Жаңалықтар

Жазғы лагерь қызығы

Ақтөбе қаласы №60 жалпы білім беретін орта мектепте 14-26 маусым аралығында 120 оқушыны қамтитын жазғы лагерь жұмыс жасап жатыр. Лагерь балаларғамемлекет қаражаты есебінен тегін жүргізілуде.

Бұған дейін бұл мектептегі жазғы лагерь жыл сайын 300 балаға дейін қамтитын. Осылайша лагерь жұмысы қала мектептері арасында да 1-орынды көрсетіп, үздік нәтиже көрсетіп келді.Биыл да «Айналайын» жазғы сауықтыру  лагері, оның ішінде «Minions» және «Fantasy land» отрядтары кішкентай балақайлар үшін есігін айқара ашты. Қазір лагерьде 6 топ жұмыс жасап жатыр. Мұнда балалар тек  демалып қана қоймай, жан-жақты дамып, білімдерін арттырады. Пән мұғалімдері өз сабақтарын түрлі интеллектуалды жарыс, эстафета және тақырыпқа сай қойылым түрінде өткізіп, оқу жылындағы игерілген білімдерін пысықтайды. Әр күнге бекітілген жоспарға сай тренинг және балалардың ойымен шығармашылығын дамытатын ойындар ұйымдастырылады. Лагерь барлық санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарды қатаң түрде сақтап, жұмыс жасауда.

Сондай-ақ лагерьде тамақтану мәселесі де дұрыс жолға қойылған.

Мектеп басшысы Абзал Тәжімішев бастаған ұжым ата-аналармен кері байланысқа шығып, лагерь жұмысы туралы ақпарат беріп отырады.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан үлкен мектептің жазғы лагері осылайша балаларға керемет демалыс сыйлап, олардың дамуына, алдағы оқу жылына ерекше көңіл күймен баруына бар жағдайды жасап отыр.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button