Жаңалықтар

Жеңіс жауынгерлері жоғары құрметке лайық

Жылда Жеңіс күні жақындаған сайын сонау бір ел қорғаған, ерлеріміз қан майданда бейбіт күн үшін қан төккен кезеңдер ойға оралады.

Жалаулатқан жиырма жасында от пен өрт ортасында жүріп, күн мен түннің айырмасын ұмытқан, бар арман-мақсаты — елімізді жау езгісіне қалдырмай, алға ұмтылған фашистің бетін қайтарып, өз ұясында талқандау болған жауынгерлеріміздің көпшілігі елге орала алмай қалды.

Ал Жеңіс жалауын көтеріп, соғыстан кейінгі бейбіт күнде еңбекке араласып, елге пана, халыққа қамқор болған ардагерлер қатары да бүгінде сиреп қалды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовпен Жеңіс жауынгерлеріне көрсетілер құрмет, олардың бүгінгі хал-жағдайы туралы сұхбаттасқан едік.

— Иә, күні кеше ғана майдангер ағаларымыз қатары сиремей, жылда Жеңіс күні мерекесін топ-тобымен, кеуделеріне наградаларын тағып, сән-салтанатымен қарсы алып жүргеніне талай рет куә болып едік. Өкінішке қарай, уақыт өз билігін жүргізеді. Биылғы Жеңіс күнін облыс бойынша 20  соғыс ардагері ғана қарсы алып отыр, — деді Серік Шаңғұтов. — Олардың барлығына да құрмет көрсетілуде. Облыс әкімі бұл маңызды шараның бастауында өзі жүріп, жоғары деңгейде өткізілуіне назар аударып отыр.

Біз сұхбаттасу барысында ардагерлер тізіміне көз жүгірткенбіз. Ең қарт майдангер Бақыткерей Пішібаев 1920 жылғы екен. Майдангерлердің арасында әжелеріміз де бар. Мәселен, Нина Галкина, Вера Лоткова, Анастасия Прихно, Ажар Оразғалиева ер-азаматтармен бірге ел қорғауға қатысқан.

Соғыс ардагерлерінің көпшілігі облыс орталығында тұрады. Екі ардагер — Василий Чернышев пен Василий Грецкий — Хромтау ауданында, Қазтай Тыныштықов Мұғалжар ауданының Құмсай селосында. Ал Ұлы Отан соғысының мүгедегі Шудабай Тақаев Шалқар қаласында тұрып жатыр.

Соғыс кезінде «Тыл да майдан!» деген ұран көтерілгені белгілі. Елдегі бала-шағадан бастап қарт адамдарға дейін майданға көмек көрсетуге ұмтылды. Күні-түні еңбек етті.

Жалпы облыс бойынша қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, сондай-ақ оларға теңестірілген тыл еңбеккерлері саны 6706 адамды құрап отыр.

Облыстағы майдангерлерге 2 миллион теңгеден берілетіні бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланды. Сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне, соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерінің жесірлеріне де материалдық көмек жасалады. Жалпы осы мақсатта 466 миллион 400 мың теңге қаржы бөлініп отыр.

Негізінде, барлық аудандарда да соғыс және тыл ардагерлерінің тізімі нақтыланып, барлығы да ескерілді. Мәселен, бір ғана Мәртөк ауданында 193 тыл еңбеккері бар екен. Аудан орталығында 45 мекеме, сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктері ардагерлерге арнайы құрмет көрсетіп, мерекемен құттықтайды, сыйлықтарын ұсынады.

Осындай шаралар облыстың басқа да аудандарында ұйымдастырылуда.

Жеңіс күндерін мерекелеу барысында облыс оралығындағы 6 алаңда шағын концерттік шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлері тұратын үйлердің аулаларында шағын концерттік бағдарлама жүзеге асырылады. «Бауырластар» зиратында жастар мен еріктілердің қатысуымен болатын сенбілікте тазалау жұмыстары атқарылады.

Облыс, қала, аудан басшылары соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, майдангерлерді құттықтайды, жылы лебіздерін білдіреді.

Мұның барлығы — үлкенге құрмет, ардагерлерімізді ұлықтау.

— Біз облыстық ардагерлер кеңесі атынан майдангерлерімізді, Ұлы Жеңіске үлес қосқан тыл ардагерлерін Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Оларға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, ұрпақ қызығын көруді тілейміз! — деді сұхбат қорытындысында ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.          

Басқа жаңалықтар

Back to top button