Музей ісі қор қоймасынан басталады…
«Театр киім ілгіштен басталатыны» секілді кез келген музейдің жұмысы оның қорындағы байлыққа байланысты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 117 мыңнан астам құнды жәдігер бар екен. Оның тек белгілі бір бөлігі ғана экспозицияға қойылады және экспозициядағы жәдігерлер қажеттілікке сай тұрақты алмастырылып тұрады.
Еңсесі биік тарихи орданың қорында сонау тас дәуірінен бастап бүгінгі күнді қамтитын өлке тарихына қатысты құнды дүниелер бар. «Біздің музейдің қорындағы әрбір жәдігер «сөйлеп тұр», жазамын десеңіз, бұл жердің жәдігерлерінің тарихын зейнетке шыққанша тауыса алмайсыз», — дейді әзіл-шыны аралас осы музейдің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері Сағымбек Ұлықпанов.
18 мамыр — Халықаралық музейлер күні. Бұл мереке 1977 жылдан бері аталып келеді екен. Мереке қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің бүгінгі тынысы туралы білгіміз келді, оны оқырманға жеткізгіміз келді…
Тас дәуірінен бүгінге дейін…
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі — ұлтымыздың рухани асыл қазыналарын және өлкеміздің өткені мен бүгінінен сыр шертетін, құнды жәдігерлерді жинақтап, насихаттайтын ғылыми-зерттеу ошағы. Рухани орданың сыртқы келбеті — жаңа ғимарат қаншалықты еңселі болса, ішіндегі деректердің тарихы соншалықты терең.
— Қорымыздың байлығы — археологиялық және этнографиялық коллекцияларымыз да жыл сайын экспедиция, қазба жұмыстары нәтижесінде толығып тұрады. Біздің өңір көне ескерткіштерге өте бай. 2012-2013 жылдары Ойыл ауданында қазба жұмыстары жүргізілді. Ойыл ауылынан 16 шақырым жердегі Құмсай қорымы археологтар үшін өте сирек кездесетін олжа болды.
2017-2018 жылдары Ойыл, Қобда өзендері бойында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 300-ге тарта ғұн дәуірі ескерткіштері анықталды.
2019-2020 жылдар да жаңалықтарға толы болды. 2019 жылы музейдің археологиялық экспедициясы негізінде Ойыл ауданы аумағында орналасқан ғұн-сармат кезеңінің объектісі Сорлақмола ІІ қорымында, Ойыл ауданының Көптоғай ауылынан батысқа қарай 24,6 шақырым жерде орналасқан Шөптікөл-I қорымына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, — дейді музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытжан Қалнияз.
Музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі — археология. Бүгінде жергілікті музей археологтары еліміздің батыс өңіріндегі алдыңғы қатарлы мамандар ретінде аталып жүр. Музей жетекші мәдени, ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, сонымен қатар Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институты бар. Аталған академиялық институттармен бірлескен ауқымды жобалар аясында көптеген жұмыстар атқарылды.
— Солардың ішіндегі маңыздысы — соңғы жылдары археология саласында үлкен жаңалық болған Ақтөбе облысы Темір ауданының Taсқопа ауылы маңындағы элиталық қорымнан сақ-сармат дәуіріне жататын бірегей құнды жәдігерлердің табылуы. Осыдан екі мың жарым жыл бұрын өмір сүрген сармат көсеміне тиесілі алтын бұйымдар ел аузында Ақтөбеден табылған «Алтын адам» аталып кетті.
Бүгінде Сармат көсемінің ғылыми реконструкциясы музей базасында қайта қалпына келтіріліп, көрмеге қойылды. Музей төрінен орын алған, көпшіліктің қызығушылығын арттыратын құнды экспонат Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына үлкен тарту болды. Ғалымдар құнды жәдігер бір өлкенің ғана емес, еліміздің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық деп жоғары бағасын берді, — дейді Бақытжан Қалнияз.
Тоқсан жылдан астам тағылымды тарихы бар музейде келушілерге 10 тақырыптық-экспозициялық зал қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, «1869-1940 жылдардағы өлке тарихы», «Ерлік пен Даңқ», «1945-1991 жылдардағы Ақтөбе өлкесінің тарихы», «Тәуелсіздік жолымен», «Табиғат», «Археология» және «Этнография», құнды және сирек кездесетін экспонаттар қойылған «Алтын зал», «Қазақ хандығы», «Руханият» залдары және бір көрме залы бар.
Бұл күрделі тұрақты экспозициялық-тақырыптық зал жасақтау жұмыстары музейдің ғылыми-зерттеу әлеуетінің және бөлім қызметкерлерінің ғылыми шығармашылық ізденістері мен тәжірибелерінің арқасында жүзеге асқанын ерекше атап өткен жөн.
— 2020 жылдың қазан айында облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті ғимаратынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» көрме-залы жасақталып, келушілерге есігін айқара ашты. Көрме залына ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ақтөбе облысы аумағында Ислам дінінің таралуы және өңірдің діни қайраткерлерінің, рухани ағартушылардың қызметі, киелі орындар, мешіттер, қорымдардың экспозициялары жаңадан жасақталып, қойылды.
Экспозицияларда діни қайраткерлердің фотосуреттері, қолданған жеке заттары, Құран кітаптары мен қолжазбалары және облыс аумағындағы ескі мешіттердің макеттері қойылған. Атап айтсақ, залда Шәкен ишан мешітінің, Ойсылқара әулие кешен қорымының, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің, Ойыл ауданындағы Көкжар мешітінің, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің макеттері, Қасиетті Қағба, діни қайраткер Манас Қалиұлының киімдері, сопылардың киімі, Бауыржан Есмаханның қажылық сапарда киген ихрам киімі, Байғанин ауданында имам болған Иван Қазанбаевтың қажылық сапарда киген галабея киімі, кеңес заманында Қобда жерінде молда болған, Ұлы Отан соғысының ардагері Шәріп молда Таңатаровтың келі, келсабы бар. Келі, келсапты баласы Төлеген Таңатаров тапсырған. Шалқар жерінде өмір сүрген, Ақтөбе аумағының мухтасибаты міндетін атқарған Аманғали ахунның жеке мөрі мен Құран кітабы да бар. Жалпы, бұл залға 365 экспонат қойылды, — дейді қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің қор сақтаушысы Ләззат Нұркеева.
«SAQTAU» сақтайды
117 000-нан астам экспонат сақталған музей қоры құнды жәдігерлер, коллекциялар мен құнды деректерге толы 7 қоймадан тұрады. Түрлі сипаттағы музейлік мәні бар заттардың атрибуциясы, бастапқы зерделеу жұмыстары осы қор қоймасынан бастау алады.
— Заманауи талаптарға сәйкес музей қорындағы экспонаттарды цифрландыру, сандық көшірмесін жасау, жаңа форматқа ауыстыру жұмыстары «SAQTAU» автоматты-ақпараттық бағдарламасы арқылы жүргізіліп келеді. Ақпараттық жүйе арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі, көрмелер мен экспозициялар дайындалады және сұраныс арқылы жазбалар іріктеліп, ірі ғылыми-анықтамалық ретінде мәліметтер беріледі, — дейді қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Ғаббасов.
Көрме залдарындағы LED экрандар, интерактивті виртуалды кітап, музей залдарын қашықтан тамашалау мақсатында іске қосылған виртуалды тур, виртуалды голографиялық кешен арқылы келушілер экспонаттардың бейнесін жан-жақты көре алады. Келушілерге арналған тақырыптық залдарда бағдарламалық кешені бар ақпараттық киоскілер қойылған. Қала мен облыстың көрікті жерлерін тамашалауға музей залында арнайы бағдарлама арқылы АR-карта берілген.
Музей қорындағы бірегей жәдігерлердің құны жоғары. Мәселен, қорда жиналған дәстүрлі өнер коллекцияларының ішіндегі қайталанбас туындылардың бірі — зергерлік бұйымдар. Бұл бұйымдар музей қорына 1953-1980 жылдары тапсырылған екен.
1947 жылы тапсырылған Есет батырдың сауыты, Арынғазы ханның сауыты, сүйектелген сандық (авторы белгісіз), 1972 жылы тапсырылған сүйектелген ер (авторы — қолөнер шебері Қарамұқан Басшин), 1986 жылы тапсырылған генерал-лейтенант Жансен Кереевтің әскери киімі секілді жәдігерлер экспозиция залында лайықты орнын алған.
Жәдігерлер жерде қалмасын
Музей қорын толықтыру мақсатында жыл сайын 18 мамыр — Халықаралық музейлер күні дәстүрлі түрде «Музей түні» өткізіледі. Осы шара аясындағы «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы кезінде қызметкерлер қала тұрғындарының қолындағы құнды музейлік заттарды музей қорына қабылдап, толықтырылып отырады. Биыл «Музей түні» карантиндік шараларға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылмақ.
— Жыл сайын «Музей түні» мәдени шарасына келушілер қарасы көп болады. Биыл облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес барлық шара 18 мамыр күні сағат 18.00 мен 00.00 сағат аралығында онлайн жүргізіледі. Мәселен, «Музейдегі қор ісі мәселелері мен шешімдері» аудандық музейлерге арналған ғылыми-әдістемелік семинар ЗООМ платформасы арқылы ұйымдастырылса, «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы Ақтөбе өңірінің жыршы, жыраулары» тақырыбындағы кездесу, қолөнер шебері Ерқосай Әбіловтің қамшы тоқудан шеберлік сағаты, «Руханият» залы, «Өлке табиғаты» залы, «Алтын адам» онлайн экскурсиясы әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз арқылы тікелей эфирде өткізіледі. Сонымен бірге қазақша караоке, табиғат әлеміне саяхат онлайн викторинасы да ұйымдастырылмақ, — дейді директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытжан Қалнияз.
Мейрамгүл САТАЕВА.