Жаңалықтар

Ақтөбе медициналық колледжіне жатақхана қажет

«Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалы жанындағы мониторинг топ Қазақ-орыс халықаралық университеті, Қазақ гуманитарлықзаң университетінің колледжі және М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі жанындағы студенттер жатақханаларына рейд жүргізді.

«Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин бастаған, құрамында Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Жұмашев, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының маманы Сұлтан Махин, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жастар ісі жөніндегі комитеттің басшысы, Nur Otan партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің мүшесі Нарқозы Қартжан бар мониторингтік топ белгіленген тәртіп бойынша жатақханалардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын тексерді.

Бүгінде Қазақ-орыс халықаралық университеті жанында әрқайсысы 60 орындық екі жатақхана бар. Қазіргі уақытта бір жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал екінші жатақхананың жағдайы талапқа сай. Алайда студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау құрылғылары орнатылмаған. Мониторингтік топ құрамы жоғары оқу орындары басшылығына осы мәселеге мән беруді ескертті.

Ал Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінде бүгінде 1600 оқушы оқиды. Ал жатақханасы 150 орынға арналған. Жыл сайын мұнда 500-ден астам оқушы жатақханаға орналасу үшін кезекте тұрады. Білім алушылардың барлығын қамтамасыз етуге колледждің мүмкіндігі жоқ. Оқу орнының басшылығы бұл мәселені жылда көтеріп келеді. Олар облыстық денсаулық сақтау және білім басқармаларына қосымша 350 орындық жатақхана салуға сұраныстарын жолдаған. Мониторингтік топ аталған мәселені бақылауға алатындығын жеткізді.

Қазақ гуманитарлықзаң университетінің колледжі жанындағы жатақханаға қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оқу орнының құрылтайшылары бұл жатақхана ғимаратын алдағы жылы оқу ғимаратына айналдыруды жоспарлауда. Осыған байланысты аталған оқу орында кемінде 60 орындық жатақхана мәселесі туындап отыр.

Топ жетекшісі Әнуар Искариннің айтуынша, бүгінгі күні облыста 4 жоғары оқу орнына қарасты 12 жатақхана (4617 орындық), колледждер жанында 28 жатақхана (3681 орындық) бар.

— Жыл басынан бері мониторингтік топ 8 жатақханаға рейд жүргізді. Рейд барысында жатақханалардың материалдық-техникалық базасына, студенттердің демалатын орындарының жайлылығына, бір бөлмеде қанша студент орналасқандығына, асханаларының жағдайына (онда электрондық пештің болуы), компьютерлік кластың болуына, студенттердің қауіпсіздігіне (бейнебақылау камераларының орналастырылуы), жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне мән береді. Анықталған бірқатар мәселелер мен талапқа сәйкес келмейтін кемшіліктер осы жұмыс бағытында әзірленген сараптамалық анықтамада көрсетіліп, «Jas Otan» жастар қанатының орталық аппаратына жолданып отырады. Әрі қарай анықталған олқылықтар мен мәселелер шешімін тапқанша біздің бақылауымызда болады, — дейді ол.

Айта кету керек, елдегі қазіргі ахуалға байланысты оқу орындары жанындағы барлық жатақхана бос тұр.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button