Жаңалықтар

Мәслихат депутаттары Мәртөкке барды

Облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов бастаған мәслихат депутаттары Мәртөк ауданында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Бұл туралы облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Депутаттар жергілікті белсенділермен кездесіп, Nur Otan партиясының «Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі»жол картасының сапалы орындалуына ықпал ететін мәселелер мен ұсыныстарды талқылады. Депутаттық топтың басты назарында қоқыс полигонының құрылысы болды. Олар мердігер мекеме басшысынан: «қоқыс полигонының тереңдігі қанша жәнеодан шыққан иіс тұрғындарды мазаламай ма?» — деп сұрады.

Сондай-ақ депутаттар Қазан ауылындағы құрылыс және инфрақұрылымды жүргізу барысымен танысты. Саржансай ауылында да осындай жұмыстар жүргізілуде. Мұнда 2022 жылдың ортасында 654 жер учаскесінде жобаның жалпы сомасы 438 миллион теңге болатын инфрақұрылым жүргізіледі. Ауданға арнайы келген қонақтарға Мәртөк ауданының әкімі Алмас Салықбаев аудан орталығында салынып жатқан екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен ауылішілік жолдардың жөндеу жұмыстарын таныстырды.

Бұдан соң депутаттар «Зәру» емдеу-сауықтыру кешенінде, жеке кәсіпкер Рахат Көпжанның шаруашылығында, «Есбол» фермерлік шаруашылығында болып, шаруалардың жұмысымен танысты.

Сапар соңында Елек өзені арқылы өтетін Қаратоғай-Ақтөбе көпірінің құрылысын көрді. Көпірдің ұзындығы 300 метрден асады, ал ені — 4,5 метр. Құрылысты 9 ай ішінде толық аяқтау жоспарлануда.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button