Басты жаңалықтарМәселе

Сапасыз жолдар мердігер компанияның есебінен қайта салынуы керек

Былтыр Ақтөбе қаласында 117 көше жөнделді. Бірақ көктемде көп көшенің асфальты қармен бірге «еріп» кетті. Жаңарған көшелер бұрынғы қалпына қайта түсті. Ал жолдың сапасы неге нашар? Сапаны кім бақылайды? Мердігер мекеме неге жауапсыз? Ақтөбе облысы бойынша жол активтерінің Ұлттық сапа орталығының директоры Тельман Малаевты сөзге тарттық.  

— Қазір ақтөбеліктер үшін ең өзекті мәселе — жол. Жол неге сапасыз?

— Рас. Жолдың сапасы сын көтермейді. Қаладағы жолдың жайын айтпас бұрын, республикалық маңызы бар жолдарға тоқталғым келеді. Мәселен, республикалық маңызы бар жолды саларда жоба жасалады. Суағар, қар ұстайтын, жолдың еңістігі, яғни барлығы жобада көрсетіліп, сол бойынша жұмыс жүреді. Мәселен, Мәртөкке баратын, Батыс Қазақстан облысына шығатын жолдарды көрсеңіз, тақтайдай тегіс. Қанша жаңбыр жауса да жолдың үстінде су тұрмайды. Себебі жол  барлық технологияға сай салынған. Ал қалада бұндай жоба жасалмайды. Былтыр жаңарған 107 көшенің 85 пайызына орташа жөндеу жұмысы жүрді. Жалпы, жолды жөндеу жұмысы үшке бөлінеді, олар — орташа, күрделі, қайта жаңарту.  Орташа жөндеу кезінде бұндай жоба жасалмайды. Жолдың үстіңгі қабаты қырылып алынады да оның үстіне екі қабат асфальт төселеді. Орташа жөндеуден өткен көшелердің астыңғы жамылғысы әбден шаршап тұр, яғни үлкен қысымға шыдас беретін, суды жібермейтін, асфальт жамылғысын көтеріп тұратын шағыл тастар әбден үгітілген. Оның үстін қырып, қайта салғанмен ол сапалы болып шықпайды. Ал күрделі жөндеу кезінде жолдың астыңғы қабатынан бастап қайта салынады. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен  Қонаев көшесі әлі күнге дейін сапасын жойған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Мәметова көшесіне күрделі жөндеу жасалды. Ол көше 10-12 жылға дейін сапасын сақтайды.

Жолдың сапасыз болуының бірінші себебі осы болса, екіншісі — мердігер мекеменің жауапсыздығы.

Жол салатын көп мекеменің техникасы жоқ. Олар лицензиясы болса тендерге қатыса алады.Тендерді ұтып алғаннан кейін техниканы, құрылыс материалдарын өзгеден сатып алады. Мәселен, техникасы бар серіктестік күндіз өзінің жұмысын бітіреді. Түнде техникасы жоқ мекемеге техникасын жалға береді. Ал түнде салынған жолдың сапасы бола ма? Жұмысшылар шаршайды. Талап бойынша асфальт қоспасы 120 градус ыстық болуы керек. Түнде дайындық жасап, техниканы әкелем дегенше ол суып қалады. Технологиясы сақталмаса, жол сапалы салынбайды. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, ол да ас дайындаған сияқты. Дәмді ас пісіру үшін қажетті қоспа өз мөлшерінде болуы керек. Жол да солай, егер ішіндегі бір құрылыс материалы кем немесе көп болса, сапасы бұзылады.

Былтыр қара күзде Бейбітшілік даңғылына асфальт төселді. Биыл көктемде ол қар суымен шайылып кетті. Қазір көше шұрқ тесік. Жалпы, қалада осындай көше көп. Бұл жолдар биыл қайта жөнделе ме?

— Ұлттық сапа орталығы осы мәселені айтып Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесіне хат жазды. Себебі жол салған кезде бірінші ірі тасты, екінші ұсақ тасты асфальт қабаты төселеді. Бейбітшілік даңғылына тек қана ірі тасты қабаты төселген. Ол суды өзіне сіңіріп алады. Тек бұл көше емес, қаладағы бірнеше көшеде құрылыс осылай жүрді. Биыл ол көшелер мердігер мекеменің есебінен қайта салынады. Кейбір мекемелер бірінші ірі, содан кейін ұсақ тасты жабындыны саламыз деп жоспарлады және бұл жұмыстарды күн салқындаған кезде жүргізді. Екінші ұсақ тасты қабатын салуға үлгермеді. Ал ірі тасты жабындыны қысқа қалдыруға болмайды. Бұл мәселені тиісті орындардың барлығы біліп отырды. Бірақ жұмыс жүре берді. Сапа орталығының мамандары осы кемшілікті көріп отырғаннан кейін үнсіз қала алмады. Жұмысты тоқтатып тастау біздің құзырымызға кірмейді. Жұмысты тапсырыс беруші, яғни қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесі ғана тоқтата алады. Біз жіберген хаттан кейін бірқатар серіктестік жұмысын тоқтатты. Ескертуге құлақ аспай жұмысын жалғастырғандар да бар.  Бірақ олар салған жол көктемде қайта шұрқ тесік болды. Бейбітшілік, Вавилов және өзге де осындай көшелер биыл мердігер компанияның есебінен қайта салынуы керек.

Жалпы, асфальт күн жылыда төселеді. Салқын кезде салынған жабындының сапасы болмайды. Былтыр Зинченко мен Гастелло көшесі қайта жаңарды. Қазір екі көшенің жағдайы екі түрлі. Зинченко көшесі шілдеде салынғандықтан сапасы жоғары. Ал Гастелло көшесінің құрылысы қараша айында аяқталды. Көктемде көшенің асфальты шашылып қалды. Себебі технология сақталмай тұр.

— Салынып жатқан көшенің сапасын бақылайтын мамандар осы олқылықты біледі. Бірақ мәселеге көз жұма қарайды…

— Жолдың сапасын технадзор, яғни техникалық жағдайын қадағалайтын маман бақылайды. Ол күні-түні жолдың сапасын тексеруі керек. Технология сақталып жатыр ма, құрылыс материалдарының сапасы қандай, құрамы, мөлшері, температурасы талапқа сай ма, яғни жүргізіліп жатқан барлық жұмыс техбақылаудың көз алдынан өтуі тиіс. Жолдың сапасын тексеріп, соңғы құжатқа қол қоятын да сол маман. Техбақылау жолды қабылдап алғаннан кейін ғана тапсырыс беруші мердігер мекемеге ақша аударады. Талап бойынша бір көшеде екі техбақылау жүру керек. Бірақ біздің қалада техбақылаудың жұмысы көңіл көншітпейді. Былтыр жөндеуден өтіп жатқан Тәшенов көшесінің сапасын бақылауға бардық. Жолды салушы «КапРемСтрой» мекемесі ең астыңғы қабатын төсемей, бірден екінші қабатты салыпты. Ескерту жасадық. Қайта қарауға келгенде кемшілікті түземеген. Хаттама толтырып мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына жолдадық. Басқарма тапсырыс берушіге, техникалық, авторлық қадағалау мамандарына, мердігер мекемеге әрқайсысына 250 мың теңгеден айыппұл салды. Олар айыппұлды төледі. Бірақ жол сол күйі қалды.

— Cапасы нашар көшелер биыл қайта жөнделе ме?

— Құрылыс жұмысы күзде жүрген 20 көше сапасыз салынғандықтан тапсырыс берушіге хат жолдадық. Мәселен, Еңбекші, Пугачев, Арынов, Ерназаров секілді 20 көше биыл қайта салынуы керек. Сондай-ақ 22 көшенің асфальт-бетон жамылғысының сапасыз тұсын анықтадық. Мердігер мекеме сол жерін қайта салды. Қазір төрт көшенің ғана құрылысы аяқталмай тұр. Биыл олар қайта жаңарады. Былтыр 1358 сынама алынса, соның 124-і талапқа сай келмеді. Құны 359 миллион теңге болатын сапасыз асфальт-бетон жамылғысы қайта салынды.

— Құрылысқа пайдаланатын материалдардың сапасы қандай?

— Құрылысқа, негізінен, жергілікті жерде өндірілетін материалдар пайдаланылады. Былтыр Қарғалы ауданында өндірілетін қиыршықтасты зертханадан тексеруден өткіздік. Тастың беріктігі нашар, тығыз емес. Тез үгітіледі. Көліктің қысымына шыдас бермейді. Қорытындысында қиыршықтастың жол құрылысына жарамайтынын анықтадық. Бұл мәселені қала әкімі Асхат Шахаровқа да айттым. Құрылысқа Бершүгірде өндірілетін қиыршықтасты пайдалану керек. Оның сапасы өте жоғары. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары осы тасты пайдаланады. Қарғалыдағы қиыршықтасты «КТП» мекемесі өндіреді. Қаладағы жолдың басым бөлігін аталған мекеме салады. Былтыр оларға зертхана қорытындысын көрсетіп, ескерту жасадық. Олар тасты Бершүгірден тасыды. Биыл да Қарғалыдан қиыршықтас әкеліп, зертханалық тексеруден өткізіп жатырмыз.

Жол сапалы болуы үшін жетпіс пайызы шағыл тасты мастикалық асфальт-бетон жамылғысы төселуі керек. Ұсақ тасты жамылғы көліктің ағымына шыдамайды, тез сапасын жоғалтады. Мәселен, осыдан бес-алты жыл бұрын Қонаев көшесі күрделі жөндеуден өтті. Көше әлі күнге дейін сапасын жоғалтқан жоқ. Себебі ірі шағыл тасты мастикалық асфальт-бетон жамылғысы пайдаланылды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button