«Сармат көсемі» ғылыми реконструкциясы таныстырылды
2019 жылы Темір ауданындағы І Тасқопа қорымынан алтын әшекейлі киіммен, қару-жарағымен жерленген сармат көсемінің қабірі табылғаны жөнінде бұдан бұрын айтқан едік. Қабір Тасқопа қорымының 1-қорғанынан табылды. Осы қорғаннан қазып алынған барлық көне жәдігерлер қайта қалпына келтіріліп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.
Осының нәтижесінде сәрсенбі күні музейдің көрме залында ежелгі сармат көсемінің қалпына келтірілген бейнесінің таныстырылымы өтті. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев, археолог және тарихшы мамандар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақ жерінен бұдан бұрын да ежелгі көшпенділердің билеуші әулеттеріне тән қабірлер табылып, зерттеліп, жерленген адамдардың киімі қалпына келтіріліп, көпшілік назарына ұсынылғаны белгілі: Алматы түбіндегі Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», Атырау облысынан табылған сармат патшасы, т.б. Бірақ ол нұсқаларда адамның бет-жүзі көрсетілмесе, Ақтөбе жерінен табылған сармат көсемі тек қалпына келтірілген құнды әшекейлер, қару-жарағымен ғана емес, бет-бейнемен ұсынылып отыр… Сармат көсемінің алтын әшекейлі киімдері, садақ оқтары салынған қорамсағы, ондағы жебелер, екі белдігі, қамшысы, т.б. қалпына келтірілген. Бұрынғы замандарда қазылғандықтан, қабірден мүрде тұтас күйінде табылмай, тек кейбір сүйектер ғана шыққан. Сол сүйектердің өлшеміне қарап, археологтар жерленген көсемнің бой шамасы 1,85 метрдей болған деп жорамалдайды. Ал жас шамасы — 40-тан асқан адам.
Көрме залына сондай-ақ Тасқопа қорымының 1-қорғанынан табылған түрлі алтын бұйымдар (қалпына келтірілген), басқа да заттар қойылған. Қалпына келтіру жұмыстарын Ресей ҒА-ның материалдық мәдениет институтының реставратор-маманы Н.Курганов, Болат Атыраубаев пен Ерқосай Әбілов бастаған жергілікті шеберлер жүргізді.
Тасқопадағы қазба жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен және облыс әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» аймақтық ғылыми бағдарламасы аясында жүргізілген. Ә.Марғұлан атындағы археология институты мамандары осы бағдарлама аясында жеті жоба бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Солардың бірі — «Ерте көшпенділердің элиталық ескерткіштеріне археологиялық зерттеулер жүргізу». Ақтөбе жеріндегі ежелгі көшпенділердің элиталық ескерткіштерінің бірі — Тасқопа қорғаны.
Қайта қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуына орай ғалымдар, археологтар және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген мамандардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Байтанаев жоғарыда аталған жеті жоба бойынша бүгінге дейін жасалған жұмыстар туралы айтты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» аймақтық ғылыми бағдарламасы аясында жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстары, этнографиялық бағыттағы зерттеулер, алдағы жоспарлар туралы баяндады. Мысалы, биыл ел аузында Едіге би жерленген деп айтылатын Байғанин ауданы аумағындағы Едіге жалында зерттеулер басталмақ. Едіге би Ноғай ордасын билеуші әулеттің негізін салушы екені белгілі.
Жиында сондай-ақ археолог А.Бисембаев, реставратор-маман Н.Курганов, т.б. сөз сөйлеп, журналистер сауалдарына жауап берді.
Индира ӨТЕМІС.
(Осы тақырыпқа орай толығырақ материалды газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.