Рухани жаңғыру

Қызбелден шыққан жолаушылар облыс жерінде…

Қазанның 6-сы күні Қостанай облысы Қызбел ауылынан жаяу шыққан екі жігіт он күннен соң Ақтөбе облысының территориясына келіп жетті.

Сапардың басты мақсаты — жаугершілік заманда Атырау облысының Қарабау деген жерінде қаза тауып, сол жақта жерленген  арғы аталары Өтей батырдың басына барып тәу ету. Үш облыстың жерін басып өтетін жолдың қашықтығы — 1200 шақырым. Сәттібек Исмайылов пен Ерлан Хұсайынов бұл жолды 25 күнде жүріп өтуге тәуекел етіпті. Олар «Бабалар ізімен…» деп аталатын «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедициясын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап отыр. Сонымен қатар ішкі туризмді насихаттамақ.

Аптаның басында Әйтеке би ауданының шекарасына кіріп, Жабасақ ауылына түнеген қос жігітті жергілікті тұрғындар күтіп алып, қонақ етіпті. Одан кейін Ақкөл ауылына қонып, ондағы жұрттың қошеметін көріп аттанған жолаушылар келесі күні Қарабұтақ ауылына аялдап, мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Округ әкімі Кеңшілік Байдрахманов қос жолаушыны өз үйіне қонақ қылып, Қандыағаш қаласына қарай шығарып салған. Ауыл әкімі оларға жолды көрсетіп, картасын сызып берген. Жолаушылар Қарабұтақтан Қандыағашқа дейін төте жолды өздері таңдаған. Қазір олар Мұғалжар тауларына жетті. Жолай кездескен қыстақтар мен ауылдар болса қонады. Күніне 50 шақырым жолды еңсеретін жолаушылар алдағы аптада Қандыағаш қаласына жетеміз деп жоспарлап отыр. Жігіттердің айтуынша, Ақтөбе облысына кіргелі хабарласып, күтіп алушылар көп. Көлігімен жеткізіп салуды ұсынғандар да бар. Бірақ Қарабауға дейін жаяу жүреміз деп бекінген жолаушылар мұндай көмектерден бас тартты. Көбіне далаға түнейтін оларға ауа райы да қарасып тұр. Күн салқын болса, көз байланғанша көрінген ауылдарға жетіп алуға тырысады.

Қазанның 19-ы күні Қарабұтақтан шығып 60 шақырым жердегі ескі Қарабұтаққа жеткенін айтып хабарласты. Олар бізге дейін 412 шақырым жол жүріп келген. Одан кейін 150 шақырым жерде Қайыңды ауылы бар. Сол ауылды бетке ұстап кетті. Өтей батырдың ұрпақтары орамалға туған жерінің топырағын түйіп беріпті. Жолаушылар сол аманатты бабаларының басына жеткізбек, — дейді Қарабұтақ ауылдық огругінің әкімі Кеңшілік Байдрахманов.

Арғыннан шыққан Өтей батыр туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде жарияланды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button