Жаңалықтар

Саулық — сақтықта

Әлемді шарлаған коронавирус індеті бәрімізді әбігерге салды. Аты жаман кеселдің алдында барлығымыз теңбіз. Сондықтан бұл індетке қоғам болып төтеп беруіміз қажет.

Індеттен қорғанудың басты жолы вакциналау екендігін түсіндіре отыра, аудан тұрғындарын қауіпті кеселден қорғау мақсатында жоспарлы егу жұмыстары жүргізілді. Шалғайдағы ауылдарға да медициналық бригадалар қатынап, тұрғындарға екпе егіп жатыр. Яғни, індеттің таралуына жол бермеу үшін біз қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз.

Десек те, тұрғындар өміріне төнген қауіпті әлі толық сезінбеуде. Осындай салғырттықтың  салдарынан ауру жұқтырғандар саны азаймай отыр.

Пандемия басталғалы ауданда коронавирус инфекциясына шалдыққан 206 жағдай тіркелсе, оның 96-сы  клиникалық белгілері жоқ, симптомсыз формадағы науқастар.

Аудан бойынша 2020 жылы пневмония  дертімен 318 адам сырқаттанса, биыл (10 тамызға дейінгі дерек бойынша) пневмония сырқатымен 195 адам тіркеліп, 178-і емделіп шықты, инфекциялық стационарда 18 адам ем алуда.

Әлімбет шекара бекеті арқылы келген азаматтарды қабылдау үшін Әлімбет ауылынан 15 орындық карантиндік стационар жұмыс жасап, резервке 25 орын дайындалды. Ал аудандық аурухана жанындағы инфекциялық стационардан 35 орын, оның ішінде 3 реанимациялық орын жұмыс жасап, 20 кереует резервке қойылды. Аудан бойынша стационарлық деңгейдегі дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарының 2 айлық қоры бар,  тапшылық жоқ.

Қарғалы ауданында 8875 адамға вакцина егу жоспарланды. Наурыз айынан бастап барлығы вакцинаның 1-компонентінің 8180 және 2-компонентінің 7580 дозасы  жеткізілді. Оның ішінде «Спутник V» — 12700, «Hayat-Vax» — 2000, «QazVac» — 360, «CoronaVac»  —  700.

Наурыз айынан бастап барлығы 7857 адам екпенің 1-компонентін,  6136 адам 2-компонентін алды.

Өміріміздегі басты құндылық — денсаулық! Ал екпе алу — сол құндылықты қорғау. Өзімізге, жақынымызға жанашыр болайық.

«Саулық — сақтықта» деген сөзді естен шығармай, бұл жаман індетпен күресте сабырлылық танытып, саналы шешім  қабылдайық! Жер-жаһанды жаулаған бұл індетті қоғам болып күрескенде ғана ауыздықтай алатындығымызды түсінейік!

Берік ЖАРЖАНОВ,

Қарғалы аудандық ауруханасының бас дәрігері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button