Жаңалықтар

Жолдауда қамтылған мәселелер талқыланды

Жолдау

Облыстық ақпараттық топ мүшелері Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттерді халықпен бірге талқылау үшін Хромтау ауданында тұрғындармен кездесулер өткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күші деп атап көрсетіп, бәсекеге қабілетті экспортқа бейімделген агроөнімдер көлемін арттыруды тапсырған болатын. Осыған орай өз сөзінде «Bazis Group KZ» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Естай Сисенбаев ауыл шаруашылығы саласында қажетті мамандардың тапшылығына тоқталып, жастарды жұмысшы мамандықтарға бағыттауды мектеп қабырғасынан бастау керектігін айтты.

Ал облыстық мәслихат депутаты Бақыт Жаншаева Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына байланысты атқарушы биліктің азаматтар мүддесі үшін жұмыс жасауының маңыздылығына баса назар аударса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Гүлжанат Ерғазина «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін аудан тұрғындары арасында кеңінен насихаттау қажеттігін тілге тиек етті.

Халықпен кездесу кезінде облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушісі Гүлнар Сидашева вакцина алудың пайдасы мен маңызы жайында сөз қозғады. Дәрігер Жолдауда айтылған Президенттің: «Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр.  Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн», — деген сөздерін келтіре отырып, адамзаттың осыған дейін көптеген індетті вакцина арқылы жеңгенін айтты.

— Осы уақытқа дейін адамдарға көптеген індеттерден қауіп төніп, ол қауіп екпенің көмегімен бәсеңдегені белгілі. Қазіргі жағдайда да вакцина алу — індеттен құтылудың жалғыз жолы, — деді ол.

Ақпараттық топ Хромтаудағы №5 гимназия, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі мен Сарысай, Дөң, Никельтау, Абай, Ақжар ауылдық округтерінде, т.б. жерлерде болды. Аталмыш кездесулерде олар Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндірумен қатар, тұрғындардың көкейтесті сауалдарына жауап берді.

Айта кету керек, аталмыш кездесулер кезінде аудан тұрғындары кеншілердің жалақысын көтеру, қосалқы шаруашылық малына арналған жайылымдық жерлердің аздығын және  азық-түлік пен жемшөптің қымбаттығын мәселе етіп көтерген болатын. Ақпараттық топ мүшелері кездесуде тұрғындардың қойған сауалдары, сондай-ақ өтініш-пікірлерінің тиісті орындарға жеткізілетінін айтты.

Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Өз тілшіміз. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button