Жаңалықтар

Жеделсатыларды ауыстыру неге жедел емес?

Облыс әкімі Ақтөбедегі жеделсатыларды ауыстыру жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды.

Бүгінде Ақтөбеде 605 жеделсаты болса, оның 259-ы 25 жылдан бері, яғни нормативті мерзімінен тыс қолданылып келеді. Бұл туралы қала әкімі Асхат Шахаров облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу комиссиясының отырысы барысында баяндады. Оның сөзінше, соңғы 1 жылдың ішінде күрделі жөндеуді қажет ететін және апатты жағдайдағы 11 жеделсаты алмастырылған. Жалпы, 100 жеделсатыны алмастыру үшін  910 миллион теңге қажет.

Баяндаманы тыңдап шыққан Оңдасын Оразалин қала әкіміне осы мәселені түбегейлі шешу үшін нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

11 жеделсатыны ауыстырдыңыздар. Мына қарқынмен қашан аяқтайсыздар? Айдың соңына дейін нақты ұсыныстар енгізіңіздер. Олай болмаған жағдайда қаржыландыру мәселесін қарастыратын боламыз,— деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ отырыс барысында қысқы кезең мен су тасқыны кезеңдерінің өтуі қаралды.

Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетінуақытша атқарушы Асқар Төлешевтің айтуынша, есепті кезеңде  төтенше жағдайлар тіркелмеген.

Сондай-ақ комиссия отырысында өрт қауіпсіздігі, атап айтқанда, өрт гидрантының жағдайын талқылады. Қазіргі таңда облыс аумағында 4900 гидрант бар. Былтыр 520 жаңа гидрант орнатылды.Облыс әкімі гидранттардың кез келген уақытта қолдануға дайын жағдайын қамтамасыз ету бойынша жауапты органдарға тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button