Жаңалықтар

Көш  түзеліп келеді

Елімізде мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуы, оған деген құрмет әлі де өз дәрежесінде емес. Басқасын былай қойғанда, көше атауларының жазылуы, жарнамалардағы қателерден көз сүрінеді. Бірақ аталған мәселеде жауапты мамандар қол қусырып отыр деуге тағы келмейді…

Біз облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақовпен күрмеуі көп көкейкесті түйткілдер жөнінде сұхбаттасқан едік.

Ресми статистикаға сүйенсек, облыста мемлекеттік тілді қанша адам еркін меңгерген? Бұл жағынан, былтырғымен салыстырғанда, даму бар ма?

— Біздің мамандардың жүйелі атқарып келе жатқан жұмыстарының нәтижесінде облыста тұрақты тілдік ахуал қалыптасты. Тілді меңгергендер үлесі өсіп келеді. Атап айтқанда, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгергендер үлесі 94,2 пайыз, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерінің үлесі 52,7 пайыз, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі 52,9 пайызды құрады. Сонымен қатар қоғамның негізгі салаларындағы мемлекеттік тілді қолдану дәрежесі 79,9 пайызға жетіп отыр.

Биылғы қорытынды, әлеуметтік зерттеу нәтижелері қазан айында дайын болады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін арттыру мәселесі өзекті екенін ескере отырып, қажетті шараларды ұйымдастыру жалғаса бермек.

— Сөзіңіз аузыңызда, мемлекеттік тілді үйрену үшін ақысыз курстар, интернет-жобалар бар ма? Соған кеңірек тоқталсаңыз.

— Еліміздегі барша халықтың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы ретте мемлекеттік тілдің басымдылығына негізделген оңтайлы тілдік орта қалыптастыру — тілдерді дамыту басқармасының негізгі міндеті.

Бүгінгі таңда тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын  кеңейтуге  бағытталған ауқымды шаралар ұйымдастырылуда және бұл облыс тұрғындарының тілдік сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған.

Бірінші кезекте қазақ тілін үйренуге мүдделі облыс тұрғындарына мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Айталық, тілдерді оқыту орталығының курстары Ақтөбе қаласы ғана емес, орыстілді орта қалыптасқан 6 ауданда да (Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Алға, Хромтау) жұмыс жасайды. Соған сай мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген құлшыныс жақсы. Жыл басталғалы 900 адам мемлекеттік тілді оқытатын курстарға барып жүр. Бұл курсқа қатысушылардың 20 пайыздан астамын этнос өкілдері құрайтынын атап өткім келеді.

Жалпы, бүгінге дейін 16 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді оқытумен қамтылды. Өз бетімен тіл үйренем деушілерге til-aktobe.kz сайтында қашықтан оқыту курстары ұйымдастырылған. Мұнда интернет қолданушылар А-1 қарапайым, А-2 базалық, В-1 орта, В-2 ортадан жоғары және С-1 жоғары деңгей сабақтарын оқи алады. Яғни әрқайсысының тілді білу деңгейі ескеріледі. Қазіргі кезде сайтқа тіркелушілер саны — 117 960.

— Қазақ тілін оқытатын тегін курстар қай жерде екенін қоса кетсеңіз…

— Мемлекеттік тілді меңгеремін деушілерге арналған ақысыз курстар Ақтөбе қаласы бойынша Сәңкібай батыр даңғылы, 20 «А» мекенжайындағы Тілдерді оқыту орталығында орналасқан. Сабақтарға онлайн немесе офлайн қатыса алады.

Аудандардағы курстарға келсек, мекенжайын біздің басқарма арқылы біле алады.

— Елді мекен, көше атауларына келсек. Қазақыландырылуы қандай деңгейде?

— Облыс бойынша 1 облыстық маңызы бар қала,  12 аудан, 7  аудандық маңызы бар қала, 136  ауылдық округ, 359 ауыл, 5740 құрамдас бөлік, барлығы 3400 көше бар. Соның 2244-і дәстүрлі топонимдер (Наурыз, Достық, Бірлік, Бозқараған, Көкжар, Лашын т.с.с.), 1056-сы тарихи тұлғалар есімдері (Әбілқайыр хан, Жанқожа батыр, Қарағұл батыр, т.б.), 218-і топонимикалық жүгі жоқ (Мұра, Нысанды, Жасыл, Білім нәрі, Ұстаздар, т.б.) және аса танымал емес кісі есімдері (Қазкеев, Сағынов, Жанесов, Серғазы, т.б.). Осы атаулардың 96 пайызы мемлекеттік тілде қойылған. Қателер кездессе, мәселені біз жергілікті жердің әкімдігімен бірлесе отырып шешеміз. Яғни тікелей өзіміздің құзыретімізде емес.

АЙТПАҚШЫ…

Тұрғындар қала көшелеріндегі жарнамалардан қате көріп қалған жағдайда басқарманың 54-06-04, 8-701-335-30-62, 8-705-475-65-73 телефон нөмірлеріне хабарласып немесе аktobe_tilder@mail.ru электронды поштасына, Instagram және Facebook-тегі парақшаларына хат жаза алады. Олар жарнаманың орналасқан мекенжайы мен фотосын салып жіберсе жеткілікті.

— Құзырет демекші, облыстық ономастика комиссиясының жұмысын тілге тиек етсеңіз.  

— Облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова төрағалық етеді. Комиссия құрамында топонимист, филолог, лингвист, тарихшы, өлкетанушы ғалымдар, қоғамдық кеңес мүшелері бар. Комиссияның 2021 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес 4 рет отырыс өткізу жоспарланған. Наурыз және сәуір айларында комиссияның 2 отырысы өтті.

Наурыз айында өткізілген комиссия отырысына атау беру бойынша Мәртөк, Мұғалжар аудандарынан 21 ұсыныс, қайта атау бойынша Қобда, Ойыл, Хромтау аудандарынан 100 ұсыныс түсті. Барлық түскен 121 ұсынысқа комиссия мүшелері тарапынан оң қорытынды берілді.

Ал сәуір айында Әйтеке би, Қобда, Қарғалы, Ойыл, Темір аудандарынан идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанған көше атауларын қайта атау бойынша 19  ұсыныс түсіп, барлығы да өзгертілді.

— Ақтөбе қаласындағы дәмхана, дүкен, басқа да кәсіпкерлік нысандарының көрнекі ақпараттарында да қате көп кездеседі. Бұған жол бергендерге белгілі бір шара қолданыла ма?

— Қазіргі таңда көрнекі ақпарат жайы — өзекті тақырыптардың бірі. Жарнама мен көрнекі ақпаратта тіл туралы заңнаманың сақталмайтыны, жарнама мәтіндеріндегі стилистикалық, грамматикалық қателердің болуы тұрғындардың наразылығын тудырады. Бұл жерде көрнекі ақпарат бойынша басқармаға тиісті бақылау құзыретінің берілмеуі кемшілікті реттеуге кері әсерін тигізіп отыр.

Бұл тұрғыда басқарма тарапынан ерікті топпен, жастар ресурстық орталығы мен қоғамдық ұйым өкілдерімен, тіл жанашырларымен бірге тіл туралы заңнаманы басшылыққа ала отырып, Молдағұлова даңғылы, Есет батыр, ағайынды Жұбановтар, Қалдаяқов, Маресьев, Макаренко, Сәтбаев, Тургенев, №11, №12, Батыс шағын аудандарында орналасқан көрнекі ақпараттарға рейд жұмыстары жүргізілді. Шара барысында анықталған кемшіліктерді түзету үшін жеке кәсіпкерлер мен нысан иелеріне, жарнама агенттіктеріне, заңнама талаптарына сәйкес сауатты, мазмұнды рәсімделуіне әдістемелік көмек көрсетілді. Осындай бақылау жұмыстары жүргізіліп тұрады.  Бұл жұмыс Алға, Қобда, Байғанин аудандарында да жалғасты.

Жалпы, биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша 567 жарнама мәтініне рейд жұмыстары жүргізіліп, анықталған 193 қателіктің 152-сі сол бойда заңға сәйкес дұрысталды. 90 көрнекі ақпарат мәтінін түзетуге ұсыныс берілді.

Әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан қаламыздағы «Домострой», «Анвар», «Дина», «Шебер» секілді ірі сауда орындарында «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңының» 21-бабының бұзылып отырғандығы жөнінде түскен өтініштер негізінде оларға хабарласып, ретке келтірілді.

Ал тұрғындар көшедегі жарнамаларда қате көріп қалса, қайда хабарласа алады?

— Тұрғындар қала көшелеріндегі жарнамалардан қате көріп қалған жағдайда басқарманың 54-06-04, 8-701-335-30-62, 8-705-475-65-73 телефон нөмірлеріне хабарласып немесе аktobe_tilder@mail.ru электронды поштасына, Instagram және Facebook-тегі парақшаларына хат жаза алады. Олар жарнаманың орналасқан мекенжайы мен фотосын салып жіберсе жеткілікті.

Медет Жұмабайұлы, сала маманы ретінде Ақтөбедегі мемлекеттік тілге деген құрмет, жалпы, оның дұрыс қолданылуына қандай баға бересіз?

— Бүгінгі таңда Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге  бағытталған ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сондықтан облыстағы тілдік ахуал тұрақты деп айтуға болады. Тұрғындардың мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген қызығушылығы да күннен-күнге артып келеді.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button