Жаңалықтар

Ардагер ұстазға арналған кабинет ашылды

Шалқар ауданы Жылтыр ауылындағы Төлтай Шанов атындағы орта мектепте Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, ардагер ұстаз Сабанбай Нұрмағанбетов атындағы мұғалімдер кабинеті ашылды.

Ұстаздың ұрпақтарының демеушілігімен ашылған бұл кабинетте кітап сөрелері оқулықтармен толығып, қажетті жиһаздармен жабдықталған. Қабырғаға ұстаздың өмір жолынан сыр шертетін стенд ілінген.

Сабанбай Нұрмағанбетов 1955 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп, Шалқар ауданында еңбек жолын бастады. Кейін 1974 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институттан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1975 жылдан бастап Шалқар ауданында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Аудандық кеңестің депутаттығына сайланып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Мұғалімдер кабинетінің ашылу рәсіміне Жылтыр ауылдық округінің әкімі Қаржаубай Қалжан, аталған мектептің директоры Медет Көпесовтер  қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ ұлағатты ұстаздың бір топ шәкірттері жиналды.

Мектептің техникалық базасы талапқа сай. Енді жақсылыққа жанашыр жандардың мұғалімдер бөлмесін жабдықтап бергені қуанышты еселей түскендей болды.

Ардақты ұстаз он бір баланың әкесі. Бүгінде білім нәрімен сусындатқан шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызмет етуде. Солардың ішінен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Жайшылық Сартабанов, Мәскеу қаласынан филология ғылымдарының докторы, журналист Серікқали Байменше, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Сәтжан Дәрібай кабинеттің ашылу рәсіміне арнайы видеоқұттықтау жіберді. Мұның барлығы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен үлкен экраннан берілді, — дейді зейнеткер ұстаз Сабанбай Нұрмағанбетовтің келіні Клара Құлекенова.

Шараға ұстаздың соңғы рет класс жетекшілік еткен 1973 жылы мектеп бітірген шәкірттері де келіп, білім ордасына тарту жасады.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз 1995 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Бүгінде Шалқар қаласында балаларынан тараған немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button