Жаңалықтар

Сақтанбасақ, «қызыл аймаққа» өтуіміз мүмкін

Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Індет өршіп тұр. Соңғы аптада алдыңғы аптаға қарағанда ауру жиірек тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы»  тікелей эфир барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев айтты. 

6 шілде күні бір тәулік ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 63 жағдай тіркелді. Оның ішінде  ауру симптомдары бар – 39 (Ақтөбе қаласы – 32, Алға ауданы – 2, Мұғалжар ауданы – 1, Темір ауданы – 1, Шалқар ауданы – 2, Қобда ауданы – 1), симптомсыз – 24 (Ақтөбе қаласы – 15, Шалқар ауданы – 1, Темір ауданы – 2, Байғанин ауданы – 2, Мұғалжар ауданы – 2, Алға ауданы – 2).

—Аурушаңдықтың тәуліктік өсу қарқыны 0,5% болды. Науқастармен қарым-қатынаста болған 113 адам анықталып, оқшауланды. 28 маусым мен 4 шілде аралығында, яғни 26-шы аптада КВИ жұқтырған 377 жағдай тіркелді, бұл алдыңғы 25-інші аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда 168-ге көп. Яғни аурушаңдық деңгейі өсіп отыр. 6 шілдеде, бір тәулік ішінде вирус анықталмаған 7 жағдай анықталды. Инфекциялық аурудың 701 ошағы тіркелді. Оның ішінде 616-сы —  үй ошақтары, 85-і — ұйымдастырылған ұжымдарда, мұның 9-ы — медициналық ұйымдарда. Бүгінде 1769 адам үй карантинінде бақылауға алынды, — деді М.Сербаев.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі уақытта инфекциялық ауруханаларда 193 адам ем алып жатыр: 144-і — Ақтөбе қаласында, 49-ы — аудандарда. Жансақтау бөлімінде 25 науқас ем алып жатыр (Ақтөбеде — 22 адам, аудандарда — 3 адам).

— 6 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына, 8 науқас инвазивті емес өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Карантиндік стационар бойынша 12 адам бақылауға алынды. Инфекциялық кереуеттер жүктемесі — 44,7 пайызға, реанимациялық кереуеттер жүктемесі 37,9 пайызға толық, — деді ол.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облысқа барлығы 675948 ПТР-тест алынып, соңғы тәулікте 1832 ПТР-зерттеу жүргізілді. Ақпан айынан бастап  321 доза вакцина жеткізілді. Оның ішінде бірінші компонентпен 144245 мың адам, екінші компонентпен 86452  адам егілген.

— Ауруды тоқтатудың жолы — вакцина алу. Медициналық орталықтарда егу орындары таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. 25 маусымнан бастап екпе алған азаматтар арасында бас жүлдесі автокөлік болатын лотерея жарияланды. Бұл науқан 25 қыркүйекке дейін созылады, — деді Бекболат Ізбасаров.

М.Сербаевтың айтуынша,  коронавирус жұқтырғандардың 32-сі — вакцина алғандар, оның 10-ы вакцинаның екі компонентін де алған.

— 6 шілде тәулігінде әирус жұқтырып, тіркелген 63 адамның 10-ы — вакцина алғандар. Оның алтауы бірінші компонентін алған. Бұл — 63 адамның тек 1,5 пайызы ғана. Өте төмен көрсеткіш. Вакцина жүз пайыз аурудан қорғайды деп ешкім кепілдік бермейді, дегенмен вакцина ковидтің ауыр түріне шалдығудың алдын алады. Сондықтан вакцинаны қорықпай алу керек, — деді ол.

М.Сербаев бүгінге дейін коронавирус жұқтырған 20 адамның сынамаларының Алматыға арнайы зерттеуге жіберілгенін, оның 9-ынан үнділік «дельта штамы» анықталғанын айтты.

— Қазіргі кезде өңірдегі індеттің өршуі үнді штамымен байланысты. Бұл тез таралатын індет. Сондықтан барынша сақтану керек. Бетперде кию, ара-қашықтықты сақтау, антисептик пайдалану, адам көп жерге бармау, жасырын той-садақа жасамау секілді талаптарды орындауға тиіспіз. Өңір бір аптадан бері «сары аймақта». «Қызылға» өтіп кетпеу — бәрімізге байланысты, — деді М.Сербаев.

Жалпы алғанда, облыста індет басталғалыКВИ-мен ауырған 12372 жағдай тіркелді, оның ішінде 65,4%-ы — ауру белгілерімен (8096) және 34,5%-ы — симптомсыз (4276) жағдай. 11529 (93,1%) науқас жазылып шықты.

Жалпы  тіркелген  12372 науқастың 1,6%-ы  —   сырттан әкелінген, 16,8%-ы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 81,5%-ы —  жергілікті жағдайлар, оның ішінде 23,8%-ы — профилактикалық медициналық мақсатта тексерілгендер.

​​Қазіргі таңда үй карантиніне 1769 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

— Коронавируспен ауырған адамдар учаскелік дәрігерден қызуды түсіретін және қанды сұйылтатын дәрілер ала алады. Егер науқастың жағдайына байланысты оңалту қажет болатын болса, учаскелік дәрігер қарап, қосымша зерттеулер өткізгеннен кейін амбулаторлық жағдайда емханада немесе басқа стационарларда (мәселен, Ақтөбе медициналық орталығында және «Юкон» профилаторийінде) емделуге болады, — деді Б.Ізбасаров.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button