Жаңалықтар

Бақ қонған баталы азамат

Мерей

Ағайын арасындағы қазақы дәстүрлерге кеңес заманы толық тыйым сала алмағанын білетінбіз. Атаның бұйрығымен бір үйден тараған екі ағайынды жігіттің алғашқы перзенттерін ауыстыртып сүйдіргенін, соғыстан қайтпаған боздақтың аты өшпесін деп атына жаздырғанын көргенбіз. Ал енді бір үйдің алғашқы үш ұлын бірдей ата салтымен ағайынға бергізіп жібергенін естімеппіз. Осындай жағдай өткен ғасырдың елуінші жылдары ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай сақталған Шалқар сынды қазақы өңірде, Елеусіз бен Алмажанның отбасында болыпты. Салт-дәстүрге беріктіктің, үлкенді, аруақты сыйлаудың мұнан артық мысалын айта аламыз ба?

Ағайыншыл отбасында

Не деген көнбестік, не деген шыдамдылық, төзімділік! Бауыр еті баласын далаға кетіп жатқан жоқ, туысымызда ғой, үлкендерді ренжітпелік, наласына қалармыз, аруақ аттамалық, батасын алалық деп, жайсаң азамат, ибалы келін мәрттік танытып отыра берген. Солай үш ұлды таратып беріп, арада екі жылдан соң төртінші перзенттері қыз бала дүниеге келгенде, шіркін, ана жүрек шыдамапты. Жайлаудан, сый-сыбағасын түйеге теңдеп, үй мен түздің шаруасын жер қозғалса қозғалмайтын отағасына тапсырып, Шалқарға тартқан. Ата-ене, қайнаға түгілі, күйеуінің атын атамайтын ибалы келін жол-жоралғысымен именіп келгесін-ақ шаңырақ иесі — ақсақал бірден сезіп: «Әйтөрин шаңырағын ұстайтын ұлым деп иемденгенмін. Қолымды қақпадыңдар, туыстық ықыластарыңа ризамын, келін. Өзім де обал жасадым-ау деп жүр едім. Ұлыңды қайтып ал. Мен сеземін Қонысжан пысық болып өседі» депті.

Содан ұлын екінші рет дүниеге әкелгендей қуанған ана, шаттанып Тұз базындағы қонысына жеткен. Мәселенің ың-шыңсыз шешіліп, баласының үйге оралғанын әке де бөтен көрмейді ғой, 1951 жылы туған ұлдың 1953 жылы дүниеге келген қызы Сапураның шілдеханасымен біріктіріп тойын жасайды. Жағалай отырған малшы ауылдың адамдары мәре-сәре болысады. Бұл кезде жасы қырықты аралап жүрген Елеусіз малшы еді. Соғыстан жарақаттанып оралғасын еңбекке араласып, алғашқы жылдарда ферма меңгерушісі, бригадир болып жүріп, өзінен кейінгі оқыған-тоқыған буын көбейгесін, біржола мал бағуға ауысқан-ды. Сертке берік, көп сөйлемейтін, томаға тұйықтау азамат екен, жарықтық. Білгенінің бәрін кез келген жерде ашылып айта бермейтіні де бір қасиеті. Ал енді кейде, тыңдаушылары кездессе, көңілі шалқып әңгіме айтса, дес бермей кететін. Әсіресе шежірені жақсы білетін, тыңдаушысы келсе, еліктіріп әкететін де қасиеті бар-ды.

Жары ағайын арасына реніш түсірмей  ұлын қолына қайта оралтқасын-ақ, әке баланы жанынан қыл елі қалдырмады. Қайда барса да ертіп жүретін болды. Соғыс салған зардаптан көзі алысты нашар көретін. Мал баққан адамға ол күнде қиындық көрсететін. Енді үнемі жанында жүретін ұлы өзіне далада жүргенде «дүрбі» болды.

Жарықтық, қазақтың ақсақалдарын әулие емес деп кім айтады?! Атасының «Қонысжан пысық болып өседі» дегені тегін болмады. Баланың алдағы күллі өмірін болжап айтқандай екен. Қаршадайынан әкеге қолғанатқа жарады. Бес жасында тайға, жеті жасында атқа мінді. Бала болып ойнаған да емес. Қысы-жазы шет жайлап, қиыр көшіп жүретін малшының үйіндегі бала кіммен ойнайды? Бірақ оған қабақ шытып, зеріккен жоқ. Ойынның орнын әкенің, келген қонақтардың  әңгімелеріне құлақ түріп толтыратын сияқты. Кішкентайынан үлкендер әңгіме-дүкен құрған жерді үйірсектейтін.

Денсаулығында кінәрат болғасын отағасы мал баға жүріп, жылқы малын да үзбей қолда ұстады. Бие байлап, қымыз ішті. Жүйріктің де түр-түрін мінді. Содан да бала қаршадайынан ер қанаты — жылқы екенін біліп өсті. Асыл түліктің қасиеттеріне ерте қанық болды.

Ол кездегі  мал баққан үйдің осындай өмірлік үйрететін сабақтарымен бірге, тұрмыс жағдайында да қиындықтар аз емес-ті. Мысалы, мектеп жасына жеткенде Сарқамыс сегізжылдық мектебінде малшы балаларына арналған жұпыны интернатта жатып оқыды. Мектеп директоры Әлібай Есжановты, алғашқы ұстазы Жалжан Ділмановты, әрине, ұмытқан жоқ. Одан әрі білімін Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде жалғастырғанда да үйден бөлектену, ата-анадан ажырап сыртта жүріп оқу алдынан шықты. Ол кездегі малшы балалаларына ортақ жағдай еді бұл.

Сондай түрлі қиындықтармен орта мектепті аяқтағанда, тағы бір кедергіге тап болды. Қазақшылық дәстүрмен таласқа түсіп жүрген баланың туу туралы куәлігі алынбапты. Соны білгесін, пысық бала ауылдық кеңеске барып, түпнұсқасын тексертсе, алдыңғы ағаларының есімдеріне ұйқастырып, ауылдық кеңестің төрағасы сыртынан Қанатбай деп жазып жіберіпті.

Екінші рет қайталап берілген сол туу туралы куәлігімен Ақтөбенің пединститутына емтихан тапсырып, физика-математика  мамандығы бойынша қабылданды. Студент атанған қуанышын жеткізу үшін Сулыкөл жайлауында отырған әке-шешесіне құстай ұшып жеткені әлі күнге есінде. Өйткені сол кездегі тәртіп бойынша оқуға қабылданған студент сабақ басталғанға дейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге тиіс еді. Қанатбайдың да Комсомол ауданының астықты кеңшарының біріне баратыны белгілі  болған. Мұнда да кеңшар қоңыр тірлікпен қарсы алды. Жататын, тамақтанатын орны клуб үйі болды. Бір тәуір жері — «қызыл бұрыш» ішінде, кітап оқуға мүмкіндік көп. Содан қолына Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» романы түскені. Мәди ақын туралы кітап жас жігітті баурап алды. Бас алмастан оқып шығып, болашақ ұлымның есімін Мәди қоямын деп түйді сол жерде.

Студенттік жылдарда өзге тұстастары сынды Қанатбай да Ақтөбенің облыстық театрында өтетін жастар кешіне қатысып, талай аруларға көз салып, болашақ жарын іздегенін жасырмайды. Жастай үлкендердің сөздеріне құлақ салып, Бұқар жыраудың «Жаман қатын алмаңыз, жаман қатын алсаңыз, топқа кірер ұл тумас» деген нақылдарын жаттап өскен-ді. Осы талапты есінен шығармаған ол кей жастардай жастықтың буымен желпілдемей, желікпей  жолында кездескен сұлуларға сыни көзбен қарады.

Әйтсе де алғаш 1971 жылы «Қыз Жібек» фильмі экранға шыққанда, Алматыға тартып тұрғаны бар. Астанаға әдейі «Қыз Жібек» фильмін көруге келді. Бұл — қазақ мәдениетіне деген құштарлығы болса, тағы бір ойы — Сарқамыс сегізжылдық мектебіне бірге оқыған қыздармен жолығысу, сыр тарту болатын. Алайда ол өзінің Қыз Жібегін Алматыдан емес, сол сапардан оралғасын, Ақтөбеден тапты. Зейнегүл есімді ару кооператив техникумын бітіріп, өзінің туған ауданы Шалқардың теміржолшыларды жабдықтау мекемесінде товаровед болып қызмет істеп жүр екен.

Пысықтық танытқан шақ

Институтты бітіргенде қызбен үйленуге де үйғарым жасалып қойған-ды. Алайда тағы бір кедергі көлденең тұрды. Сол кездегі тәртіп, жоғарыдан берілген жолдама бойынша Торғайға барып үш жыл жұмыс жасауы қажет болды. Қызға «Ал кеттік бірге!» деді. «Кеттік!» деп келісті ол да. Бірақ жігіт: «Торғайға бірге кете алмаймыз. Жасы жеткен әке-шешеме берген уәдем бар. Үйленіп кетсем, сол жақта қалып қояды деп уайымдайды» деп сол сәтінде айныды. Сөйтіп тұрып, «Мұның тек бір жолы бар, мен Торғайда өтетін мына  үш жылды қысқартып, бір жыл ғана қыламын. Ол үшін шамалы жұмыс жасап, күзде сұранып әскерге аттанамын. Институт бітіргендерге әскер бір жыл, сосын қайда барсам да еркім бар» деді. Табылған ақыл деп, екі жас осыған тоқтады.

Бұл жерде де әңгімеміздің басында айтқан, атасының «ішім сезеді, Қонысжан пысық болады» деген болжамы аумай келеді.

Торғайдың Қызбел ауылындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастап, шамалы уақыттан соң әскерге аттанып, пысықтығының, қиын жерде жол табатын алғырлығының, адамдармен тілтапқыштығының арқасында өз ойын орындап, арада жыл өткенде елге оралды.

Шалқар — үлкен аудан. Халқы көп. Теміржол, тасжол сияқты күре жолдардың бойында жатқан өркениетті аудан. Бұл елдің азаматтарының өзге өңірлерде қызмет істеп жүретіні тегін емес. Сондай халқы тығыз орналасқан, оқыған-тоқыған кадрлары мол өңірде жұмыс табу қиынның қиыны. Қанатбай да жұмыс іздеп ашпаған есігі қалмайды. Ақыры, анасының қыз кезіндегі құрбысы Сүйініштің, оның ері Өксікбай Тілеубергеновтің көмегімен аудандық оқу бөліміне қызметке тұрады.

Бұдан кейінгі еңбек, өмір жолы даңғыл болып ретімен келе береді. Әсіресе құтты жыл болған 1975 жыл әр кез санасында жаңғырады. Осы жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Наталья Николаевна Шилова қызметке шақырып, аудандық комсомол комитетіне нұсқаушылық қызметке келеді. Сол жылы үш жылдан астам бір-бірін біліп, жүріп қалған Зейнегүл екеуі отбасын құрады.

Сөйтіп, өзінің тұстастары сынды қаладан пәтер жалдап басталған өмір, бірте-бірте жақсарып, жеке үй-жайлы болып, қызығына тарта береді. Арада көп уақыт өтпей жас жігіттің жастар арасындағы жалынды ұйымдастырушылық қызметін сырттай бақылап жүрген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Төребаев телефон арқылы сөйлеседі. Соның нәтижесі — ұзамай аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланады. Мұның өзі келешекте алынар асудың басы болатын.

Соның алдында тұңғыш ұлы дүниеге келіп, баяғы бозбала күніндегі арманы бойынша сәбидің есімін Мәди қояды. Оған жалғасып, сол комсомолда қызметте жүргенде, екінші перзенті Гауһар өмірге келеді.

Елеулі есім

Осылай басталған жастың есімін, отбасын әуелі Шалқар білді, сосын одан тыс жерлерге де тарай бастады. Кешегі кеңес заманында комсомолдан келіп, аудандық партия, совет органдарында басшылық қызметтердің тізгінін ұстады. Ел Тәуелсіздік алғасын аудандық кеңестің төрағасы, Шалқар қаласының әкімі, аудан әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 2002 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, жолаушылар көлігі  және автомобиль жолдары басқармасының бастығы қызметтерінде болады.

Сол қызметтерде жүргенде әманда халықтан алғыс, үлкендерден бата алуды бір бүйірінде ұстайтын азамат, көпшілік еске ала бермейтін бір шара жасады. Қаладағы «Кездесу» мейрамханасында батагөй ақсақалдар мен әжелерді жинап, өз қаржысына дастарқан жайды. Сондағы тілегі — баталарын алу. «Батамен ер көгерер» деген әкенің құлағына құйған қағидасын ұмытпау. Және соның растығына бұл жолы да көзі жетті. Үш ұйықтаса түсіне кірмеген, ойламаған жерден Ойыл ауданына әкім болып тағайындалды.  «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей істер атқарды. Жоғарғы атқарушы биліктің өз алдына қойған тапсырмаларын абыроймен орындады. Қобда-Ойыл көтерме жолы асфальтталды. Аудандық аурухана құрылысы аяқталды. Аудан орталығындағы автокөліктер гаражы спорт мектебіне айналдырылды. Мәдени ошақтардың ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Әлі де біраз игілікті істер кезек күтіп тұрған. Бірақ осы кезде тағы да бір тосын оқиға болды. Ұлы Мәди Мәртөк ауданына әкім болып тағайындалды. Бірсыпыра күн әке мен бала екі ауданға қатар әкім болып тұрды. «Арғы заманда болыс боп екі өңірді билеген күн!» деп, ағайынды Дәкен-Мұқаш әнге қосқанда жарасқан шығар, бірақ бұл осы заманға үйлеспейтін жағдай, уақыт алған, жас өскен екен, мен билігімді тапсырамын» деп, облыстық әкімдікке келіп, өтініш жасады. (Кейін Мәди Қанатбайұлы Әйтеке би, Ырғыз аудандарының да  әкімі болды).

Соның өзінде атқарушы билік Қанатбайдай білікті кадрды шегермей, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметіне тағайындады. Одан облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы лауазымында отырды. Зейнеткерлікке Ақтөбе облысы бойынша бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің директоры қызметінен шықты.

Қандай лауазымды қызметте жүрсе де, кітап оқу, тарихи аңыздарды жинау, өз әкесінен бастап, үлкен қариялардың шежірелі әңгімелерін тыңдау, оны түртіп, жазып жүру, күнделік толтыру оның хоббиі болатын. Шалқарда қызмет істеп жүргенде «Қала тынысы» атты алғашқы тәуелсіз газет ашып, журналистерге жұмыс тауып берген кезі де бар. Ұзақ жылдардан бері оның жеке мұрағатында, санасында Сайрам соғысы қолбасшыларының бірі, атақты би Тілеу Айтұлы жайында біраз деректі, тың материалдар да жиналып қалған-ды. Енді осыларды шығару үшін ауызы дуалы ақын Есенбай Дүйсенбаевтан, қаламы жүйрік журналист Идош Асқардан бата алу керек болды. Солай істеді де! Солардың нәтижесінде 2001 жылы «Жазушы» баспасынан «Адамның сұңқары» және осы баспадан 2007 жылы «Тілеу батыр» атты тарихи-танымдық кітаптары шықты.

2012 жылы «Арыс» баспасынан басылып шыққан «Сағыныш» атты кітабы қаламгердің есімін елдің қалың оқырманына кеңінен мәлім етті. Мұның негізі —анау бір жылдары қытай елінің астанасы Бейжіңде мұнай-газ университетінде оқыған ұлы Нұрханға жазысқан хаттары еді. Жас балаға тәлім-тәрбие ретінде жазған жеке сезімдері елдік, ұлттық мән-мағынаға ие болып, елдік мәселелерді қозғаудың деңгейіне көтеріліп, қалың оқырманның қызығушылығын туғызды. Қазір Қазақ радиосындағы «Хаттар, хаттар» бағдарламасы бойынша осы кітаптан апта сайын эфирге хабар таратып тұрады.

Осы мамырдың 28 күні 70 жасын атап өткелі отырған мерейлі жас иесі Қанекең өмір жолын түйіндей келіп:

— Таяуда «Өмір — керуен» атты тарихи деректі хикаят бітірдім. Бұл жолы батаны елдің қалаулысы болған, үлкен ғалым-ұстаз Амангелді Айталы ағадан алдым, — деді.

Философия ғылымдарының  докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры  Әбекеңнің батасы — жаңа кітаптың алғы сөзі екен. Кітап жайындағы пікірінің біссмілләсында: «Бұл еңбекті  тарихи-этнографиялық хикаят деуге болады. Ол бір отбасының ғана тұрмыс-тіршілігін баяндаған шығарма емес» деп бастапты.

Біз де академик ағаның пікірінен шығарып, Қанатбай Елеусізұлының жеті белесі еліміздің, халқымыздың өсу, даму жолымен астасып жатқан өмірбаян деп түйгіміз келеді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button