Жаңалықтар

Жас мамандарға бюджеттік несиемен үй беріледі

Ауылдық жерлерде түрлі салалар бойынша маман тапшылығы сезіледі.

Соған байланысты 2014 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы» қаулы шығарған еді. Осы қаулыға сай, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен ауылға барған жас маман 15 жылға 0,01 пайыздық мөлшерлемемен берілетін бюджеттік несиемен тұрғын үй ала алады. Несиенің ең жоғары мөлшері 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 4 миллион 167 мың теңге болады.

Жоғарыда аталған қаулыға енгізілген өзгерістерге сәйкес, тұрғын үйге бюджеттік несие алу үшін, жас маманның мойнында басқа несиесі болмауы керек. Сонымен қатар өз туған-туыстарының үйін сатып алуға рұқсат берілмейді.

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасына қатысу үшін жас мамандар ауылдық жерлердегі мектеп, емхана, ветеринарлық пункт, мәдениет мекемесі, т.б. бюджеттік мекемелерге тұрақты жұмысқа орналасып, одан әрі аудандық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне хабарласуы керек.

 

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button