Жаңалықтар

Бұқара

  • Жанайқай

АУЫЛЫМЫЗДАҒЫ МЕКТЕП ЖАБЫЛМАСЫН!

Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман мерген қызы Әлия Молдағұлованың туып-өскен жері — Бұлақ ауылы тұрғындарын әбігерге түсіріп отырған бір жайт бар. Ауыл тұрғындары балалары, немерелері оқып жатқан мектептің тек бастауыш мектеп болып қалатынын естіп, қатты қамығып отыр. Жақында Қобда аудандық білім бөлімінен бала санының аздығына байланысты тек бастауыш сынып қана қалатыны туралы нұсқама келіпті.

2021-2022оқу жылында Бұлақ негізгі мектебінде жалпы саны 23оқушы білім алмақ.

Бірақ бұл мектептің негізгі мектеп болып  қалуы үшін оқушы саны жеткіліксіз. Себебі негізгі мектепте кемі 40бала болуы қажет. Қобда аудандық білім бөлімінен «Онсыз мектеп «Бұлақ бастауыш мектеп» КММ болып қалады» деген ескертпе келіп, оған мұғалімдер «таныстым» деп қол қойды. Ауылда 33отбасы бар. Оның 13отбасында мектеп жасындағы балалар бар.

Бұлақ ауылы —  шаруашылықпен айналысуға жайлы, жері шүйгін, суы мол жер. Ауылға дейін алдыңғы жылдары тасжол салынды, облыс орталығынан 70 шақырымдай жерде тұрған ауылға жол сайрап жатыр. Мұнда қоныс аударып келушілер мен мал шаруашылығымен айналысушылардың да саны жыл сайын артып келеді.Ауылға көшіп келушілер бар. Соңғы бір айдың ішінде Шұбар ауылынан, Маңғыстау облысынан екі отбасы көшіп келді. Олардың мектепте оқитын бірнеше баласы бар. Ауыл қалаға жақын, мектебі бар деп көшіп келіпті.

Жас мамандар мектептеұстаздық етсе, балалары мектепте білім нәрімен сусындауда. Осындай айрандай ұйып, береке мен бірлігі артып отырған ауыл мерген қыз Әлияның ерлігін мақтан тұтып, балаларға апаларының өнегеге толы өмірі мен ерлігін айтып, рухани тәрбие беріп отыр.

Мектепте жоғары сынып оқушылары оқымайтын болса, бірнеше баласы бар отбасылар ауылдан көшіп кетеміз дейді. Ал ол отбасыларда бастауыш сыныпта оқитын балалар да бар. Яғни бастауышта оқитын балалар саны да азайып қалайын деп тұр. Мұның соңы мектептің жабылуына әкеледі. Әрі мұғалімдер де жұмыссыз қалайын деп тұр.

Ауыл мектебі жабылса, батыр апамыздың ерлігін өнеге қылып өсіп келе жатқан ұрпақтың бетіне ертең қалай қараймыз, оларға не деп айтамыз?

Ауылдағы мектеп жабылса, батырдың ерлігін мақтаныш етіп өсіп келе жатқан балалардың ойында «біздің ауылдың болашағы жоқ екен» деген пікір қалыптаспай ма? Ауылды сақтап отырған —  мектеп, ал мектепті кім сақтайды? Мектеп жабылса, ауылға адам тұрақтамайды, басқа жаққа көшіп кететін болады. Ата-ана бала үшін бәріне де дайын болады, олар балаларының соңынан мектебі бар жаққа көшіп кетеді. Сосын ауылымыздың тағдыры не болады? Мектеп жабылды деген сөз біз үшін «ауылдың болашағы жоқ» дегенмен бірдей.

Берекелі Бұлақ ауылының көркеюі үшін, өніп-өсуі үшін жағдай жасалса, мектебінде балалар білім алса, дұрыс болар еді. Тағы бір айта кетерлігі — ауылда үйлер салынып, көпбалалы отбасыларды көшіріп алып келуге басшылық ықпал етсе екен. Мысалы, Егіндібұлақ ауылына да жаңадан үйлер салынып, көп отбасы көшіп келіп жатыр. Біз, Бұлақ ауылының тұрғындары, жаңадан көшіп келген отбасыларға көп болып көмектесер едік… Құрметті газет ұжымы, осы мәселелерді басшылыққа жеткізсеңіздер екен!

Бұлақ ауылының тұрғындары.

Қобда ауданы.

  • Ұсыныс

ОБЛЫСҚА ӘСКЕРИ МЕКТЕП КЕРЕК

Қазір елімізде әскери-патриоттық тәрбие саласы кенжелеп тұр. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл — шындық. Сөзімнің дәлелі ретінде қазір көшедегі 18-27 жас аралығындағы Отан қорғайтын жастардан «Әскерге барғың келе ме?» деп сұрай қалсаң, жауаптан жалтарады немесе «босқа уақытымды өткізіп қайтемін», тіпті кейбіреулері «жоқ» деп жауап беріп те жатады. Қолына қару алып, «Отан күзетінде тұрамын» дейтіндер аз…

ЕлбасыН.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында білім беру мекемелері жанынан әскери-патриоттық тәрбие беретін «Жас сарбаз» орталықтарын құру жөніндегі тапсырмасы мені қатты қуантты. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары ашылды. Олар азды-көпті өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Бірақ жұмыс істеу барысында мектеп қабырғасымен шектеліп қалатындаймыз. Сондықтан «Жас сарбаз» қозғалысының нақты бағдарламасын білім министрлігімен келісіп, бекіту қажет. Ол — өз алдына бір мәселе.

Жоғарыда айтып кеткен «Отан қорғаушы» және «офицер» мамандығына оралайық. Мен Ақтөбе қаласының №51 гимназиясында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысымын. Сондай-ақ «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасымын.  Әскери шенім —  запастағы кіші сержант. Мектепте әскери-патриоттық клуб жұмысын жүргізіп, сол клубтан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне қарасты жоғары оқу орындарына үміткер шығарамын. Сол жоғары оқу орындарына түскендердің басым көпшілігі «Жас ұлан», «Арыстан» секілді әскери мамандандырылған мектептердің түлектері болып шығады. Жалпы, мұндай оқу орындарына білім беретін орта мектептерден бірен-сараны түседі. Өткен 2019-2020 оқу жылында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына  Данияр Данабеков пен Айдын Қазмуханов сынды оқушыларым қосалқы тізімде қалып, әрең ілікті. Бұдан шығатын қорытынды —  «Ақтөбе облысына жаңа бастама ретінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы «Жас сарбаз» әскери мамандандырылған мектебі қажет деп ойлаймын.Еліміздің батыс өңірінде бірде-бір әскери мамандандырылған мектеп жоқ екен. Осы мәселе шешімін тауып, биліктегілердің қолдауына ие болса, жасөспірімдеріміздің санасына әскери мамандыққа деген дән егілген болар еді. Олай дейтін себебім, сол мектепте оқыған әр бала өзінің кезекті демалысында қатарластарына оқу орны жайлы жақсы пікір айтып, достарына Қарулы Күштерге деген жақсы ой қалыптастырар еді.

Бағдат ЖҰМАҒАНБЕТОВ,

№51 гимназияның алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

  • Еңбек адамы

ТЕПЛОВОЗ МАШИНИСІ

Хромтаулық Жәнібек Жукин — Қазақстан теміржолы саласының ардагері. Бүгінде ол ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытындатепловоз машинисі болып еңбек етеді.

Алпысты алқымдаған Жәнібек Жукин — жас әріптестеріне үлгі болып келе жатқан аға буын өкілі. Оның жасаған жаттығуларын кез келген жалындаған жас қайталай алмайды. Ол — ұжымына үлгілі спортшы: белтемірге 25 рет тартылып, 25 келілік гір тасын 30 рет басынан асыра көтеріп, қыстыгүні мұзойыққа түседі. Екі жыл бұрын  кеудені жерден 60 рет көтеріп, 47 секундта 50 метр жүзіп, көпсатылы сайыста зауыт бойынша екінші орынға қол жеткізді.

Ілкіде бір жас жігіт онымен жарыспақ болып бәстесіпті. Өз-өзіне сенімді болған жас маман үлкен кісінің мүмкіндігіне күмән келтірген. Сөйтсе, жас жігіт белтемірге бар болғаны он-ақ рет тартылды. Ал Жәнібек 18-ші рет тартылып жатқанда, әлгі жігіт уағдаласқан сөзінен айнып, «уақытым жоқ» деп кетіп қалып, елді күлкіге қарық қылғаны бар.

Машинистің спортқа деген қызығушылығы әскерде қызмет атқарғанда басталған. — 1980-1982 жылдары Германия демократиялық республикасында әскери қызметте болдым.  Ротада жалғыз өзім қазақ болғаннан кейін осал емес екенімді көрсетуге тырыстым. Үнемі жаттығулар жасап, дайындалдым. 1981 жылы роталар мен батальондар арасында жарыс өтті. Сонда мен белтемірде 54 рет айналдым. Бәрі аң-таң. Ал басқа ротадағы Қуанышқали есімді оралдық жігітмаған жетіп келіп, жылап жіберді. «Қазақтың намысын жібермедің», — деді ол. Содан кейін спорт факультетіне оқуға түсем деп мақсат қойдым, — дейді зауыт қызметкері.

Алайдаол әскерден келген соң денсаулығы сыр берген әкесіне қарауға мәжбүр болды. Жоғары оқу орнына түсу арман боп қалды. Кейін үйленіп, бала-шағаны асырау үшін жұмысқа тұрады. Қазақстанның теміржол саласында 15 жылдай қызмет атқарды. Ал зауытқа 1999 жылы жұмысқа тұрды. Содан бері кәсіпорынның беткеұстар маманы атанып, әріптестерінің сенімін де, үмітін де ақтап келеді.

— Теміржол цехындағы электр қуатымен жүретін алғашқы тепловозды жүргізу жауапкершілігі маған тапсырылды. Бұл — зор жауапкершілік, яғни маған артқан үлкен сенімнің дәлелі. Осы зауытта жұмыс істей жүріп,төрт баламды оқыттым-тоқыттым. Зайыбым да зауыттағы энергоцехта еңбек етеді. Үлкен балам«Қазхромда» IT саласында жұмыс істейді, — дейді Жәнібек Жұмабайұлы.

Маманның іскерлігі таңғалдырады. Қатал тағдыр оны ерте есейтті. Анасынан 6 жасында айырылып, жастайынан жетімдіктің қасіретін тартқан Жәнібек жұмысқа ерте араласты. Алты баланы бағып отырған әкесіне көмектесемін деген Жәнібек жаз бойы қырда қой бағып, қызу еңбек еткенін айтады. Барлық қиындықты еңбектің арқасында жеңіп келе жатқан ол бар білгенін ұрпағына үйретумен келеді.

— Немерелеріме үлгі болу үшін үйде гір тасын беліме байлап, белтемірге тартыламын. Олардың еңбекке деген ынтасы оянсын деп өнерге баулуға тырысамын. Мәселен, маған еліктеген немерем шетелде көркем гимнастикадан жүлделі орын алды. Баланың саналы боп қалыптасуы, өсіп-өркендеуі отбасынанбасталады,—  дейді ол.

Қамбар МҰҚАШЕВ,

Хромтау ауданы.

  • Кездесу

50 ЖЫЛ БҰРЫН МЕКТЕП БІТІРГЕНДЕР КЕЗДЕСТІ

Жақында Ақтөбеде ерекше кездесу өтті. 50 жыл бұрын мектеп бітірген сыныптастар кездесуі. Олар — Қобда ауданындағы бұрынғы Новоалекссевка мектебінде оқып, 1971 жылы тәмамдаған түлектер. 70-ке жақындаған ата-әжелер бір-бірін «қыздар мен жігіттер» дейді. Қыздары ақ бантик тағып келіпті. Жігіттер ақ көйлек киген.

Кездесуді Гүлжан Шагалина мен Сазида Сембина ұйымдастырған екен.

— Мен «Б» сыныбының түлегімін. «А», «Б» сыныптарында барлығы 54 адам мектеп бітірдік, бұл кездесуімізге 23 адам келді, 10 шақты адам келе алмай қалды. 22 сыныптасымыз бақилық болып кетті. Соның бірі  — полковник Қуанышбек Бақытжанов еді. Ол 40 жылдықты өзі ұйымдастырып, 50 жылдыққа үлгере алмайқалды, — дейді Г.Шагалина.

Сазида Сембинаның айтуынша, кездесуге облыстың, республиканың түкпір-түкпірінде тұратын кластастар арнайы келіпті. «Қостанайдан Жәния, Нұр-Сұлтаннан Дәметкен, Маңғышлақтан Қымбат деген сыныптасымыз келді. Кездесуге келмес бұрын сабақ берген көзі тірі екі ұстазымыз — Гүлқасима Сейсекенова мен Розалия Алисова апайларымызға барып, рақметімізді айтып, сыйлығымызды бердік. Мәз болып қуанып жатыр», — дейді С.Сембина.

Қазыбек Кенжебаев, Марат Нұркеев пен Маралбек Есекеновтер де мектептегі балалық шақтағы қызықтарды айтып, достарын бір күлдірді.

— «Елу жылда ел жаңа» дейді. Ол кезде бәрі басқаша еді. Біз ертеңімізге сенетін едік… қазір өмір өзгерді, уақыт өзгерді.  Сыныптастар бір-бірімізді көріп, балалық шағымызды еске алып, мәз болып жатырмыз. Балалық шақтың әр күні қызыққа толы ғой. Ұлдар қыздардың шашын партаға байлап қоятын еді, қыздарға хатжазатын едік. Соның бәрі сағыныш болып қалды, — дейді М.Нұркеев.

Ал Қобдада қылмыстық іздестіру қызметінде 15 жыл еңбек еткен Маралбек Есекенов Мәскеуде жұмыс жасағанын, кейін анасы қайтыс болғасын әкесін бағу үшін елге көшіп келгенін айтады. «Қылмыстық іздестіру қызметінде жүргенімде 1986 жылы облыста қылмыскерлер мен жоғалып кеткен азаматтарды табу көрсеткіші бойынша 1-орын алдым. Менің Катани деген лақап атым болды», — дейді.

Сыныптастар бала кездегі қызықтарын айтып, суретке түсіп, ән айтып, би билеп, бір жасарып қалды.

М.ТАБЫН.      

 

  • Редакцияға хат

ОЙЫН АЛАҢЫ САЛЫНСА…

Құрметті «Ақтөбе» газетінің редакциясы!

Бұл хатты жазуға түрткі болған жағдай мынадай:

Былтыр, яғни, 2020 жылдың қыркүйек-қазан айларында Ақтөбе қаласындағы Ясный-2 елді мекеніне тас жол салынған болатын. Тасжол Курсанттар шоссесі арқылы елді мекеннің ортасынан өтеді.  Жаңадан салынған осы жолдың бойына бірқатар жол жүру белгісі қойылды. Дегенмен бұл тасжолда қандай көлік құралдарының жүруіне рұқсат етілгендігі, жүру жылдамдықтарын шектеу белгілері, жаяу жүргіншілер жолы секілді жағдайлар қарастырылмаған.

Ауылда балаларға арналған ойын алаңдары жоқ. Басшылар: «Ойын алаңын салу ауылдық жерге тиесілі емес, әр бала ауылда өз ауласында ойнауы керек», — дейді. Онысы дұрыс па? Ауылдың бүкіл баласы осы тасжолда самокат, велосипед теуіп жүреді. Велосипед, самокат дегендерді ауылдың құмдақ жолында тебу ыңғайсыз, сондықтан балалар тасжолға шығып кетеді. Алайда бір күні ойынның түбі қайғылы жағдайға алып келе ме деп қорқамыз. Себебі бұл тасжолмен күндіз-түні көлік ағылып жатады.  Осы жағдайды ескере отырып, редакция ұжымынан үлкен үміт күтеміз: тұрғындардың өтінішін қала, облыс басшыларына жеткізіп, біздің ауылда балалар ойнайтын алаң жасақтауына көмектессеңіздер екен.

Ақтөбе қаласында бүгінде көптеген ойын алаңдары салынып, балалар үшін емін-еркін ойнауға бар жағдай жасалғанын газет арқылы оқып, біліп отырмыз. Ал мұндай жақсылық ауыл балаларына неге жасалмайды? Ауыл баласы қала баласынан кем емес шығар…

 Хат соңына Ясный-2 елді мекенінің 17 тұрғыны қол қойған. 

 

  • Жеңіске 76 жыл

ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНІҢ ЕРЛІГІ

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 76 жыл толып отыр. Сол бір өмір үшін кескілескен шайқастардың тарихы алыстағанымен, Отан үшін от кешкен батырлардың көрсеткен ерліктері мен қаһармандығы ешқашан ұмытылмайды.

Ер-азаматтар қан майданда Отан үшін жан пида етсе, елдегі қарттар, әйелдер мен балалар бел жазбай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға көмектесті. Олар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен күн-түні еңбек етті.   Еңкейген кәріден бастап, балалық шағын қанқұйлы соғыс ұрлаған жастардың  төккен тері, сіңірген еңбегі қаншама!?Бүгінде солардың алды 90-нан асса, кейінгілері 80 жасты еңсерді. Қазіргі таңда қан майданға қатысқан майдангерлер саусақпен санарлық, тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп барады.

Ақтөбе облыстық қорғаныс департаментінің мәліметіне сүйенсек, біздің облыста бүгінгі таңда қан майданның ортасынан оралған 13 ардагер  қалған екен. Облыста соғыс ардагеріне теңестірілген 1714 адам, тылда еңбек еткен 4693 адам бар. Ал Қарғалы ауданында тылда еңбек еткен 124 адам тұрып жатыр. Солардың бірі — балалық шағы мен жастығын соғыс ұрлаған Ақшонық Ишангалиева.

Кейіпкеріміз 1930 жылы Новоресей ауданы Жылантау ауылында (кейін бұл ауыл Коминтерн деп аталған) дүниеге келген.Әкесі Жылан тау мектебінің 4-сыныбын бітірген, соғыс ардагері. Әке-шешесі ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен,екеуі де тыл еңбеккерлері. Ақшонық әжеміз жолдасы Ізмұханбетпен 17 жасында отау құрып, өмірге 7 бала әкелген батыр ана. Жастайынан сауыншылықты  кәсіп қылса, жолдасы механизатор маман болып еңбек еткен.

Бүгінгі таңда тыл ардагері Ақшонық әже Шәмші Қалдаяқов ауылында ұлының қолында тұрады. Өңірінде сол бір қиын кездегі еңбегінің айғағындай болған  медальдары жарқырайды. Бүгінде ол ұл-қыздарынан өрген ұрпағының ортасында алып бәйтеректей болып отыр.  Талай ауыртпалықты бастан кешкен әзиз ана «енді ешқашан соғыс өрті болмасын, ұрпағымыз бейбіт заманда бақытты өмір сүрсін» дейді.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

  • Үлгі

Менің арманымдағы мамандық

Жақында ғана кәсіби мерекесі өткен бадамшалық дәрігер Амангүл Сәбит медицина саласының қызметкері болуды бала кезінен армандаған.

Анасы медбике, әкесі мал дәрігері болып істейтін Амангүл тұлымшағы желбіреп жүрген кішкентай кезінде қуыршаққа «дәрі» беріп, «емдейтінін» күліп еске алып,  мектеп бітіргенде бірден осы мамандықты таңдағанын айтады.

— Марат Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде оқыдым. Студенттік шақ зымырап өте шықты. 2018-2020 жылдары интернатурада оқып жүргенімде Ақтөбедегі теміржол ауруханасының хирургия бөлімінде медбике болып еңбек жолымды бастадым. Ал дипломымды қолыма алғаннан кейін Ырғыз аудандық ауруханасына балалар дәрігері болып орналастым. 2020 жылдың қараша айынан бастап Қарғалы аудандық ауруханасында жұмыс істеймін. Жұмысын жаңа бастаған барлық дәрігер секілді мен де бастапқыда қатты қобалжыдым. Себебі әр науқастың ауруына шипа іздеу, емдеуші дәрігер ретінде дербес шешім қабылдау өте жауапты жұмыс. Әрі педиатр болудың да өз қиындығы бар, себебі біздер қай  жері ауырып тұрғанын түсіндіре алмайтын кішкентай балапандармен жұмыс істейміз, — дейді Амангүл.

Амангүлдің айтуынша, қазір дәрігердің қабылдауында тұмау белгілері бар балалар жиі болады. Барлық науқастардың қан талдауына тест жүргізіп, зерттеу жасамаса, оның қарапайым тұмаумен ауырып тұрғанын не коронавирус инфекциясын жұқтырғанын анықтау қиын. Дәрігер күніге түрлі аурумен келетін 5-6 науқасты қабылдайды.

— Маған учаскелік мебдике Тамара Любина көмектеседі.  Ол — өз ісін жетік білетін, кәсіби деңгейі жоғары маман. Сондықтан болар, алғашқы кезекшілікке қатты қобалжып келгенде қорқынышым тез басылды. Айналаңда қолдауға дайын әріптестерің болғаны қандай жақсы… Ешкім ауырмаса екен, балаларымыз бақытты болса екен, еліміз қауіпті індеттерден аман болса екен, — деп сөзін аяқтады дәрігер.

Набатхан ПЕРЛЕПЕСОВА,

Қарғалы ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button