Жаңалықтар

Ардагерге құрмет көрсетілді

Зерде

27 қаңтар — Ленинград қаласының жаудан азат етілген күні. Осыған орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі мен «Славяне» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Ленинград блокадасына қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз Валерия Беловаға арналған салтанатты шара өтті.

Шараның негізгі мақсаты —  Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктерін, Ленинград қаласын қоршаудан азат етуге атсалысып, қайсарлықпен қаза тапқан қазақстандық батыр жауынгерлердің жеңісін насихаттау. Болашақ ұрпаққа бейбіт күннің қадірін түсіндіру.

Шарада «Славяне» этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымдары соғыс кезіндегі әндерді орындап, өлеңдер оқыды. Одан әрі шараға қатысушы қонақтар Ленинград блокадасына қатысқан соғыс ардагері, жерлесіміз В.Белованы айтулы күнмен құттықтап, сол бір сын сағатта қайсарлық танытқаны үшін алғыстарын білдірді.

Ерлікке тағзым етілген шарада «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Е.Құрманбеков пен Аналар кеңесінің төрайымы Ж.Қалиева майданда батырлықпен қаза тапқан жауынгерлер алдында мәңгілік қарыздар екендігімізді айтып, бұл күннің маңызы туралы әңгіме өрбітті.

Ленинградты жаудан азат ету жолындағы бұл шайқаста қазақстандық жауынгерлердің де үлесі орасан зор. Қазақстаннан барған әскерилердің 30 пайыздан астамы осы шайқасқа қатысқан. 1943 жылы қаңтарда Ленинград қоршауы бұзылды. Ал қала 1944  жылдың 27 қаңтарында жаудан толықтай азат етілді.

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтындығын тағы бір еске түсірген шара «Жеңіс күні» әнімен қорытындыланды.

А.ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button