Жаңалықтар

Мектепке ұстаз атын ұсындық

Темір ауданындағы Алтықарасу орта мектебінің ашылғанына биыл — 95 жыл. Ғасырға жуық уақытта алтын ұямыздан сан мыңдаған түлек ұшты. Біз де осы мектепті 1971 жылы бітірдік. Мектептегі қоңыраудың біздің сынып үшін соңғы рет соғылғанына да 50 жыл болыпты. 

Мектептегі қызықтар нешеге келсең де ұмытылмайды. 1971 жылы мектепті екі сынып, яғни 60-қа жуық оқушы бітірдік. Биыл маусымның басында елу шақты сыныптас жиналып, елу жылдықты атап өттік.

Бір кездегі бозбала-бойжеткендер бүгінде зейнет демалысына шыққан ата-әже болыпты. Көптен бері бірін-бірі көрмеген құрдастар құшақтасып, амандасып, балалық шақты, ұстаздарды, ауылдастарды сұрап, шұрқырасып қалды. Әрқайсысы мектеп бітіргелі өмірлерінде болған жаңалықтарымен бөлісті. Әрине,әуелі өмірден озған марқұм ұстаздар мен құрдастарды еске алып, Құран бағыштадық.

Бәріміз де ұстазға қарыздармыз. Оның үстіне «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» дейді. Оқушы кезімізде білім нәрін ұлттық тәрбиемен ұштастыра отырып, бойымызға сіңдірген, бүгінде жасы сексеннен асқан сынып жетекшіміз Айман Қабдірешова да осы айтулы күнде кештің сәні боп ортамызда отырды.

Кеш барысында бала кездегі қызықтар мен мектеп мұғалімдерінің бәрін айтып шықтық, еңбекке баулыған Еркін ағайымызды да еске алдық.

Әркім болашағының жарқын болғанын қалайды. Мақсат-тілегіміз орындалып, құрдастардың бірімұғалім, енді бірідәрігер, тағы бірі табысты кәсіпкер болды. Әйтеуір жерде қалған ешкім жоқ. Сыныптастардың әрқайсысы сынып жетекшімізге жүрекжарды лебіздерін айтып, ыстық ықыласын білдірді. Сыныптастар атынан Айман Қабдірешоваға естелік сыйлық пен гүл шоғын табыстадық.

Ал мектебімізге есте қаларлықтай сыйлық жасауды жөн көрдік. Ақылдаса келе, жергілікті атқарушы билікке Алтықарасу мектебіне ұстазымыз Дүйсен Усиннің атын беру жөнінде ұсыныс жасадық. Дүйсен Усин —  көп жылдар бойы Алтықарасу мектебін басқарған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері. Осы ұсынысты аяқсыз қалдырмау үшін арнайы жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобы мүшелері құрамында: Ерсайын Ұлықпанов (жетекші), Сағындық Бисенов, Жұмагүл Бақаева және мен, сондай-ақ сынып жетекшіміз Айман Қабдірешова да бар.

Нәтижесінде қазір тиісті құжаттар арнайы тексеріліп, облыстық атқарушы органнан қолдау тапты. Енді жоғары жақтың оң шешімін күтіп жүрміз. Ұсыныс оң шешілсе, мектепке жасаған сыйлығымыз да ерекше болар еді.

Оқыған мектебіміздің мәртебесі әрқашан биік болып, бітіріп шыққан әрбір түлектің елге пайдасы тиетін азамат болуын тілейміз.

Ықсан КӨШЕРҰЛЫ,

Алтықарасу мектебінің түлегі.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button