Әдебиет

Гипертония

Төрежан
МӘНДІБАЙ

Сәскеде әйеліммен бірге дүкен аралауға шыққан бетім еді. Бір әйел бір еркекті арқалап, мықшыңдап, көтере алмай қарғап-сілеп келеді.

— Құдайдан тапқыр! Бұрын үйге жақындап құлайтын еді де әкеле қоятын ек, енді алысқа құлауды шығарды ғой, бұ марту басқыр.

Арқасындағы адам аздап ыңырсып қояды да, әйелді тепкілей бастайды.

— Су әкел деймін, әй, қатын, су әкел!

— Таңдайың кепсін! Қаталап қал! Түнімен ішіңе күріш егіп шықтың ба, арам өлгір! — деп әйел де ашудан басыла алмай мықшыңдап алға жылжи түседі.

— Сен үнемі мақтай беретін жұрттың еркектерінің кескіні анау ғой, — деп әйеліме мысқылдай қарадым.

—  Е, жұрттың еркектері ішсе пайдасына ішеді. Сендей адал ақшасына ішетін ақымақ деп пе ең жұртты? Соған да ақылың жетпейді-ау, албасты, — деп әйелім маған қарны аша қарап, аларып қойды…

Кешкілік сабағымның біткен бойы еді, директор ертеңнен қалмай аудандық оқу бөлімінің бастығына жетуім керек екенін хабарлады. Үйге жеткенше басыма әртүрлі ойлар шауып, осы шақыртудың әр жағында бір жақсылық жатқанын сезіп, ішім жылып келемін. Не болғанда да қызметтен жоғарылатқалы жатыр, қаладағы ең үлкен мектептің директорлығы бос тұр ғой. Сөз жоқ, соған шақыртқан. Олай дейтінім, өткен жылғы август конференциясында кілең жақсы мұғалімдерді тізіп санап жатқанда менің атымның да аталғаны бар емес пе? Сонда сонау төрде отырған төредей басшылардың қай-қайсысы да менің атымды ойларына тоқып алуға тырысып-ақ баққан шығар-ау. Қара қылды қақ жарған біздің әділ бастық менің институтты бес жыл бойы іштей оқып, көз майымды тауысып, кітап кеміргенімді де еске алғаны ғой. Енді, міне, өсіргелі жатыр.

Үйге екі езуім екі құлағыма жетіп кірсем керек, әйелім үрке қарады.

— Жайшылық па?

— Жайшылық емес, бізге Құдай бергелі тұр!

Әйелім жылыұшырап шайын жасады. Сүттің қаймағы мен шайдың қызылын баса құя отырып, әлгі әңгіменің жалғасын сұрады.

— Оқу бөлімінің бастығы шақыртыпты. Өзімнің ойлауым мен топшылауым бойынша қаладағы үлкен мектептің директорлығын ұсынады-ау деймін. Айлығы да жақсы. Қарауымдағы адамның көптігіне не берерсің.

— Жақсы болды-ау! — деді әйелім, — енді қалада тұратын боламыз. Ақансері болса жігіт болып қалды, қалада тұрғанға не жетсін. Көше көреді, өмір көреді. Тіпті кішкентай Жасұланның өзі жақсы-жаманды айыра алады, қарашы өзін:

— Жасұланчик! Көкем-ай, келіншек аласың ба?

— Алам. Елтең алам! Қазіл алам! Төлтеу алам!

— Қой, көкем-ау! Қазір алсаң ал, тек төртеу алма! Кәмпитті ғой төртеуден алатын. Келіншек дегенді біреуден алмай ма? — деп жадырап еркелей қарады маған. Әйелімнің мұндай жайдары, жаймашуақ кезін өмірімде көргенім еді.

Шай үстінде байи түсу мәселесін әңгіме етістік.

— Өзіміз қалада тұрамыз да Қоныс сияқты қойшыға бір қой қоссақ келесі жылы екі қозы туады, одан келесі жылы… дей бергенімде кішкентай Жасұланым:

— Папа, папа! Мен қозыға мінемін! — дегені.

— Жас қозының белін сындырайын деп пе ең? — деп ашуланып кетіп   баланы жақтан тартып жібергенім. Бала ойбай салды. Әйелім, бұған да бәйек болып жатыр.

— Көкем-ай, қоя қой! Қоя қой, көкем! Ұрса өз әкең ғой! Өз әкең ғой, көкем!

Шіркін, әйел деген тілекші ғой. Сенің жаман болғаныңды жақсы көреді дейсің бе? Ұрсып айтса да осынымның бір пайдасы тиіп санасына сана қосар ма екен деп айтады да. Қарашы манағысы анау, қазіргісі мынау. Әйелімді тіпті жақсы көріп кеттім.

Түнімен ұйықтамай төсекте жатып-ақ, жаңа қызметімді атқара бастадым. Қайткен күнде де мектепті жеке басқарамын. Әуелі завучты алқымға алып, көптің көзінше қабырғасын сөгіп аламын, сонсын қалғандары жым болады…

Зарлықты завхоз етемін. Ағасы таққа отырғанда інісі атқа отырмай ма. Тіпті аталыққа келгенде де жақын. Екеуміздің тоғызыншы атамыз бір әке, бір шешеден туған емес пе? Сәдудің балдызын пионер вожатый, Амантайдың әйелін аспазшы, Бақыттың әйелін буфетке…

Осылай ағайын-туыстар мен құда-жекжаттарымды жұмысқа «орналастырып» болып көзімді ашсам, таң атып тұр екен. Тезірек шай ішіп автобусқа отырдым.

Ұзын залдың екі қапталына жағалай отырған инспектор, методистерге пысқырып та қарамай, бастықтың қабылдау белмесіне өттім. Келсем, бастық келмеген екен де ауызғы үйде екі адам әңгімелесіп отыр екен.

— Бәке! — дейді ілмиген бойында бір шайнам еті жоқ арығы, — өтірік айтпасаң өлесің бе? Ой, сенің сөзіңе нану үшін кемінде үш куә керек, — деп зәбірлеп отыр екен. Зәбір көрген кісіге көмектесу керек деген ой басыма сап ете түсті. Бірақ осылар мені әдейі сынағалы айтып отырған жоқ па? Жұмыртқадан жүн қырқып, қу бастан қуырым ет алатын, ізін білдірмейтін «аяғы жоқ» қулар болып жүрмесін. Әйтсе де:

— Неге олай дейсіз? — дедім мен «шибұтқа» — Мүмкін рас шығар.

— Өзі көрмесе нанбайды енді бұл! — деп Бәкен маған зәбірлене қарады. — Өне бойы куәні қайдан табарсың. — Шырағым, саған да бір әңгіме айтайын, төрелігіңді өзің айт.

— Жарайды, мақұл, — дедім мен.

— Жас кезім, онда осы күнгі кемпірім қыз. Көңілдің де желігі басылмаған албыртпын. Аң десе астымдағы атымды түсіп беремін. Бір күні атым ақсап, болбырап келе жатсам, алдымнан бір қоян қаша жөнелді. Құмай қуып берсін, қарап тұрдым да қалдым. Бір төбеден асты, екі төбеден асты. Үшінші төбенің астына түсіп кетіп еді, арғы жағынан тағы жеті қоян қосылып сегіз болып тазымды қайта қуып келе жатыр. Сондағы тазыма күйінгенім-ай!…

— Түбің түссін!  Қоянның тазы қуғанын өмірімде естімедім — деп әлгі қу жақ тағы шүбә келтіре бастады.

— Естімеген елде көп деген, ақсақал! Ондай-ондай бола береді екен — деп мен сөзге араластым, өзімді жаңа ортаға бейімдей түсіп. — Осы жақында ғана жалғыз қашарымды жоғалтып, Талдықұм бойын аралап келе жатсам, бір ән естіледі. Тыңдап қарасам, кәдімгі езіміздің Шәмшінің «Бақыт құшағындасы». Айдалада адамның табылғанына қуанбайсың ба? Желдіріп төбенің басына шыға келсем, екі қасқыр күшіктерімен қосылып хорға соғып қор қылып тұр Шәмшінің асыл әнін!

— Мен айтсам нанбас едің-ау! — деп Бәкен жолдасына жармаса түсті. — Көзімен көрген кісінің сөзіне қалай сенбес екенсің. Мен талай айтқан жоқпын ба қазақша сөйлейтін қасқыр бар деп…

Бастық кіріп келгенде біз әңгімеден тыйылып қалдық. Ол салқын ғана амандасып, төрге өтті. Ізінше кіріп, өзінің, жеңгейдің, үй-іші, бала-шағасының денсаулығын түгел сұрап шықтым.

— Аман ғой! — дей салды бастық әлі де шешілмей, темекісін аспанға будақтатып. — Осы сені жұмыстан шығаратын шығармыз, өзің тәртіпке бағынбайсың ғой.

«Қарай ғой, қуын. Мені бір қорқытып алғысы келеді-ау шамасы. Қазір-ақ директор болатынымды айтарсың».

— Иә, солай! Тәртіпке бағынбағандарды біз сөйтеміз. Мұғалімдердің бәрі дәрігерлік байқаудан августе өтіп болды. Ал сен сентябрьде заңсыз сабақ бересің. Мүмкін жұқпалы ауруың бар шығар, қайдан білеміз. Осы тәртібің үшін қандай шара қолдануға да тұрады. Бірақ мен тек ескертумен ғана тынайын. Кәні, жолдас, бүгіннен қалмай денсаулығың туралы дәрігерлерден заключение әкел, — деп мені кабинеттен шығарып жіберді. Басым айналып, көзім қарауытып кетті. Жаңа ғана бастық ем, қалай тез орнымнан түсіп қалғаным? Көшеде келе жатып тағы басым айналып кетті… Бір кезде кілең ақ киінген пейіш дүниесінің ішінде жатырмын.

— Гипертония, екі жүз он, екі жүз жиырма! — деп дәл бір төрт елі шыққан соғымның ту биесіндей менің де қанша шыққанымды тамашаласып жатыр екен. Есімді жидым.

«Екі жүз жиырмасы» несі? Осылар мені саудалап жатқаннан сау ма? — деймін. Құдайдың қашары үш жүз сом шығарып жатқанда, бұлар арзан дүниені тапқан екен! Сонша аз шыққаныма ренжіп:

— Қарындас, бұл қалай болғаны, сонда? — деп ем, сөйлетпеді.

— Ағай, сізге сөйлеуге болмайды! Екі жүз жиырма шықтыңыз!

— Екі жүз жиырма шықпағанда маған өл дегенің бе? Басым тағы айналып кетті…

Жеті күн жатып, емханадан біраз жүдеп шықтым. Үйге келген соң да әйелім бәйек боп құрақ ұшып жүр.

— Ауырып қалды ма деп қорқып ем. Құдай-ай, әйтеуір саған денсаулық бер деп жапа шектім. Сау болсаң болар. Бастығың жай шақыртып па?

Әйелімнің мына ықыласы үшін-ақ «орнымнан» түскім келмей:

— Қайдан жай болсын! «Гипертония» деген бастық болдым. Ой, дәрігерлердің жанын көзіне көрсеттім ғой, — деп ем, әйелім таңырқап қалды.

— Ойбай-ау, сен мұғалім емессің бе? Дәрігерлерге қалайша бастық болдың?

— Еһе, со да сөз бе екен? Райком қояйын десе, сенің мұғалім екеніңді неғылсын!

— Жұмыс деген не, тәйірі! Өзің аман жүрсең бізге со да болады, — деп әйелімнің жүзі бал-бұл жанды.

Мен бұрынғымша сабағымды беріп жүре бердім. Бір күні жатып қалған ем, әйелім жай ғана:

— Төреш! Андағы жұмысыңа қашан барасың? — деп еркелей үн қатты.

— Қайдағы жұмыс? Гипертония ма?

— Иә.

— Е, ол талма ауру ғой. Мен сондай бәлеге тап болған жоқпын ба? Дәрігерлер мені өліп кете ме деп қорықты ғой.

—  Ары жатшы-ей, албасты! — деді әйелім, — адамды пысынатпай.

 1972 жыл. Талдықұм.

«СЫПЫРТҚЫ» КОМАНДАСЫ

Таңғы ұйқыда, тәтті ұйқыда балқып ұйықтап жатыр екем. Әлдекімдер есікті тарсылдатып алып бара жатты.

— Кімсіңдер, ей! — деймін ұйқылы-ояу.

— Біз ғой, қыдырып жүрген…

— Үйлеріңнен су шықты ма, таң атпай не жау қуып барады. Күн шыға қыдырсаңдар бірдеңеден қаласыңдар ма?

— Кешігіп қалсақ, сен бір жаққа шығып кете ме деп қауіптеніп…

— Бүйткенше түнде біздің үйге кеп қонбадыңдар ма? — деп қабақ шытып есік аштым. Бұл сенің қас-қабағыңа қарай қоймайтын өзіміздің ауылдың «Сыпыртқы» құрама командасы. Күз түсе ауылдың ең шеткі үйінен бастап үй тастамай сыпыра қыдыратын болғандықтан да оны осылай атап кеткен.

Спорт командалары сияқты мұның да өз капитаны, шабуылшылары, қорғаушылары, тіпті жартылай қорғаушылары және команда мүшелері бар. Команда капитаны команда мүшелерінің бірігіп қыдыруын, ауызбіршілігін қамтамасыз етеді. Команданың арын арлап, сойылын соғады. Шабуылшылар барған үйде «алып қояйық», «ішіп қояйық», «жалған дүние кімнен қалмаған», «жұтқан бұйырған», «ішейік те құсайық» деп командаға жел беріп отырады. Қорғаушылар команда мүшелерінің кейбір оғаш қылықтарын үй иесіне иін түсіріп, жұмсартып айтып, жуып-шайып отырушылар. Жартылай қорғаушылардың өз сөзі, пікірі жоқ, күштілердің жетегінде жүрген саумал сателлиттер. Олардың сөздері ылғи «Қален мен Жәлен дұрыс айтады», «біз сіздерге қосыламыз» болып келеді. Тап басып, тауып айту бұлардың міндетіне жатпайды. Ал команда мүшелерінің қасиетті борышы аянбай арақ ішіп, карта ойнау.

Команда келе карталарын жайды. Проферансистер бір бөлек, күлісистер, гәрбистер әрқайсысы өз алдына отау тікті.

Қонақ келген соң сыйлау — міндетің. Үйтпеуге болмайды да. Бүгінгі адамдардың нервісі тозған. Берсең мақтап кетеді, бермесең боқтап кетеді. «Жағдайы келмеген шығар» деген сөз ешкімнің аузына түспейді. Әсіресе бермеген үйдің тартар жазасы мол. Арғы атасы шық бермес Шығайбай еді, нағашы жұрты қарны тойып қара көже ішпеген Қарабайдың руынан, ал қайынжұрты малы аузына бітпей, көзіне біткен Қарынбайдың шөбересінен туған деп жалалайды. Сонсын сыйламауға амалың да жоқ. Әйтеуір, біздің үйдің бүгінгі сыншылары — осылар.

Менің дәл бір айлық жалақыма әйеліміз екеуміз екі жәшік экстра арағын көтеріп келдік. Қазан асылып, алдымызға шай келгенде команда мүшелері карталарын жиды. Мен «Сыпыртқының» біздің үйде «кездесу» өткізгеніне аса қуанышты екенімді білдіріп сөз сөйледім. Жауап сөз алған команда капитаны Қауғабай:

— Шырағым, Төреш, үйімізде ас-су болмағандықтан қыдырып жүрген ештеңеміз жоқ. Шүкір, қазір баршылық заман ғой. Тек көңіл көтеріп, карта ойнау үшін келеміз. Қазір совхоздың қауырт жұмысы бітті. Енді көктемге дейін карта жарықтықтың науқаны басталады. Қыстай осы ауылды көп болса екі-үш қайтара қыдырып шығармыз. Одан артық қыдыру қайда? Әрі өз үйіңнен өзгенің үйін сүйкімдірек етіп қойған Құдайға не шара? — деп семіз денесі іркілдеп күліп алды.

— Карта науқаны жаңа басталғасын ба, әлі қызығымыз басылар емес. Он күннен бері осы. Таң ата бір үйді «жаулап» ала қоямыз да, келесі күні сол уақытта басқа үйге аунап түсеміз. Тіпті үйіміздің амандығын да барған үйімізден естиміз. Әзірге аман көрінеді, әйтеуір. Енді оншақты күннен кейін кешке дейін ойнап, кешке әркім өз үйіне қонатын кез де туар-ау. Ал жақсы, мен көп сөйлеп барады екенмін. Мына тосты дастарқанның берекелі, отбасы мерекелі болуы үшін алып қояйық.

Команда мүшелері капитанның сөзін бірауыздан қолдады. Бұдан кейін сөз алғандар да «татулыққа» «ауызбіршілікке», «достыққа», «махаббатқа», ой бір неше түрлі тәтті тілекке көтерді-ай келіп.

Шай мен арақтың қуатты «шешімдерімен» жігерленіп алған команда мүшелері дастархан жиылысымен карта ойынын аса бір мықты қарқынмен қыздыра түсті.

— Карта ойыны деген, — деп түсіндірді маған Қауғабай — аса бір қызғанышты ойын. Қолыңа күліс келгенде қолыңды әкеңе де, әкең деймін-ау, тіпті әйеліңе де көрсеткің келмейді. Әбден бәрі біткенде барып, қолыңды жарқ еткізіп ашып тастайсың. Қандай әсемдік десеңші! Қолың шығып отырғанда бәрі үйлесімді, бәрі жарасымды. Бауырмалсың. Аузыңнан әдемі сөздер түспейді. Мұндайда әңгімең — қазына, әзілің — базына, күлкің жарастық болып, дүние нұр шашып тұрады. Ал қолың кеткенде көңілің ере кетеді. Сіркең су көтермейді. Тасбауырсың. Сөйлесең аузыңа қайдағы бір «шіріген» сөз түседі. Мұндайда әңгіме — әурешілік, күлкі — шаншу, әзіл — апат болады…

Осы кезде күлісистердің даусы қатты шыға бастады. Айтысты Бәкен мен Кәкен қыздырды.

—Үстіңе он сом, — деп еді Бәкен,

— «Үстіңе» он, «астыңа» он барлығы жиырма сом шықтым, — деп қырсықты Кәнен.

— Үстіңе отыз сом шықтым, — деп еді Бәкен,

— «Үстіңе» отыз, «астыңа» отыз барлығы алпыс сом шықтым, — деп қисайды Кәкен.

Бәкен картаны тастай беріп, Кәкенді жерге алып соққанда, Кәкен Бәкеннің бармағын шайнап тастады. Анау ішке тепкенде, мынау бөтелке лақтырды. Бөтелке Бәкеннің тұмсығын жанап өтіп, үйдегі буфеттің әйнегін быт-шыт қылды. Үш балам ботадай боздап далаға қашып бара жатқанда, үшеуінің дауысы қосылып, «трио» болып, оған әйелімнің гөй-гөйі қосылғанда, ауылдың көркемөнерпаздар коллективінің әрқайсысының даусы әр жерде жүретін квартетінен айнымай қалды.

Мен койканың астына сүңгіп кеттім. Өз үйімнің қай жеріне жатсам да өз еркім емес пе? Құлағыма әлдекімдердің боқтық сөздері келіп жатты. Баянды бейбітшілік орнаған кезде барып койканың астынан шықтым. Шықпай, өз үйімде өзім кімнен қорқайын. Үй иесі болған соң татулыққа тост көтерттім. Шабуылшылар «агрессорлардың» желкесінен ұстап тұрып, ауыздарына күштеп арақ құйды. Аналар амалсыз жұтқан болды. Екінші тост көтеруге команда шабуылшыларының көмегі қажет болған жоқ.

Сонан соң Қауғабай сөз бастады.

— Шырағым, Төреш, картаның күйігі жаман дедім ғой. Ақшасы кетіп бара жатқан соң оңай бола ма? Құдіреті күшті Құдай тағала о баста дүниесі түскірді тұщы ғып жаратқан. Болмаса команда мүшелері жаман жігіттер емес. Осы күні жұрт анау-мынау «күнтимес» хатшының қызында да болады деп жүр ғой, хе-хе-хе. Анау-мынауымызды кешірерсің. Бұлар өздері бір-біріне кешірісіп үйренген. Күнде карта ойнау, күнде керісу, боқтасу, төбелесу ақырында кешірісу. Бұның бәрі көктем, жаз, күз, қыс сияқты кезекті дүниелер. Бірде жаз, бірде қыс…

Сөзінің соңында Қауғакең «төбелесушілерді татуластырып отыру үй иесінің міндеті болсын», — дегені.

— Менің татуластырмақшы болған адамдарым бірінің басын бірі жармай тынбаушы еді, — деп шынымды айтып құтылдым.

Түс ауа проферансистерден шыққан «ереуілді» күштеп, жаншып басқан бойымыз еді, гәрбистердің «көтерілісі» ешқандай күшке бой бермеді. Ескі даукестер Талпақ пен Жалпақ ұстаса кетті.

— Түсіп қалдың ба, болды, сал елу сомыңды. Енді бәңкі жүз сом болады. Ақша салмасаң, карта салынбайды, — деп гүрілдеді Талпақ.

— Беремін ғой, беремін. Менің мойнымда ақшаң кеткен жоқ еді ғой, — деп дірілдеді Жалпақ.

— Жоқ, болмайды. Былшыраған аузыңнан құрғақ бір сом жақсы. Ақша салмасаң үйде орын жоқ, «далаға ойнайсың». Әңгіме солай.

Жалпақ жұдырығын ала жүгірді. Ертелі бар ақшасынан сыпырылып қалған Жалпақтың жұдырығынан басқа ештеңесі қалмаған-ды. Жалт-жұлт, сарт-сұрт. Шынылар қирап, стакандар аспанға ұшты. Мен койканың астындағы өз орныма қарай ызғып бара жатыр ем, Қауғабай аяғымнан тартып ортаға сүйреп әкелді.

— Қайда қашып барасың? Өзіміз кетпесек бізден қашып құтыла алмайсың. Құй, арақты. Адамшылық жасап «иттерді» татуластырып жіберейік.

Адамшылық жасадық. Бұрынғы тәсілімізбен татуластырдық. Сосын Қауғакең көңілденіп сала берді.

— Айттым ғой, жігіттердің мінезі табиғатқа тартқан деп. Осылай бірде жаз, бірде қыс..

— Жазын көре алмай отырмын. Кілең қыс па деймін, тура Арктикадан келгендей.

— Қойшы, әрі. Қазақ Арктикада не бағып жүруші еді. Хе-хе-хе.

Біраз саябырсып «қасаңсып» қалып ек. Бұрыштан Бәкі мен Сәкі «қатын ұрыс» деп аталатын керістің бас жарылып, көз шықпайтын денсаулыққа пайдалы түрін бастап кеп жібергені.

— Әкең аштан өлген, — деп еді Бәкі.

— Аштан өлсе өлсін. Әйтсе де әкеңнің болғаны жақсы ғой. Әкесіз туған, некесіз туған Құдай сенен сақтасын, — дегені Сәкінің. Бір де нөл. Бәкі тілін шайнап отырып қалды. Тағы бірдеңе дегісі келіп еді, сөзі көмейіне кептеліп, үні шықпады. Шамалыдан соң Бәкі:

— Әйеліңнің бұраң, бұлтақ жүріс-тұрысы бар, — дегені.

— Еһе, сенің әйелің екі-үш әйелдің нормысын орындап жүр. Екі әйелге татырлық «жол жорғасы» бар ғой, жарықтықтың. Хе-хе-хе, — демеді ме Сәкі.

Тағы гол!

Бәкінің нерв талшықтарының бірнешеуі үзіліп кетті білем.

— Көзіңді ұрайын! — деп мұның шешектен нұры қалған бір көзіне тіл тигізді.

— Сенің басың құрысын! Құдай сенің басыңа бір талшаш қадамағанда шашы таусылып қалып отырған жоқ. Әдейі қадамай отыр. Электрге түсіп қор болдың-ау, байғұс. Хи-хи-хи…

«Таблоның» екінші басы нөлден ауытқымай қойды. «Басқа жұртқа, еріккен жұртқа ересіңдер ме. Сен екеуің керіскенде кеңірдектен жоғары кетпей-ақ қойсаңдаршы. Шекара кеңірдек болсын» деп басу айтқан ара ағайынның сөзін құлақтарына ілген де жоқ. Ішіне «құйын» түсіп, құтырып алған құрғырлар қоя ма? Талтүсте «шекараны» бұзып өтіп кете берді. Екеуі енді қайтып көрместей бірінің мінін бірі қаза түсті. Екі аяқты адам баласында мін көп болады екен. Бұлардың пайымдауын пәтуаға алсақ, екеуінің де тұқым-тұяғына дейін кілең бір азғындар болды. Атасы кексіз, енесі тексіз, ұлы езбе, келіні кезбе, қызы сәнқой, күйеуі даңғой…

Бұл екеуінің «тарихи» фактілерінен жалығып отырғанымызда, Тәңір жарылқағыр, Қален мен Жәленнің таусылып бара жатқан қиярға таласып, сарт-сұрт, жалт-жұлт еткені.

Мен қуанғаннан қол соғып жіберіппін. Қолы ұзын Қален Жәленді жақындатпай соғып, мұрнын «ремонтқа» деп отырғызды. «Жәлен байғұс бойдың азабын тартты-ау» деп тарығып тұрғанымызда ол да есебін тапты-ау, әйтеуір. Жәлен мысықша атылып, Қаленнің аяғына тұзақ болып оралды да ұзын немені шалқасынан түсірді. Ұзын адам оңып құлаған ба? Басы койканың аяғына тиіп қан болды. Бір-ақ екеуі де боқтық сөз айтыспады.

Қауғабайдың жүзі бал-бұл жанды.

— Міне, еркек деген осындай болады. Әлгі Бәкі мен Сәкі құсап қатын ұрыс салғаннан Құдайым сақтасын. Құйыңдар татулыққа! Татулыққа кім ішпесін. Тіпті арақты қойып жүрген мен де тартып жібердім. Ау, татулыққа ғой.

Команда мүшелері картаны қайта соқты. Шамалыдан соң Бәкен мен Кәкен тағы бір су жаңа керіске жан бітіріп келе жатыр еді. Қауғабай сағатына қарады.

— Жігіттер, сағат бес болыпты. Дәл кешегі келген уақытымыз. Енді бұл үйден дала… Тойсты, енді бұл үйден басқа үй жақсы, қозғалайық.

Команда мүшелері бір тілекпен, ауызбіршілікпен, әртүрлі жарақатпен тату-тәтті келесі үйдің есігін қақты.

1978

МАХАББАТ МИНӨТІ

Сонау жылы бақ көтеріп, менің Талдықұм орталау мектебіне завуч болып барғанымды бәрің де білесіңдер. Бәтеңкеміздің ішіне топырақ толып кететіні болмаса, зәбір көргеніміз жоқ. Арақ ішпейтін бұйығы бір ауыл екен. Үсті-басым аурулардың «Жасыл жайлау — атамекені» болған мен не бетіммен арақ ішейін. Гипертония, гастрит, гайморит, гемаррой… Бұл тек «г»-ден басталатын ғана ауруларым. Бәрі бірауыздан араққа қарсы. Тойда бір жартыны тауысып ішетін адам табылмайтын кез көп болатын.

Жиырма екі жылда байып кеттім. Сиыр үшеу, қашар екеу болды. Оған үш бұзауды қос. Бай адамның көңілі астам болады екен. Өзім күпсіп сөйлеймін, әйелім кербездене түсті. Жарлыны көрсек, күлкіміз келеді. «Осы жұрт қалай жарлы болады екен?» деп таңданамыз.

«Алланың ісі ғайып» деген. «Тоқырау» деген кезең шықты. Одан кейінгі автобус жоқ, ақша жоқ, заң жоқ кезді өзім «қоқырау» кезеңі деп атағанмын. Сол «қоқырау» бізді де қоқыратты. Қаладан қырық бес шақырым жерге жаяу бармасаң, көлік жоқ. Үлкен ұл Қандыағаштан қатынап жұмыс істейді. Екі бала студент. Көліктен зәбір көрген соң туған жерім Шілікті теміржол бекетіне көшуге бекіндім. Байлық не істетпейді. Жетпіс шақырым жерге екі қашарды беріп, үш сиырды айдаттым. Жұрт маған «екі сиыр беріп, үш сиыр айдатқан есерсоқ» деп күліп жүрді. Күмірә болғыр! Оның несі күлкі. Екі сиыр беріп, бір сиыр айдатсам күл. Кешке дейін күл. Саған кім қой дер екен.

Қадірсіз болмасақ керек. Қимай қоштастық. Әйелім көршінің еркектерімен жылап айырылысты…

Талдықұмда бұзауларым кешкілік жолмен өрістен қайтып келе жатқанда, машиналар «бип-бип» деп безілдеткенде, жолдан шықпайтын. Әрі-бері айқайлатып машиналар жолдан өздері шығуға мәжбүр болатын. Соған үйренген, әйеліме тартқан кербез бұзауларым теміржол бойымен келе жатады ғой. Пойыз айқай салады. Бұзауларым бұрынғы әдетімен «бұрылсаң өзің бұрыл» деп жол бермейді. Топырағы торқа болғыр періште бұзауларым бүгінде пейіштің төрінде жеміс-жидекке тойып, күйсеп жатқан шығар.

Ал сиырларымның ит қуатын жаман әдеті бар еді. Өрісте үшеуі үш қасқырды қуып… жаны жәннатта болғырлар! Бүгінде бұзауларымен өкіріп-бақырып көрісіп, мәз-мәйрам боп жүрген шығар.

Кейде әйелім үш сиырының қылығын айтып, мұңайып отыратыны бар. Мұндайда мен басу айтамын. Біздің ұтылған ештеңеміз жоқ деймін. Талдықұмға кетерде тышқақ лағымыз жоқ еді. Қазір де солаймыз. Сонда біз неден ұтылдық. Құдай өзі берді, езі алды…

«Елу жылда ел жаңа» демей ме? Жиырма жылда бұлар бізден көп озып кеткен екен. Күндіз-түні той. «Туған күн» дейді, «отырмақ» дейді, «вечер» дейді, «вечерок» дейді. Әйтеуір той көп, арақ ішпейтін адам жоқ. Арақ ішпейтін адам көрсе «қор болған байғұс-ай, дүниеден құр қалған байғұс-ай» деп кеңкілдеп күледі екен. Күледі екен де саған аянышпен түңіле қарайды екен.

Әр елдің салты басқа. Көшеге шыққанда мас көрмесе адамдар алаңдап қалады екен. Ал үш-төрт мастың төбесі көрінсе «ауыл бұрынғысы» деп көңілдері сонда жайланады.

Қарайтын мал жоқ, не бітірейін. Сәскеде көшеге шығып едім, бір «қызулау» жігітке жолығып жөн сұрадым.

— Шырағым, анау жан-жұң не? — деймін.

— Арақ ішкен шалдар ғой. Ру таластырып, бірінің мінін бірі айтып жатқан.

— Аузының дуасы кеткен шалдар десейші. Бұлар жастарға не ақыл айтады?

— Ішіп отырып та айта береді.

— Шетінен данышпан екен ғой. Мынау не сарт-сұрт?

— Вечерден шыққан жііттер төбелесіп жатыр да. Күштісі әлсізін сабап тастайды.

— Жолдас емес пе, ертең бірінің бетін бірі қалай көреді?

— Әлсізі күштісіне бір жарты апарып, «кеше сенің ығыңда жүрмеген көргенсіздігімді кешіре гөр» деп кешірім сұрайды.

—  Әрі таяқ жеп, әрі кешірім сұрай ма? Бәрі керісінше екен ғой. Анау екі әйелдікі не? Үшінші әйел неге безектейді?

—  Отырмақтан шыққан екі әйел ғой төбелесіп келе жатқан. Үшінші әйел болмаса анау екеуі бірін-бірі тырнап тастайды.

— Ойпырым-ай, төбелес әйелдерге де жеткен екен ғой. Ал мына жатқандар кімдер?

— Е-е, бұлар «вечероктан» шыққан жас балалар мен қыздар. Бұлар екі жүз грамнан артықты көтере алмайды. Сонсын құлаған та.

— Әлі спортсмен-спиртсмен дәрежесіне жетпегендер де. Ал мына шұбырып келе жатқандар кім?

— Бұлар кемпірлер. Базарға барып, ол-пұл сатып, нан пұл тауып келе жатқандар. Ақшаны осылар табады.

— Шалдар арақты қайдан ішеді?

— Осы кемпірлердің тапқанынан.

—  Ой, құм қапқырлар-ай! Сүйектері сықырлап жүрген кемпірлердің тапқанын ішкенше у ішпей ме?…

Ауылдас болған соң араласпай тұра алмайсың. Араластық. Біздің тудық деп жүргеніміз бекер екен. Қай күні туғанымызды да білмейміз. Ал бұларда туған күн деген ұлы той. Алғашқы біз барған той өте қызық болды. Ерлі-зайыптылар парласып сөйлейді екен. «Қонақ» деп әуелгі сөзді бізге берді. Мен: «амандыққа-саулыққа алып қоялық» дедім.

Әйелім Қоянкүл: «Бақытты болу үшін көтерейік» деді. Біздің сөзімізге жабайы адамның сөзін есіткендей есіркей, мүсіркей қарасты. Содан өздері сөз алып еді. Бірінші сөйлеген адам бір сағат баяндама жасады. Одан кейінгілердікі қосымша баяндама сияқты жарты сағаттан. Сөзді «жақсының жақсылығын айт» деп бастайды екен. Барған үйіміздің адамының әке-шешесі, нағашы, қайынжұрты туралы тебіреніп тұрып айтады екен. Өзің сол үйдің адамы болмағаныңа өкінесің. Әлгі үйдің босағасын алтынмен аптап, шаңырағын күміспен күптейді екен. «Осындай асылтұқымды жандардың денсаулығы үшін көтеріп қояйық» деп уралағанда, рөмкені жұтып қоя жаздайсың. Өткен жылы бір желөкпе рөмке жұтып қойыпты. Одан кейінгі сөйлегендер де сөздің не бір асылын түйдек-түйдегімен қарша боратқанда жағаңды ұстайсың. Кілең бір жазбайтын жазушылар дерсің. Егер бұлар жазса бар ғой Әуезов пен Аймауытов дегендерің үйін таба алмай қалар еді. Бес-алты рөмке алғаннан кейін дастарқанның о шетінен бір жігіт: «Ішейік те құсайық, ішейік те құшайық» деп билеп шыға келіп еді, дастарқанның бұ шетінен бір келіншек: «Ойнайық та күлейік, дәурен етіп жүрейік, өлген соң дүние бір келмес» деп көзінен от шашып құлындай ойнап қарсы шықты. Кәдімгі үнді киносындағы ғашықтар Гопал мен Радха тәрізді. Сол кезде жағы саудыраған шалдар «бис-бис» деп ысқырып еді. Аузында бір тісі жоқ кемпірлер «кис-кис» деп қышқырды. Ал биге балқып кеткен бір әйел көзінен жас парлап отыра қалып шыңғырды. Сол кезде «свет» деген дауыс шықты да шам сөнді.

— Шам жанғанда не көрдің? — дейсіңдер ғой. Айтпаймын, ұят болады. Бұл — тойдың «Махаббат минөті» деген сәті екен.

Қызықтың көкесін «Тәуелсіздік» деген ойында көресің. Күйеуінің көзінше басқа еркекпен еркін сүйісетін әйел «тәуелсіз» атанады екен.

Асаба:

— Тәуелсіз әйелдер шықсын! — деп жар салды. Бірнеше әйел таласып-тармасып шыға келді.

— Тәуелсіз еркектер шықсын!

Еркектер шықты.

— Тәуелсіздіктеріңді көрсетіңдер!

Жігіттер мықтылығын, әйелдер қылықтылығын көрсетуі шарт. Әйелдер мен еркектер сүйісе бастады. Кәдімгі кинодағыдай бірін-бірі жеп қоя жаздайды екен. Мыналарды көргенде «видеоң» құрысын! Әне бір дәу қылдай келіншектің белін сындыра ма, ей қайтеді. Мына бір мас сүйген әйелінің ернін тістеп, қанатып тастады. Әне бір екеуді қара, тіпті ерсі. Сүйіседі де жан-жағына қарайды. Қорқақтар, сендерге «тәуелсіздік» қайда? Мына бір шал біреудің кемпірінің тамағын сүлікше сорып жатыр. Ал мына екеуі маладес, жабысып-қабысып қалған. Болатын, қанатын түрі жоқ…

Құдайдың құдіреті, сүйісіп жатқан әйелдердің өз еркектері дәл бір өздері сүйісіп жатқандай рақаттанып, қыбы қанып, дуылдасып жатыр. Әні, асаба екі «егіздің» қолын көтерді. Жеңіс солардікі болды. Нанымды етіп, тартымды етіп сүйіскені үшін «Тәуелсіз әйел», «Тәуелсіз еркек» құрметті атағын алды.

Жұрт ду-ду, әлгі екеуін аспанға көтеріп әкетісті. Бұлардың құрметіне шампан атылып, коньяк шұрылдады. Тәбәрік ішіп біз де мәзбіз. Ой, рақат дүние-ай десеңші. Менің көз алдымнан жаңа бір жарық дүние ашылған сияқты. «Ауруыңа сәлем айт» деймін де тарта беремін. Барған үйде «арақты сатып алдыңдар ма, құйсаңдаршы» деп жол ашып отырамын. Әйелім де жаңа өмірге риза. Қазір тойларда «тәуелсіздігімді» бер деп бүйірімді түрткілейтін болып жүр. Алсын! Маған да абырой керек. Бізде әйелі тәуелсіз еркек сыйлы. Біреудің тәуелсіздігін бермейтін мен Ресей емеспін ғой.

Бұл ауылда тойға келгендердің жартысы құламаса оны той демейді екен. Мұны той дегенше «отырмақ» десейші деп сөгеді.

Қоянкүл екеуміз бірде құлап қалып, бірде аман-есен үйге жетіп жүрміз. Өткен тойда әйелім екеуміз Оспанханның өлеңіндегі Әусек пен Сәусекке ұқсап бір-бірімізді танымай қалыппыз. Қоянкүл бір еркекке еріп кетіпті де, мен бір әйелдің етегінен ұстаппын. Ертеңіне табыстық-ау. Аман-есен табысқанымызды бір литр самопалмен жудық. Биге шықтық. Твистке түсіп тайраңдап жүрміз. Балаларым «бис-бис» деп ысқырды. Жауапсыз қалатын көргенсізің мен бе? «Кис-кис» деп қышқырдым. Қоянкүл биге балқып кетті де көзі боталап, отыра қалып шыңғырды.

— Свет! Махаббат минөтімді әкел! — деп айқайлап жібердім.

Әйелім тұра қашты. Қуып келемін. «Әй, әй, қатын! Көргенсіз болма, махаббат минөтімді бер. Әй, әй, қатын! Қарау қылма! «Минөтімді» әкел. Әкел бері…»

Әйел қашып қайда барсын. Тұтылды ғой. Арақ ішкен адам уайым-қайғыдан айығады екен. Бұрын мұңым көп еді. Бала-шағаның амандығы, қазақтардың өз жерінде өгей өмір кешуі, мемлекеттік тілдің мазақ болғаны, қазақша еркін баспасөздің жоқтығы, француз әулиесі Нострадамустың «ақыр заман» болады деуі — бәрі-бәрі уайым еді…

Қазір уайым-қайғым жоқ. Қарқылап, тарқылдап күле беремін…

Бір қызығы, бұл жерде кәрі қыз, сүрбойдақ дегендер болмайды екен. Өйткені вечер екінші кластан басталады ғой. Құдай тағала мені баста уайым-қайғысы жоқ, тойы көп жерде туғызыпты.

Ме-ен тегін жерде туайын ба?

1996.

БЕДЕЛ

Жасымнан қалтам «тесік», жарты ақыл жарықтық болдым. Қалтама түскен ақша екі күн баяндап көрген емес. Бір күнде-ақ мәселесін шешіп тастаймын. Әдет қалсын ба? Ер жетіп ел таныған кезімде де сол баяғы әнім. Ал қалтасы «бүтіндердің» алды «Волга», арты «Москвич» мініп жүр. Мен болсам Құдай берген екі аяқтың «рахатын» әлі көріп келемін. Қалтасы бүтіндердің ақылы да бүтін. Машина алуына отпуск алып, ағайын-тума, құда жекжат, таныс, тіпті көзтанысқа дейін аралап шығады. Барған үйінің ақшасы кеніш болса, ақылы кеміс болса деп тілейді екен олар. Ақыры тыным таппаған аяққа тиын-тебен ілініп, машинасының жар пұлын шығарып та алады.

Өткен жылы қаладағы қоймашы Қоянбай «Жигули» алысымен елге тартты. Біздің үйге келгенде денесінің қызуы жетпіс алты градус екен. Үйге лепіріп кірді.

— Несін айтайын, дос. Байғазы дегендер құйылып жатыр, — дейді қуаныштан жарылардай.

— Қауғабай бие берді, Сауғабай байтал, ал Байтақ тай берді, — деп бөсіп келе жатқанда:

— Мен жабағы беремін, — деп салдым.

— Ой, маладес. Міне жігіт, нар жігіт! Он жыл бірге оқыған еңбегім бір күнде қайтты…

— Қай биеңнің жабағысы? — деп әйелім бетіме бажырая қалды.

— Шаруаң болмасын! Биесі жоқ адамның жабағысы болмайды дегенді саған кім айтты. Малдың билігі еркек кісіде болады, — деп бедірейдім.

Шай-су ішіп болған соң ауыз үйден жалғыз қойдың жаңа кырқылған жабағы жүнін алдына тастай бердім. Жабағыны бір теуіп, есігімді шалқасынан түсіріп тайып отырды. Содан бері ат ізін салған жоқ.

Іле-шала «Москвич» мініп живсырьенің бастығы Қарсақбай да жетті. Жолдастарының бәрі «қырылып» байғазы беріп жатканын айтады. Өзінде бедел тастөбеден екен. «Ауданның бірінші бастығын айтпай-ақ қояйын, тап екінші бастығының беделіндей беделім бар», — дейді.

— Ақша жетеді. Кассада әлі жиырма мың сомым бар. Тек соқпай кетсем сен өкпелер деп…

— Ойбай, соқпай кетсең, маған оңай бола ма? Бір қашар бергенім, — дедім.

— Былтырғы қасқыр жеген қашарды ма? — дейді әйелім күлкіге көміліп. «Алайық» емес, «берейік» дегенді қай әйел жақсы көреді дейсің. Мені тағы әншейін алдау үшін айтып отыр деп күледі де.

Бұл жолы алдағаным жоқ. Отпускной ақшама бір қашар сатып әпердім. Әсілі, менде де біраз бедел бар ғой деймін.

Қалаға барған сайын Қарсақбай үйіне шақырады. Ал бармасам, әйелінің тіпті өкпелейтін түрі бар. Өкпе арқалап жүруге денсаулық қайда? Бір өзімде төрт аурудың табы бар: гипертония, гастрит, гайморит, геморрой… Сонсын салып отырып үйіне бардым. Екеуі құрақ ұшып қарсы алды. Бір күрең төбел коньякты қақ жарып ішіп алғаннан кейін әйелі білегімнен ұстап жүріп үйін аралатты.

  • Мынау биыл алған чех гарнитуры. Екі мың сом. Ал кәні байғазың?

— Міне, жиырма бес сом!

— Мынау әйелдер киетін арыстан ішік. Төрт жүз сом. Кәні байғазың?

— Міне, он сом.

— Мынау костюм-платье. Кәні…

— Міне, бес сом.

— Мынау кремплин көйлек. Кә…

— Міне, үш сом.

— Мынау іш көйлек.

— Міне, бір сом…

Қалтам тазарып қалды да мен бұдан әрі көрсеткен заттарына қағып кеткендей мағынасыз ыржиып басымды изей бердім. Ертеңіне «қисайған» басты коньякпен «ұрып» түзетіп алып, тайып тұрдым. Әйелімнің әкел деген бұйымдары жөніне қалды.

Жарықтық қаланың адамдары қайырымды да қонақжай ғой. Өткен жолы қалаға барғанымда Қарсақбайдың әйелі қиылып тұрып тағы үйіне шақырды. Қонақ болып кет дейді. «Былтыр сен кеткелі қаншама зат алдық. Ең болмаса соларды көріп кетсейші» деп жалынады. Қылықты әйел. Бұ қазақтың маңдайына қандай әйел бітеді дейсің.

Сол Қарсақбай биыл тағы істі болып, ел аралап жүрген жайы бар екен. «Москвичі» бір машинаға соғып өзі аман қалғанымен машинасы аман қалмапты.

Жапырылыпты. Соған бізден көмек керек екен.

— Жүз сом берейік, — деймін мен.

— Машинасы жоқ біз де тірі жүрміз ғой. Байғазымен өлер болғанымызда, енді оңдатып бер дейтін бәле шықты ма? — дейді әйелім.

— Көптеп-көмектеп тікейтіп берейік те машинасын.

— Сендер тікейтіп беретін болған соң ол қай жер болса сол жерге құлай бермей ме?

— Құлай бермес…

— Былтыр кассада жиырма мың сомым бар деп мақтанып еді ғой, соған оңдатып алмай ма? Әркімнен тілене бергенше.

— Біреудің ақшасына оңдатқанға не жетсін! Әйелім мұнан әрі жынданып кете жаздады.

— Тапқан екен ақымақты! Беретін бір тиыным жоқ, аулақ жүрсін! Ақшаның билігі әйелде болады.

Бұл әйел шіркінді дизентерия болмаса еркек жеңе алған ба? Ақыры бермей тынды. Енді қайтіп жұрттың бетін көре аламын. Әйеліне билігі келмейтін сүмек демей ме? Ит қана әйел-ай! Өмір бойы мысқылдап жинаған беделімнен бір күнде айырылдым-ау.

Кеше қалаға барғанымда көшеде Қарсақбай сәлемімді алған жоқ. Әйелі қайқаңдап, алдымды кесіп өте шықты.

Қайран бұрынғы беделім-ай! Мені қаңғытып жөніңе кеткенің ғой.

1974

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button