Жаңалықтар

Металлургтер мен шахтерлердің балалары жазғы лагерьлерге жолдама алды

ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалдары – Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қызметкерлерінің 1000-нан аса баласы осы жазда компания есебінен ақтөбелік балалар сауықтыру лагерьлерінде демалады. Бұл мақсатта аталған компания 60 миллион теңге қаражат бөлген.

«Қазхром» ТҰК» АҚ корпоративтік коммуникация қызметінің хабарлауынша,  былтырпандемияға байланысты үзілістен кейін, биыл жазда металлургтер мен шахтерлердің балаларына жазғы демалыс ұйымдастыру бағдарламасын жүзеге асыру қайта қолға алынған. Демалыс барлық эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылған. «Шұғыла» лагерінде Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшыларының 500 баласы, Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің балалары үшін биыл ашылған «Береке» лагерінде кеншілердің 500 баласы демалады. Осы жылы компания жолдама үшін 100% төлемді өз мойнына алды. Яғни бір балаға 70 мың теңгеге дейін. Бұрын ата-аналарға балалардың демалуына кеткен жалпы шығынның 50%-ы ғана өтелетін.

— Биыл компания басшылығы төлем ережелерін өзгерту туралы шешім қабылдады.Келушілер ПТР-тестін тапсыруы керек. Өйткені лагерге келген кезде белгілі эпидемиологиялық ережелер бар.Қазхром қызметкерлерінің балалары бірнеше маусымға бөлініп, жаз бойы демалатын болады. Әр лагердің 6-17 жас аралығындағы балаларға арналған өз бағдарламасы бар, — дейді «Қазхром»ТҰК» АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Сапарғали Мұқышев.

Ата-аналары Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейтін хромтаулық балақайларға  арналған жазғы демалыс та ерекше болмақ. Бұған дейін олар кәсіпорынға қарасты «Мұғалжар» сауықтыру лагерінде демалатын. Бірақ биыл онда жөндеу жұмыстары жоспарланғандықтан, қызметкерлердің балалары жазғы демалыстан тыс қалмас үшін компания Ақтөбедегі «Береке» жазғы лагерімен келісімшартқа отырған. «Берекеде» осы жазда әрқайсысы 10 күндік бес маусым жоспарланған. Компания және кәсіподақ комитеті ата-аналарға жолдама құнын толығымен өтейді.

— Біз қазір бүкіл әлемде жағдай шынымен қиын екенін түсінеміз және біздің компания өз қызметкерлерін ғана емес, олардың отбасы мүшелерін қолдауға тырысады. Өткен жылы карантиндік шаралар мен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты балалардың демалысын шектеуге тура келді. Осы жазда бас санитарлық дәрігердің рұқсатымен лагерьлердің жұмысы қайта қалпына келтірілді. Оларға Ақтөбедегі ең жақсы лагерьлерде демалыс ұйымдастырдық, онда қауіпсіз әрі қызықты демалуға барлық жағдай жасалған, — дейді С.Мұқышев.

Балалардың демалысы компанияның ұжымдық келісімшартына сәйкес ұйымдастырылатынын айта кеткен жөн. Бұл келісімшарт 2018 жылы «Парыз» бизнестіңәлеуметтік жауапкершілік байқауында ең үздік деп танылды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button