Жаңалықтар

Жауапкершілік жүгі

Теміржол

Қандай да істің ілгерілеуі басшылық тараптың жаңашыл талабымен қызметкердің өз міндетін терең сезінуі арқылы келері айқын. Осындай үйлесімдіктер болса, жаңашыл істер үшін ілгері қадам басуға толық мүмкіндіктер туа берері сөзсіз.

Осы тұста Ақтөбе қаласындағы әскерилендірілген теміржол күзетіндегі жүйелі жұмыстарды айтуға болады. Болат жолдағы қауіпсіздік пен қырағылықты ажырамас қағидасына айналдырған аталмыш филиалдың директоры Сарбай Сәрсеновтің басқаруымен бірқатар жұмыстар жоспарлы түрде атқарылуда. Ұжымдағы осындай ұтымды ұйымдастырушылық пен әріптесіміздің жауапкершілік жүгін үнемі бақылауда ұстауының арқасында күзетілетін жылжымалы құрамамыздан жүктің қолды болу жағдайлары тіркелмеді.

Теміржол — ел экономикасының күретамыры. Осы жолмен жүйткитін құрамалардың бір жерден екінші жерге аман жетуі — осы саланың басты міндетіне айналды. Небір құнды жүктердің Ақтөбе аймағындағы теміржолдар арқылы өтетіні көпке белгілі.

Ақтөбе қаласындағы әскерилендірілген теміржол күзетіне қарасты жедел әрекет ету оңтайлы топтары Ақтөбе, Орал, Қандыағаш аймақтарында жасақталған. Жедел әрекет ету оңтайлы топ күзетшілері желілік полиция бөлімдерімен де бірігіп, шойынжол бойында тасымалданатын жүктердің ұрлығын болдыртпау тұрғысында тиімді шаралар жүргізеді.

Ел игілігімен үндескен теміржол бойының қауіпсіз болуына үлес қосуға баршамыз да мүдделіміз. Әр адам оңай олжалардың артында бір терең ордың боларын ұғынса дейміз. Ал қауіпсіздік ережелерін сақтау күнделікті дағдымызға айналуы керек. Шойынжол бойында тек рұқсат етілген тұстан ғана өтіп, дыбыстық ескертулерге құлақ түрген ләзім. Бейтарап жатқан бөгде заттарды қозғамай, оның қауіптілігін сезінсек, арнайы қызмет орындарына хабарласқан жөн. Өмір — бәріміз үшін де қымбат. Ал оны сақтау осындай қарапайым ережелерден басталады.

Сәндібек ҚАУМЕНОВ,

Әскерилендірілген теміржол күзеті бөліміне қарасты

жедел әрекет ету оңтайлы тобының басшысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button