Жаңалықтар

Адами капиталды дамыту —  ұлт болашағының кепілі

Қазіргі қоғамтануда адами капиталды қалыптастыру мен дамыту мәселесіне үлкен көңіл бөлініп жатыр. Қазақстандық әлеуметтану мен әлеуметтік философияда бұл үрдіс қазақстандық қоғам өмірінің стратегиялық маңызды саласы мен мемлекетіміздің ұлттық басымдылығы ретінде қарастырыла бастады. Адами капитал адамдардың парасаттылығы, білімдарлығы мен квалификациясы арқылы көрініс тауып, бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 1990 жылдан бастап адами әлеуеттің даму индексі (АӘДИ) әдістемесі негізінде әрбір мемлекет үшін адами әлеуетті қалыптастыру мен дамытудың жылдық талдауын жүргізді. АӘДИ анықтау әдістемесі негізгі үш өлшемге негізделеді. Біріншісі, өмірдің болжамды ұзақтығы. Екіншісі, білім деңгейі. Үшіншісі, сатып алушылық қабілетінің теңдігі (бір адамға шаққанда шынайы ішкі жалпы өніммен анықталатын өмір деңгейі).

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, адами капиталды қалыптастыратын барлық факторлардың жалпы ықпалы мынадай құрылымға ие: 60 пайыз — адам білімінің деңгейі, ал 40 пайыз — әлеуметтік шығу тегі, денсаулық пен табиғи қабілеттер. Осы орайда адами капиталды қалыптастыруда және оның тиімділігін арттыруда білімнің жетекші орын иеленетіні айдан анық. Бірақ әлемде қалыптасып қалған қағидалар бойынша, яғни адамның бәсекеге қабілетті болуы, көшбасшылық қасиеттерді иеленуі жағдайында білім беру жүйесінің принциптерін қайта қарастыру көзделіп отыр. Ақпарат кеңістігінің ұлғаюы есебінен қоғамда «білім беру» мен «білім алу» түсініктеріне қатысты белгілі бір стереотиптер қалыптасқан. Қазіргі таңда білім беру үрдісі әңгімелесу арқылы ақпаратпен алмасу, яғни оқытушы мен оқушының арасында горизонталды қарым-қатынастарының болуын меңзесе, онда білім алу өз кезегінде адамның бойында қалыптасып болған дағдылар мен қабілеттерді шыңдау, оларды жетілдіруді қарастырады. Бұл жағдайда «білім беру» мен «білім алудың» қандай формасы тиімді болатынын анықтау қажет. Тарихқа үңілетін болсақ, орта ғасырлардан бастап ХХ ғасырдың ортасына дейін жоғары білім қоғамның ауқатты өкілдеріне ғана қолжетімді болды, ал XVII ғасырда енгізілген оқытудың сынып-сабақтық әдістеріне қатысты ешбір сыни көзқарастар келтірілген жоқ. Ол өз кезегінде қоғам тарапынан жоғары білімі бар мамандарға объективті сұраныстардың болмауына және жоғары оқу орнында бір рет алынған білімнің өмір бақи жеткілікті болуына тікелей байланысты болып келді. Жағдай ХХ ғасырдың ақырғы ширегінде күрт өзгере бастады. Когнитивтік әлеуметке өту үдерістерінің пайда болуы жоғары білімі бар мамандарға сұраныстың пайда болуымен жорамалданды. Соңғы 30-50 жыл ішінде білімнің ескіру жылдамдығы кенеттен өсіп кетті. Студенттің университеттің І курстарында қолданатын ғылыми жетістіктері оқу орнын бітірген кезде өзектілігінен айырыла бастады. Бұл орайда технологияларды қолдану мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін қысқара түсті. Әлемде жоғары білімге деген сұраныстың өсуі оқытудың дәстүрлі технологиясын қолданатын жоғары оқу орындар санының көбейіп кетуіне әкеліп соқтырды. Осыған орай студенттер де көбейе бастады. Дегенмен мұндай сұраныстың өсуі оқу орындарының жетіспеуі жағдайында байқалып жатты. Мысалы, АҚШ-та сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы қалыпты, 15 миллион адамның орнына 100 миллионнан, ал Қытайда 5 миллион адамға 80 миллион адамнан келеді. Қоғамда жоғары білімді иелену сұранысын қамтамасыз ету үшін дәстүрлі технологиялар жағдайында жоғары оқу орындары мен оқытушылардың санын көбейту мәселесі пайда болды.

Ал дәстүрлі кампустық білім беру технологиясы заманауи талаптарға сай еместігін көрсетііп жатыр.  Адами капиталды дамыту аясындағы қашықтан оқыту және де бұл сәйкессіздік «білімге негізделетін қоғамның» пайда болуымен байланысты. Осы орайда мемлекетіміз бірегей әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында жаңа ақпараттық технологияларды барынша қолдану мүмкіндігін мақсат етіп отыр. Бұл пәндік курстар мен ақпараттың дәстүрлі басылым тасымалдаушыларын пайдалануды ғана емес, сонымен қатар коммуникацияның заманауи құралдарының негізінде компьютерлік оқытушылық бағдарламаларды қолдануды меңзейді. Олардың көмегімен уақыт пен кеңістіктің жағдайларына қарамай «білім беру» мен «білім алу» үдерістерінің жаңа мүмкіндіктері қалыптасады. Білім берудің мұндай түрі әлемдік тәжірибеде «қашықтан оқыту» деп аталады.

«Қашықтан оқыту» — distance learning — әлемдік жоғары оқу орындарының білім алу үрдісінің қажетті элементі ретінде қарастырылады. Соңғы жылдары Қазақстанда электронды, виртуалды білім берудің технологияларын енгізу бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол өз кезегінде белгілі бір бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Нақтырақ айтқанда, бұл – қашықтан оқытудың технологияларын енгізу, тестілеу жүйесі, ішкі жергілікті желілерді құру, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету. Еуропа, АҚШ пен Ресейдің көптеген ашық университеттері республика бойынша мамандарды іріктеп, өздерінің виртуалды университеттері арқылы даярлау курстарын жүргізіп жатыр. Жүздеген қазақстандық осы университеттерде қашықтан білім алып, екі түрлі жоғары оқу орнында оқу бағдарламасы бойынша диплом алуда. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, Қарағанды экономикалық университеттері сияқты жоғары оқу орындар осы бағытта жұмыс істеуде. Дегенмен әлі күнге дейін Қазақстанда қашықтан білім беру жүйесін қалыптастыру мен дамытуға қатысты бірегей көзқарас қалыптасқан жоқ. Көбісі оның ХХІ ғасыр білім беру жүйесінің келбетіне айналатынын ұйғарады. Эксперттердің мұндай ұстанымдары қашықтықтан білім беруді жете зерттеп, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін бөліп көрсетуді талап етеді. Оқытудың инновациялық формаларын қолдану өз кезегінде әлеуметтік-философиялық талдаумен қамтылуы тиіс. Қашықтан білім беру жүйесін талдау және оның мәнін жете түсіну осы формадағы оқытудың тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибенің зерттелуі бойынша, қашықтан білім беру үздіксіз оқытудың бір түрі бола тұрып, адамның білім мен ақпарат алу құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Еуропалық ғалымдардың бірқатары қашықтан оқыту жүйесін дәстүрлі білім беру әдістемесі ретінде қарастыруды көп жылдар бойы ұсынып келеді. Индиана университетінің оқытушылары М.Даффи мен Джэми Керкли өздерінің «Қашықтан оқытудағы тұлғаға бағдарланған теория мен тәжірибе» атты кітаптарында қазіргі заман технологияларын қолдана отырып, онлайн сабақ жүргізудің артықшылықтарын көрсетіп өтті. Олардың ойынша, онлайн сабақтар оқушылардың ізденістерін кеңейтіп, өзара интеграцияланудың алғышарттарын қалыптастырады. Өзге зерттеушілер мен оқытушылар онлайн-сабақтардың аудиторияда берілетін білімді қамти алмайтынын ұйғарады. Осыған қатысты дәстүрлі білім беру жүйесінің «ұстаздың рөлін жоққа шығармау» қағидасын ұстана отырып, оқушының тек білім дағдыларын емес, сонымен қатар тәрбиелік мағынадағы құндылықтарын қалыптастырып, дамытатыны ескеріледі. Көптеген еуропалық зерттеушілер қашықтан білім беру жүйесін зерттеу барысында оқытудың тұлғаға және мәселеге бағдарланған оқу формаларын қарастырады. Оқытудың тұлғаға бағдарланған түрі оқушының әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға негізделсе, онда мәселеге бағдарланатын оқыту оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіріп, шешім қабылдауда ұжымның мүддесін ескеруді көздейді. Қашықтан білім беру жүйесінің осы іспетті маңызды құрамдастарын тереңінен зерттеу арқылы және оларды тиімді қолданбалы формада жетілдіре отырып, практикада қолдана білу оның позитивті аспектілерін көрсетумен бірдей. Осы орайда біздің қоғам қашықтан білім беру жүйесінің артықшылықтарын қолданып, шын мәнінде заман талабына сай оқытушы мен оқушының портретін құрудың мүмкіндіктерін қазірден бастап қолға алуы керек. Білім беру жүйесі — оқытушы мен оқушының тікелей қарым-қатынасымен сипатталатын құндылықтарды қалыптастырушы үрдіс. Бұл жағдайда білім тек материалды қажеттіліктерді қамтамасыз ететін құрал емес, ол адамның өмірге деген байсалды және саналы қатынасын қалыптастыратын құндылық ретінде қарастырылады. Білім — белгілі бір теория немесе қағидамен баламалы емес, ол адамның ішкі сезімінен, түйсігінен шығатын рухани азық. Қандай да бір ілімді ішкі дүниесінен өткізіп, оның тамаша қырларын өзгелерге жеткізе білетін адам ғана «ұстаз» немесе «оқытушы» атағына лайық. Қашықтан білім беру жүйесі «ұстаздың» мұндай рөлін ескермейді. Соның есебінен біз ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан «ұстаз» бен «оқушының» арасындағы байланыстың ыдырауын көре отырып, оқытушы рөлінің трансформациялануын байқай аламыз. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша ұстаздың функциясын тьютор атқарып, оқушыларға кеңес беру және бағыт-бағдар көрсету міндетін орындайды. Осы орайда тьютордың ұстаз орнын баса алатын мүмкіндіктерін қарастырып, оларды тиімді іске асырудың шараларын қамтамасыз ету керек. Дәстүрлі оқытудың әдістері бойынша ұстаз өз оқушыларын бақылауға ала отырып, белгілі бір объективті ақпараттың жеткізу құралы болса, онда тьютордың қазіргі функциясы студенттерге ақпаратты іріктей білуді үйрету немесе объективті ақпаратты табуға бағыт-бағдар беру болып табылады. Осындай жағдайлардың орын алуы студенттердің білім алу үрдісіне жауапкершілікпен және белгілі бір дәрежеде шығармашылық ұстаныммен қарауын қамтамасыз етеді. Қашықтан білім беру жүйесі инновациялық технологияларға бағдарланған қоғамның сұраныстарына жауап бергенімен, адамның ішкі және түп қажеттіліктерін орындамауы ықтимал. Осы орайда қашықтан оқыту аясында адами болмыс мәселесінің зерттелу деңгейін анықтау керек. Өйткені адами капитал көп жағдайда материалды игілік болғанымен, адамның бойында белгілі бір құндылықтардың болуын ұйғарады. Қандай да бір құндылықтарды жетекшілік ететін адам ғана алған білімін конструктивті тұрғыдан қолдана алады.

Гүлзада ЕЛМАҒАНБЕТОВА,

Злиха НУРТАЗИНА.

 «М.Тынышпаев атындағы Қазақ

көлік және коммуникациялар академиясы» АҚ

«Ақтөбе колледжі» ЖШС

тарих және қоғамдық пәндер оқытушылары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button