Жаңалықтар

Балалар қуанған күн

1 маусым — балаларды халықаралық қорғау күні қарсаңында облыстық мүгедектер қоғамы мен «Ақтөбенің күн сәулелі балалары» қоғамы бірігіп, қаладағы Даун синдромы бар 30 шақты баланы «Yurtapark» ойын-сауық кешеніне шақырып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Өзіндік ерекшелігі бар балалардың ата-аналары өзара шүйіркелесіп, әңгімелесті, біріне-бірі ақыл-кеңестерін айтты. Ал ертегі кейіпкерлері боп киінген аниматорлар балалармен ойын ойнап, суретке түсіп, күлдіртіп, көңілдерін көтерді. «Алтай» сауда үйінің әкімшілігі балалардың әрқайсысына пазлдар мен құрастырмалы ойыншықтар сыйлады.

«Ақтөбенің күн сәулелі балалары» қоғамының ұйымдастырушысы Толқын Үсенова Даун синдромы бар бала тәрбиелеп отырғандықтан, ата-аналарды жақсы түсінетінін айтты.

— Біздің балаларымызға Ресейдегідей «Солнечный дом» сияқты оңалту орталығы қажет-ақ. Ішінде психолог, логопед, дефектолог секілді мамандары болса деп армандаймыз. Қазіргі таңда оқу жасындағы балалар №7 түзетім мектебіне барады. Он сегізге толған соң балаларымыздың баратын жері жоқ. Себебі, балалардың бұл тобын бір кәсіпке бейімдеу еш жерде қарастырылмаған. Ақтөбеде ондай орталық жоқ. Біз ата-аналар балалардың өмірге бейімделмей, қоғамнан бөлініп, үйде отырып қалатынына алаңдаймыз, — дейді Толқын Үсенова.

Осы жерге баласының көңілін аулау үшін келген ата-аналардың бірі — Гүлназ Қалменова. Ол да өзінің он жастағы қызы — Жұпардың сурет салып, билейтінін, спорт гимнастикасына қатысатынын, жалпы белсенді екенін айтып, алайда болашағына алаңдайтынын жеткізді.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Алмас Жантеке:

Ата, әке ретінде балаларды жақсы көремін. Мүгедек баланың қасында күні-түні жүретін ата-аналардың шексіз махаббаты мен төзіміне ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Бүгінгі мереке — тек қана балаларға ғана емес, оларға күтім жасайтын аналардың сәл де болса жайбарақат демалуына мүмкіндік жасау. Оңалту орталығы ашылатын болса, ата-аналардың бір тілегі орындалған болар еді, — дейді.

Ойын-сауық бағдарламасынан соң шараға қатысушылар мерекелік түскі астан дәм татты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button