Жаңалықтар

Жол құрылысына жергілікті материалдар пайдаланылатын бола ма?

Кез келген құрылыс кезінде шығынды азайту, негізінен, қажетті материалдарды дұрыс қолдану мен таңдауға байланысты болады, ал оны алыстан арбаламай, жергілікті материалдарға ауыстыру — күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі.

Бүгінде елімізде «Бизнестің жол картасы — 2025», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», т.б. мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында құрылыс саласы қарқынды дамып отыр және құрылысқа жергілікті материалдарды пайдалануға басымдық берілген. Осы орайда қажетті құқықтық база жасақталып, бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларға тек қана қазақстандық құрылыс материалдарын қолдану міндеттелген. Бұл жерде отандық материалдардың да сапасы, бәсекеге қабілеттілігі мәселесі туындайды. Сондықтан құрылыс материалдары өндірісіне қазіргі заманғы жаңа технологияларды енгізу қажет.

Соңғы жылдары Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты осындай жаңа технологияларды ұсыну мен қолданысқа енгізу бойынша бірқатар ізденістер жүргізді.

Институт биыл қолға алған жобалардың бірі — жол төсемесі құрылымында пайдаланылатын, нақтылап айтқанда, жолдың негізгі қабаттарында қолданылатын табиғи беріктігі төмен тас материалдардың тұрақтылығын арттыру. Мысалы, Қазақстанның көптеген өңірлерінде, әсіресе Батыста құрылымы кеуек болып келетін, беріктігі төмен табиғи материалдар бар. Бұлар — әктас, ұлутас. Олар негіздік тас материалдары болып табылады және қышқылдық тас материалдармен салыстырғанда беріктігі төмен, кеуектігі жоғары болады. Жол салғанда, топырақ үстіне төсегенде, бұлар ылғалды сіңіріп алып, циклдік тоңу-еру процесі кезінде тез бұзылады.

Міне, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары осының алдын алатын жаңа технология жасап жатыр. Аталмыш институттың президенті, профессор Бағдат Телтаев:

— Біздің қазіргі жаңа технологиямыздың бірі — жол құрылысына қолданылатын кеуек тастың әр түйіршігіне ылғал кіргізбеу, яғни сыртына изоляциялық қабат жасау. Химия саласының ғалымдарымен бірлесіп осы бағытта зерттеулер жасап жатырмыз. Біз изолоциялық қабат жасаудың екі әдісін, екі түрлі құрамын таптық. Сол екі құрам да алғашқы зертханалық зерттеулер кезінде оң нәтиже көрсетті. Алдағы уақытта тас материалдарын химиялық қоспамен, яғни жаңа құраммен өңдеу жұмыстарын қолға аламыз. Сонымен қатар осы  жаңа технологияның өміршеңдігін дәлелдеу мақсатымен тәжрибелік жол телімін салуға ниеттеніп отырмыз, — деді.

Бағдат Телтаев бұл технологияның экономикалық тиімділігіне де тоқталып өтті.

— Бұл технология экономикалық жағынан өте тиімді. Мысалы Батыс Қазақстанда тек Ақтөбе облысындағы Бершігүрден басқа еш жерде беріктігі жоғары тас материалдар жоқ. Сондықтан жол құрылысына неге әктастарды қолданбасқа? Біріншіден, тасымалдау шығыны азаяды. Екіншіден, қымбат тасымал материалдарға деген тәуелділіктен құтыламыз, — дейді ол.

Жол саласында жергілікті материалдарды қолдану үлкен жетістік болары сөзсіз. Сондықтан отандық ғалымдардың бұл жобасына сәттілік тілейміз.

 А.САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button