Жаңалықтар

«Ashyq» жобасына қатысушылар саны артып келеді

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова «Ashyq»  жобасын жүзеге асыру туралы баяндады.

Аталған жобаның негізгі артықшылығы — қауіпсіздік. «Ashyq» қосымшасы  QR-код арқылы қоғамдық орынға келушінің ковид статусын анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша бизнес өкілдері санитарлық нормалармен қатар, қосымша бақылауды қамтамасыз етеді.

Облыста кәсіпкерлер арасында «Ashyq» жобасына қатысушылар саны артып келеді. Бүгінде аталған жоба бойынша 318 бизнес нысаны жұмыс істейді.
— Ақтөбе облысы «сары аймақта» болғандықтан, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, бірқатар бизнес нысандары шектеу режимінде жұмыс жасауда. Алайда қызметіне тыйым салынған кейбір кәсіпкерлік субъектілері егер «Ashyq» пилоттық жобасының қатысушылары болса, шектеу шараларына қарамастан, тіпті локдаун жағдайында да жұмыс істеуге мүмкіндік алады, — дейді Сұлупан Шынтасова.
Оның айтуынша, бүгінде облысымызда жобаға қатысуға 400-ден аса кәсіпкерлік субъектісі ниет білдірген және оның 318-іне QR-код сәтті берілген. Жобаға қатысушылардың тізімі Ақтөбе облысы әкімдігінің сайтында күн сайын жаңартылып отырады.
— Кәсіпкерлер QR-код алу үшін алдымен infokazakhstan.kz сайтына өтінім береді. Сұрақтар туындаған жағдайда, біздің мамандар кеңес беруге дайын. «Ashyq» мобильді қосымшасын қолдану оңай. Нысанға кіреберісте клиент қосымша арқылы QR-кодты енгізген кезде, оның қай топқа жататынын бірден білуге болады, — дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Нысанға келуші өзінің жеке телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациядан өтіп, ЖСН дерегін теріп, өзінің нысанға келуін растауы үшін нысанның QR-кодын өз телефоны арқылы  сканерлейді.  QR-кодты сканерлеген соң, мобильді қосымшада келушінің статусы түрлі түсті форматта жанады. Мәселен, «қызыл» түс — егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.
«Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға тек азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі. «Көк» түс — ПТР-тест тестілеу тапсыруға міндетті орындардан басқа барлық жерге баруға рұқсат.
«Жасыл» түс —  жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі.
— Әзірге вакцина алған адамдар туралы деректер қосымшада көрінбейді. Қазіргі таңда «Ashyq» жобасын вакциналау паспортымен біріктіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жүйелерді интеграциялаудан кейін вакцина алған азаматтарға және ПТР-тестілеуі теріс шыққан адамдарға «жасыл» статус белгіленеді. «Көк» статус ПТР-тестілеуі жоқ және науқас адамдармен байланыста болмаған адамдарға беріледі. Қосымшаның қалған әдістемесі өзгеріссіз қалады, — деді Сұлупан Шынтасова.
«Ashyq» жобасына қатысты барлық сұрақтар бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады. Анықтама телефондары: 8 (7132) 744-607, 744-608, 744-602, 744-611.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button