Жаңалықтар

Ардагерлер конференциясы өтті

Облыстық ардагерлер ұйымының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті.  Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, сөз сөйледі.

— Аға буын өкілдері — біздің алтын қорымыз. Талай сыннан өтіп, қиындықта шыңдалған, өмірлік тәжірибесі мол үлкендеріміз қай істе де жастарға үлгі болып келеді. Сондықтан да сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз, сонымен бірге қоғам мүддесі үшін алда да көмектеріңіз аз болмайды деген сенімдеміз, — деп атап өтті облыс басшысы.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов атқарылған істер бойынша өз есебін берді.

— Жалпы облыс тұрғындарының оннан бірі шамасы ардагерлер қатарына жатады. Олар, негізінен, 307 бастауыш ұйымға біріктірілген. Біздің ендігі міндетіміз — осы бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандырып, ақсақалдарымызды игі істерге тарту, олардың бос уақыттарын, демалыстарын мәнді де мағыналы өткізуге ықпал ету, сондай-ақ қиын жағдайдағы қарттарымызға қамқорлық көрсету, — деді баяндамашы.

Жиында Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, ғалым Амангелді Айталы, Байғанин ауданынан еңбек ардагері Ибрагим Ермекбаев сөз сөйлеп, ұйым жұмысын жақсарту, алдағы уақытта бірігіп атқарар жұмыстар жөнінде ой бөлісті.

Алқалы бас қосуда облыстық ұйымның жаңа құрамы, сондай-ақ ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Серік Шаңғұтов сайланды.

Конференцияға қатысушылар ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің VІІІ съезіне делегаттар сайлады.

Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button