Пікір

Денсаулықты дер кезінде ойлап…

Жанар ТЕРЕКОВА,

Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің директоры.

— Әлемді жайлаған індет білім саласына да оңай тиген жоқ. Індетке байланысты карантин талаптарына бейімделе отырып, қашықтан жұмыс істедік. Білім сапасын сақтау мақсатында онлайн оқыту үшін барынша жағдай жасалды.

Енді биыл оқушылардың мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта білім алуына мүмкіндік туып отыр. Коронавирус инфекциясының алдын алудың бірден-бір жолы  екпе алу екені белгілі.

Қазір мектепте 81 педагог, 25 кіші техникалық қызметкер бар.

Ұстаздар қауымы биыл наурыз айынан бастап екпе ала бастады. Өзіміздің және білім алушылардың денсаулығын ойлай отырып, мектеп ұжымы қазір 100 пайыз екпе алдық. Бұл — біз үшін өте маңызды қадам. Өйткені күн сайын оқушылармен, мұғалімдермен, ата-аналармен қарым-қатынаста боламыз. Әсіресе мемлекет осындай жағдай жасап отырғанда, денсаулығымызды сақтауға ұмтылуымыз керек. Қорқудың еш қажеті жоқ.

Жаңа оқу жылынан бастап облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантиндік шектеу шаралары сақталатын болады. Мектептегі әр кабинетке дезинфекциялық құралдар орнатылды. Сондай-ақ «Аshyq» қосымшасы жұмыс істейді. Былтырдан бастап жаңартылған білім беру бағдарламасына көштік. Биыл барлық оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар биыл бір қуантарлығы, 1-сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығы келіп жатыр. Бұл кітаптар Білім күні салтанатты түрде табысталатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button