Жаңалықтар

«Бетбұрыс» жобасы қорытындыланды

«Анаға тағзым» орталығында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «Бетбұрыс» жобасына қатысушыларды марапаттады.

Аталған шараға Ақтөбе қалалық мәслихатының қолдауымен жүзеге асырылған «Бетбұрыс» әлеуметтік жобасына қатысқан көпбалалы, өмірде қиын жағдайға тап болған, сондай-ақ ерекше көмекке мұқтаж балаларды тәрбиелеп отырған аналар шақырылды.

Қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанованың айтуынша, «Бетбұрыс» жобасына 20 әйел қатысқан. Олар қызметтер мен тауарлар өндіру саласында (нан-тоқаш өнімдері, сүт және қышқыл сүт өнімдері, тігін, шаштараз, емдік массаж) бизнес-жоспарлар дайындап, ұзақтығы 150 сағат болатын тренингтерге, қазақстандық және халықаралық спикерлердің атсалысуымен 15 сағат zoom-конференцияларға қатысқан. Сонымен қатар жоба қатысушылары шағын бизнес бойынша 15 кәсіпорынға, бизнесті қолдау инфрақұрылымы нысандарына барып, олардың жұмыстарымен танысқан.

Шарада қала әкімі жобаға қатысқан қыз-келіншектерге ризашылығын білдіріп, олардың алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.

  • Өмірде әртүрлі қиыншылықтар кездеседі. Әр адам өзінің ішкі потенциалын пайдалануға, өзіне деген сенімін жолғалтпауға тиіс. Беріліп жатқан қолдауды қабыл алып, осы жобаға қатысқандарыңыз үшін рақметімді айтамын, — деген қала әкімі аналарға естелік сыйлықтар табыс етті.

Бұдан кейін жоба қатысушысы Гүлжайна Қарабалина барлық аналар атынан осы жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын айтып, лебізін білдірді.

Айта кету керек, аталған жоба шеңберінде аналар бизнес-жоспарларын дайындаған болатын. Нәтижесінде 12 ана «Shell» компаниясының қаржысына Еуропалық қайта құру және даму банкінің ұйымдастыруымен дайындалған «Shell Live WIRE» бағдарламаcымен 4 айлық тегін оқу мүмкіндігіне ие болып, 3 ана «Бастау» жобасымен 583 мың теңге грант алды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button