Жаңалықтар

Сынақта жүріп кәсіпкерлікті қолға алғандар

Аудандық пробация қызметі есебінде тұрған үш азамат «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалы арқылы 584 400 теңге қайтарымсыз грант ұтып алды.

Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаға кесілген олар аталған кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша курста оқып, оның аясына белгіленген шәкіртақыны алумен қатар, кәсіп істеудің қыр-сырын үйренген.

Грант иегерлерінің бірі қазір ағаштан түрлі бұйымдар мен ұлттық нақышта безендірілген ыдыс-аяқтарды жасайтын станоктар сатып алып, шеберханасын ашты. Бұл азамат бұрын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтей жүріп, ондағы ағаш цехында 7 жылдай жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған екен.

Бостандықта жүргенде үйінде пластикалық терезе жасап, кәсіп істеген 35 жастағы есептегі келесі жігіт бас еркіндігі шектелген кезде бұл шаруасы да бәсеңдеп қалған. Ол да енді қол жеткізген қаржысына жаңадан құрылғылар алып, бұрын бастаған ісін қайта жандандыруға бекінді.

Ал қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінен бас бостандығынан айыру емес жазасына ауысқан келесі азамат ұтқан қайтарымсыз грантына фастфуд тағамдарын дайындайтын құрылғылар алып, Шалқардың теміржол вокзалы маңынан дүңгіршік ашқан.

— Бақылауда тұрған бұл жазасын өтеушілер кәсіппен айналысқылары келетіндігін бізге айтқан соң, оларға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде білім жетілдіруге бағыт бердік.

Жалпы, істі болған азаматтарға көрсетілетін мұндай қолдаулар олардың қоғамға тез бейімделулеріне септігін тигізбек. Жоғарыда аталған үшеудің тәртіптері қазір жақсы, қоғаммен араласуға ынталы, — дейді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны Ақгүл Айымбетова.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button