Жеңіс

Жеңіс жауынгерлеріне 2 миллион теңгеден беріледі

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова медициналық колледждің «Гиппократ» еріктілер клубының мүшелерімен бірге 93 жастағы майдангер Борис Конюшенконың үйінде болды.

Борис Иванович 1945 жылы жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін өз қатарластарымен бірге Сталинге хат жазып, ерікті түрде ел қорғаушылар қатарына алуды сұрайды. Оның тілегі ескеріліп, Қиыр Шығысқа әскер қатарына алынады, одан кейін Польшаға жіберіледі. Арнаулы құпия тапсырманы орындау үшін Қытай Халық Республикасына жіберіледі. Соғыстан кейін Мәскеудегі №2 авиациялық-техникалық училищені бітіреді. Одан кейін туған жері Ақтөбеге оралып, үйленеді. Жарты ғасырдай уақыт осындағы «Аэродром» авиациялық кәсіпорнында инженер болып еңбек етеді. Олардың отбасында екі ер бала дүниеге келіп, азамат болып өсіп, әке-шешелеріне немере сүйгізеді.

Қазіргі уақытта майдангерге мәслихаттың шешіміне сәйкес коммуналдық қызметтерді төлеуде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

— Бүгінгі күні біздің облысымызда Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген тыл еңбеккерлері тұрады, — дейді Бұлбұл Елеусінова. — Соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге қалалық және аудандық бюджеттерден 2 миллион теңгеден ақша бөлінеді. Өткен жылы мұндай төлем 1 миллион теңге құраған еді.

Сондай-ақ майдангерлерге теңестірілгендер 9 мамырға 100 мың теңгеден, тыл еңбеккерлері және соғысқа қатысушылар мен мүгедектердің жесірлері 50 мың теңгеден көмек алады.

Жеңіс күні мерекесі құрметіне берілетін материалдық жәрдемнің жалпы мөлшері 466 миллион 400 мың теңге құрайды.

Облыстық басқарманың берген мәліметінше, облыста 13 соғысқа қатысушы және 7 соғыс мүгедегі, 1714 оларға теңестірілгендер, 4693 тыл еңбеккері, 279 майдангердің жесірлері бар.

 Нұргүл АРЫНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button