Жаңалықтар

Мәдениет қызметкерлері екпе салдырды

Вакциналау жұмыстары Әйтеке би ауданында да жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.  Биыл наурыз айынан бастап 3400 адам бірінші, 2500 адам екінші компонентін салдырды. Бүгінде аудан орталығы Т.Жүргенов ауылындағы мәдениет қызметкерлері түгелдей вакцина алды.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Анар Әбенованың айтуынша, аудан орталығындағы Мәдениет үйі, Орталық кітапхана және аудандық музейде 95 адам қызмет етеді. Қазір оның 80-і екпе алған. Қалғаны денсаулық жағдайларына байланысты екпе салдыра алмаған.

— Біздің қызметкерлер 25 наурыздан бастап екпе ала бастады. Ерікті түрде өз денсаулығымыз үшін ұжыммен аудандық ауруханаға барып, вакцина алдық.  Вакцинаның айтарлықтай кері әсерін сезінгендер болған жоқ. Барлығы жеңіл қабылдады. Әрине, бастапқыда қорқыныш пен күдік болды. Қазір халық вакцинаның тиімділігін ұғынды.

Шыны керек, әлеуметтік желі арқылы вакциналауға қатысты түрлі пікірлер туындап жатыр. Мен оған сенбеймін. Екпе алу, ең алдымен, өзің және отбасың қауіпсіз болуы үшін қажет деп ойлаймын, — дейді Анар Әбенова.

Аудандағы мекемелерге медицина қызметкерлері жиі келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Барлық сауда үйлері мен қоғамдық орындарда санитарлық талаптар сақталған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button