Жаңалықтар

Аймақта эпидахуал күрделі

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте 336 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Оның 84,5 пайызында ауру белгілері байқалса, 15,4 пайызы — симптомсыз. Бүгінде инфекциялық ауруханаларда 1218 науқас ем алуда.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, жалпы тіркелген 22189 науқастың 1 пайызы сырттан келген, 13,9 пайызы ауру адаммен қарым-қатынаста болса, 85 пайызы — жергілікті жағдайлар.

— Облыста әлі де эпидемиологиялық жағдай күрделі. 15 тамыз күні індет жұқтырғандардың 268-і Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — облыс аудандарында. 81,1 пайызы ересектер, 12,7 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар және 2,08 пайызы жасөспірімдер арасында тіркеліп отыр. Вирусқа шалдыққандардың көпшілігі 40-49 және 60-65 жас аралығындағы адамдар екені анықталды. Қазіргі таңда үй карантиніне 9081 адам алынды, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша, мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес анықталған құқықбұзушылықтар үшін 67  миллион теңгеден астам көлемде айыппұл салынған. Оның ішінде қоғамдық тамақтану объектілеріне 22 669 490 теңге айыппұл салынып отыр.  Сондай-ақ үйлестіру орталықтарынан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, қорытындысында 51 объектіге әкімшілік шара қолданылған.

— Карантин режимін бұзғандар қатарында мейрамханалар, дүкендер мен көңіл көтеру орталықтары бар. Соңғы аптада карантин тәртібін бұзған 53 материал келіп түсті. Салтанатты іс-шаралар өткізгендері үшін «Солнечный» демалыс базасына, «Думаш», «Amira Grand Hall», «Андр» мейрамханаларына, бетперде режимін сақтамағандары үшін бірқатар дүкендер мен тамақтану орталықтарына, қоғамдық көліктерге айыппұл салынды. Облыста 3393 кәсіпкер «Ашық» жобасына қатысуда.  

Осы орайда облыс тұрғындарын тағы да вакцина алуға шақырамыз. Вирустың «дельта» штаммы адамға 15 секунд ішінде жұғып, өте тез таралатыны анықталып отыр. Сондықтан қарапайым санитарлық талаптарды сақтап, көпшілік жерлерге бармаған дұрыс, — дейді Мұхтар Сербаев.

Пандемия басталғалы 16 011 науқас қауіпті індеттен жазылып шыққан.

— Бүгінде облыстағы инфекциялық ауруханаларда 1218 науқас ем алып жатыр. Оның 903-і — Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында. Әсіресе Қобда, Хромтау, Алға, Байғанин және Мұғалжар аудандарында вирус жұқтырғандар көп тіркеліп отыр. Қазір облыстағы жансақтау бөлімшелерінде 105 науқас емделуде. Жалпы, 429 баладан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазір 17 бала және 95 жүкті әйел стационарларда ем алуда.

Бүгінде инфекциялық кереует жүктемесі 65,8 пайызды құрап отыр. Оттегі баллондары мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. 32 адамның коронавирус инфекциясын екінші рет жұқтырғаны белгілі болды,  —  деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімнің бас маманы Әсия Тржанова.

Вакциналауға қатысты жұмыстар да жүйелі жалғасуда. Биыл ақпан айынан бастап облысқа 506 990 доза вакцина келді. Бүгінде бірінші компонентін 258 800, екінші компонентін 194 949 адам алды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button