Білім

Қабілетті оқушылар анықталады

Брифинг

Осы қазан айында Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында «Qabіlet қызметі» жобасы басталды. Аталған жоба 10-11 жастағы оқушының қабілетін ерте анықтауға көмектеседі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте айтылды. Брифинг әдеттегідей іnstagram және фейсбук желілеріндегі aqtobe_press парақшасында тікелей эфирде өтті.

Әуелі Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова:

2019 жылы Елбасы белсенді және талантты жастарды қолдау мақсатында «Ел үміті» жалпыұлттық бастамасын ұсынған болатын. Осы бастаманың ауқымды жобаларының бірі — ауылдық жерлердегі 5 және 6-сынып оқушылары арасынан дарынды баланы анықтайтын «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы. Олимпиада жеңімпазы еліміздің ең үздік білім ошақтарында оқуға мүмкіндік алады. Облыс бойынша жоба басталған екі жыл ішінде олимпиаданың бірінші кезеңіне 13 151 оқушы қатысты, 305-і ІІ кезеңге жолдама алып, 68-і жүлдегер атанды. Жүлдегерлердің 9-ы облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарына емтихансыз қабылданды. Былтырдан бастап «Ел үміті» бастамасы аясында «Елбасы медалі» жобасы өтіп жатыр. Қазіргі таңда аталған жобаға 445 жас қатысып, тапсырмаларын орындап жүр. Олардың 17-сі алтын, 121-і күміс, 307-сі қола медальдан үмітті. Былтыр шыққан №249 қаулы негізінде грантқа өтінім тапсырған түлектермен балдары тең болған жағдайда «Елбасы медалі» ерекшелік белгісі иегерлерінің білім беру гранттарын алуға басым құқығы бар. Осыған орай облыс бойынша «Елбасы медаліне» ие болған 23 оқушы жоғарыда аталған қаулы негізінде өздерінің қалаған жоғары оқу орындарының грантына ие болды. Сонымен қатар осы оқу жылында қазан айынан бастап «Ел үміті» бастамасы аясында «Бірге оқу» және «Qabіlet қызметі» жобалары іске қосылды, — деді. Сондай-ақ ол Ақтөбе облысы бойынша ауылдық жерлерде тұратын 7,8-сыныптарда оқитын 588 оқушы «Бірге оқу» онлайн мектебіне қабылданғанын айтты.

«Qabіlet қызметі» жобасының іске асырылу барысы туралы «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Нұрбол Бекмағанбетов кеңірек айтып берді.

— Жобаны «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Оқушылардың қабілеті мен кәсіби бағдарлануын диагностикалаудың ұлттық жүйесін құруды мақсат еткен  жобаның алғашқы кезеңіне 10-11 жастағы оқушылар қатысады. Келесі кезеңдерде жасөспірімдер қамтылады. Диагностика әдістемесін Елбасы Академиясы серіктестермен бірлесе отырып әзірледі. Қабілеттерді анықтаудың негізгі құралы — тесттер. Тесттерді әзірлеу және бейімдеу үшін психологиялық диагностика саласындағы отандық сарапшылар тартылды.

Диагностика мен қабілеттерді анықтау «Дарын» өңірлік орталығының базасында және Елбасы Академиясының qabilet.elbasyacademy.kz — Qabilet онлайн платформасында жүзеге асырылады. Қызмет кез келген оқушыға қолжетімді болу үшін тегін ұсынылып, сайтқа кез келген құрылғылармен кіруге болады.Тестілеуден өту үшін qabilet.elbasyacademy.kz  сайтына тіркеліп, жеке кабинетте тестілеуден өтеді.

Осы оқу жылында сайтқа тек 10-11 жастағы балалар тіркеліп, тест тапсыра алады. Сондай-ақ жеке сәйкестендіру нөмірі және өзімен бірге қолданыстағы телефон нөмірі болуы қажет, оған сайтта тіркелгенін растайтын sms-хабарлама келеді. Қиындықтар туындаған кезде хабарласуға болатын Call- орталықтың және  чат-кеңесшінің телефоны сайттың төменгі бұрышында көрсетілген. Call-орталықтың нөмірі — 8 800 080 48 48. Күн сайын Нұр-Сұлтан қаласы уақыты бойынша сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Call-орталыққа қоңырау шалу тегін, — дейді Нұрбол Бекмағанбетов. Сондай-ақ директор бүгінде «Дарын» орталығының 10 қызметкері Алматы қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев қоры базасында оқып келгенін, біздің өңірде «Qabilet» аймақтық орталығы әзірленіп, жабдықталғанын жеткізді.

Мамандар аймақтағы барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналарына осы қызықты жобаға назар аударуға кеңес беріп, 10-11 жас аралығындағы оқушыларды тестілеуден өтуге және қабілеттерін анықтауға шақырды. Ол үшін qabilet.elbasyacademy.kz сайтында тіркелуге немесе Ақтөбе қаласы, Гришина 1 мекенжайы бойынша «Qabilet» орталығына барып, сөйлесуге де болады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button