Жаңалықтар

Алаяқтық фактілері көбейіп тұр

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі соңғы уақытта интернет желісіндегі алаяқтық фактілерінің саны артқанын хабарлайды.

Алаяқтар адамдарды алдау үшін әлеуметтік желілерді, сауда интернет-алаңдарын пайдаланады. Жалған интернет-дүкендер мен әлеуметтік парақшалар, сайттар жасайды.

Жақында жедел алдын алу іс-шаралары барысында 33 жастағы қала тұрғыны интернет-ресурстарды пайдаланып, онлайн банкинг арқылы 42 жастағы әйелді алдап, оның атына несие рәсімдегені анықталды. Келтірілген шығын 132 мың теңгеден астам қаржыны құрайды.

Сондай-ақ Алға аудандық полиция бөліміне 53 жастағы әйел хабарласып, белгісіз адамдар оның шотынан 30 мың теңге аударып алғанын айтқан. Ол бұл туралы мобильді қосымша арқылы коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде білген.

Полиция қызметкерлері жәбірленушінің 22 жастағы танысының қонаққа келген кезінде ұялы телефонын қарау сылтауымен, мобильді қосымша арқылы өз шотына 30 000 теңге аударып алғанын анықтады. Күдікті бұл әрекетін мойындады. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Бүгінде республика аумағында «Anti-fraud» жедел-алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылуда. Аталған шара ақпараттық технологияларды, соның ішінде интернет-алаяқтықты қолдана отырып жасалған құқықбұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған. Тәртіп сақшылары мобильді қосымшада барлық қауіпсіздік жүйелерін қосуды, банк картасын қараусыз қалдырмауды, белгісіз және бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, карта нөмірін және CVV-кодты бермеуді ескертеді.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button