Пікір

Болашаққа салынған басты инвестиция

Айнаш ҚОҢЫРБАЕВА,

№53 орта мектептің география пәнінің мұғалімі,

педагогика ғылымдарының магистрі.

Білім күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын ұстаздар қауымы да ықыласпен тыңдады. Маған, әсіресе педагогтерді қолдау саясаты мен дарынды оқушыларды демеуге баса мән бергені ұнады.

Білім беру саласында еңбек еткеніме 9 жылдан асты. Педагогика ғылымдарының магистрімін. Осы аралықта талай талантты, «сен тұр, мен атайын» деген оқушылардың көптігіне куә болып келе жатырмын. Өзімнің де болашағынан зор үміт күттіретін, қазірдің өзінде айтулы білім бәсекелерінде биік белестерді бағындырған шәкірттерім бар. Бұл ретте ел Президентінің: «Биыл бірнеше қазақстандық мектеп оқушылары бірден халықаралық турнир олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Мұндай дарынды балаларға қолдау қажет. Біз оларға жоғары оқу орындарына конкурстан тыс негізде оқуға түсу үшін гранттар береміз, біржолғы төлем тағайындаймыз. Балаларды тәрбиелеген мұғалімдерді моральдық және материалдық жағынан ынталандыру керек», — деген ақжолтай хабары ерекше көңілімнен шықты. Өйткені бұл қанша талантты ұл-қызға, қазіргі тілмен айтқанда, мотивация болары сөзсіз. Алғыр, жан-жақты, ең бастысы, білімді шәкіртті тәрбиелеген мұғалімдерді де осы жаңалық алға ұмтылдырады. Шын мәнінде, қазіргі кезде қай жағынан да мықты балалар көп. Соларға Үкіметтік деңгейде қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы үш жылдың ішінде педагогика қызметкерлерінің жалақысын өсіруге қосымша 1,2 триллион теңгенің бағытталатынын атап өтті. Бұл да біз үшін жағымды жаңалық. Мұғалімдерді қолдау жұмыстарының жандана түскені қоғамның алға қарай дамуын көрсетеді. Және бұны болашаққа салынған басты инвестиция деп қабылдаймыз. Неге десеңіз, қай мамандық өкілі болсын, бізден, мұғалімнен дәріс алады.

Сөзімді түйіндей келе, біздің, педагогтер қауымының ел Президентінің жаңа Жолдауынан күтер жақсылығымыз көп. Лайым, жоба-жоспарлар тез арада баянды іске ассын.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button