Жаңалықтар

Облыста жастарды қолдайтын кеңес құрылды

Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Отырыста қоғамдық кеңестің құрамы бекітіліп, негізгі міндеттері мен жылдық жоспары талқыланды.

Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының «Болашағына сенімді жастар» бағытын тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасының орындалуын бақылау мақсатында Nur Otan партиясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды.

Аталған қоғамдық кеңестің құрамында 15 адам бар. Олар — облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, партияның беделді және белсенді мүшелері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, блогерлер.

Қоғамдық кеңестің төрағасы болып облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жастар қанатының төрайымы Бақыт Молдагереева бекітілді.

Отырыс барысында Бақыт Молдагереева кеңестің негізгі міндеттері партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын қамтамасыз ету, 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын және оны іске асыру жөніндегі жол картасының орындалуын бақылауды жүзеге асыру, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ықпал ету, жастар саясатында заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу екенін атап өтті.

Ал «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искариннің айтуынша, партияның 2025 жылға дейін «Жастар — Отанға!» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыста, сондай-ақ әр ауданда жол карталары әзірленіп, бекітіледі.

Жол картасында волонтерлік қызметке тартылған жастардың үлесін арттыру, үш ауысымды мектептер санын азайту, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін төмендету секілді мәселелер қамтылған. Өңірдің ең өзекті деген түйткілдері «Жастар Отанға!» бағдарламасындағы азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму және бос уақыттарын тиімді өткізу бағыттары бойынша бөлінді. Алдағы уақытта әр бағыт бойынша жол картасында межеленген міндеттердің орындалуына жауапты ретінде жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңестің 5 мүшесін бекіттік, — деді ол.

Басқосуда кеңес мүшелері Әнуар Искариннің ұсыныстарын бірауыздан қолдап, өздерінің жеке ой-пікірлерін ортаға салды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button