Жаңалықтар

Қобдада Сапура Мәтенқызына көше атауы берілді

Тарихта «Көрінбейтін Көктемір» аталып кеткен ел-халқының азаттығы үшін күрескен батыр қыз Сапура Мәтенқызының ерлігін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында облыста көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Тарихқа сүйенсек, батыр қыз он сегізінші ғасырдың жетпісінші жылдарында әйгілі Пугачев көтетірілісіне қатысқан. Кейін Пугачев бүлігі басылған соң, «көтерілісшілерге дем бергендерді» жазалаушы атақты қолбасшы Суворовтың жасағына қарсы тұрған қалың қолды басқарған. 1775 жылдың қыркүйек айында Елек, Қобда сағасында отырған қазақ руларының жазалаушыларға қарсылық танытып, атқа қонған қолын басқарған Сапура Мәтенқызы болған деседі, бұл толқу тарихқа «Көктемір көтерілісі» деген атаумен енген екен.
Сол замандағы идеологияға байланысты Сапура Мәтенқызы туралы көп айтылмады. Ел тәуелсіздік алып, тарихымызды түгендеген тұста ғана зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. Өңірде жүргізіліп жатқан шаралар, Қобда ауданында көшеге батыр қыздың есімі берілуі — сол игі жұмыстарың бір парасы.
Ақтөбе облыстық әкімдігі жанындағы облыстық ономастикалық комиссияның биылғы 21-сәуірдегі қорытындысына сәйкес, Қобда ауылдық округі Қобда ауылының Щербак атындағы көшесі өзгертіліп, бұдан былай бұл көше Сапура Мәтенқызы есімімен аталатын болды. Бұл құжат облыстық ономастика комиссиясының хаттамалық шешімімен мақұлданды. Батыр көшеге қыздың есімін беру — оның ерлігі мен өмірін кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында жүргізіліп жатқан игі істердің бірі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button