Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету үздіксіз жүргізіледі

Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жыл басынан бері үш мыңнан астам адамға 6296 қызмет көрсеткен.

Бүгінде кейбір компаниялардың штатта білікті есепшілері, заңгерлері мен маркетологтары, басқа да мамандары жоқ. Оларды штатта ұстаудан гөрі қажет кезінде ғана сырттан жалдау тиімді. Палатаның кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы осындай аутсорсинг (мамандарды сырттан тарту) қызметін ұйымдастырады.

«Кәсіпкерлікке сервистік қолдау көрсету кәсіпорынды басқару жүйесін жетілдіруге, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне, ісін жаңа бастаған азаматтарға көрсетілетін қызметтер үшін ақы алмайды. Және бұл қызметтер үздіксіз көрсетіледі. Біздің кеңесші менеджерлерге бухгалтерлік есеп, құқықтық, маркетингтік, мемлекеттік сатып алуларға қатысты қызметтер бойынша хабарласуға болады. Бұл қызметтер кеңседе де, g4b.kz сайты арқылы қашықтан да жүргізіледі», — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Сұлупан Шынтасова.

С.Шынтасованың айтуынша,  шағын және орта бизнес өкілдері көбіне бухгалтерлік қызметке жүгінеді екен. Маркетинг, құқықтық мәселелер мен мемлекеттік сатып алу қызметтері де сұраныста.

— Бухгалтерлік қызметке жүгінуді жоспарлап отырған кәсіпкерлер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнеске арналған үкімет» интернет-порталын пайдалана отырып, қызмет көрсету орталығына хабарласуы немесе бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша түсініктеме алуға өтініш қалдыруы керек. Онлайн өтінім беру кезінде электрондық цифрлық қолтаңба, сканерленген құжаттар қажет болады. Бухгалтерлік қызмет алу үшін онлайн өтінім 24 сағат ішінде қаралады, — дейді кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау бөлімінің сарапшысы Гүлшат Қаңтарбаева.

Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде де кәсіпкерлерге ақпараттық қызмет көрсетіліп келеді.

— «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға қатысты, яғни «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алу, «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие рәсімдеу, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша несие алу шарттарына қатысты сұрақтар жиі қойылады.  Менеджерлер келушіге барлық ақпаратты ұсынады, қаржы институттары мен екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру шарттарын, құжаттарды жинау талаптарын түсіндіреді. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлікті тіркеуге де көмек көрсетеді, — дейді палата өкілдері.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button