықты. Оның түрік тіліне аударылып, баспадан шығуына Қазақстандағы түрік мәдени орталығының жетекшісі Мехмет Арслан тікелей көмегін тигізген. 

Аталған жинақта Мөңке әулиенің шешендік сөздері, тағылымы мол толғамдары берілген. Сонымен қатар оқырманға Нұржан Наушабаевтың «Шекті Мөңке би сөзі», Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің «Ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің өлеңдері» атты еңбектері ұсынылған.

Көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Мөңке би: аңыз және шындық» атты зерттеуі де өзінің парасатты пайымдауларымен кітап құндылығын арттыра түседі.

Жинаққа енген басқа да мақалалар мың жылдығын болжаған терең ойшыл Мөңке би тұлғасын кеңінен ашуға бағыт ұстаған.

Мәселен, филология ғылымдарының докторы, ғалым-журналист Серікқали Бәйменшенің «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?» атты эссесі нақты дәлелдер, зерделі тұжырымдар арқылы көпшіліктің көкірек көзіне сәуле түсіреді.

Ал профессор, едігетанушы Жұма-Назар Асан мақалалары дала данышпанының жан-жақты қырларын толығынан қамтуға ұмтылысымен ерекшеленеді.

Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапхананың «Қаламгер» әдеби қонақжайында өтті. Шараны өткізу тізгінін осы кітапхана қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талғат Тілеулесов ұстады.

Жиналғандар алдында бейнебайланыс арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан ғалым Мехмет Арслан, Алматыдан «Мөңке би» қорының төрағасы Бақытжан Қосанов, Шалқар ауданынан Мөңке бидің ұрпағы  Қуанышбай Әлмұратов сөз сөйледі.

— «Жүйелі сөз — жүйесін табады». Қаншама уақыт өтсе де Мөңке бидің дуалы аузынан шыққан ғибратты да тағылымды толғамдары көнермей, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келеді. 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығына шығармаларының енуі — рухани қазынаның қажеттілігінің бір көрінісі. Енді бабамыздың шешендік сөздері түрік тілінде жан-жаққа таралуы — бұл да бір жетістігіміз, — деп атап көрсетті ғалым Жұма-Назар Асан.

Ардагер-ұстаз Қуаныш Табаналы, «Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы Ахат Мырзалин, кітапхана директоры Құралай Райымбаева және басқалары Мөңке би шешендігінің қырларына тоқталды.

Ақтөбедегі «Білім-инновация» лицейінің оқушылары Камалы Қуат пен Дилекчи Яхья «Мөңке би» кітабынан түрік тілінде үзінділер оқыды.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, қазанғаптанушы, күйші Жайлау Асылханов Мөңке бидің күйлерін орындады.

— Қазақстан Республикасының халық әртісі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі болған, профессор Тұяқберді Шәмелов осыдан он шақты жыл бұрын Ақтөбеге келген сапарында халықты Мөңке күйлерімен таныстырды. Бізге бүгінгі күні Мөңке бабамыздың төрт туындысы белгілі. Ретімен атап өтетін болсақ, олар: «Қиқу дәурен», «Шалқыма», «Жиын-алқа, кеңес» және «Өттің, жалған-ай!». Өмір ағысын, тіршілік туындысын бейнелейтін бұл күйлердің өзіндік ерекшелігі, іштей сабақтастығы байқалып тұрады, — деп түсінік берген Жайлау күйші алдағы уақытта Мөңке күйлерінің өз репертуарынан берік орын алатынын білдірді. Бұған қосымша айтарымыз, «Қиқу дәурен», «Өттің, жалған-ай!» күйлерінің нотасы түрік тілінде шыққан кітапта қоса берілген.

Сонымен Мөңке әулие толғамдары түркі әлеміне жол тартты. Рухани қазынамыз көптің игілігіне жарап жатса, ол халқымыз үшін мақтаныш, ұлтымыз үшін ырыс емес пе?!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button