Жаңалықтар

Жаңа жұмыс орындары құрылып, жұмысшылар жалақысы артады

Nur Otan партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Асқар Қыстаубаев пен Баян Сәрсембина Ақтөбе қаласындағы «Дина» супермаркетінің қызметкерлерімен кездесіп, сайлаушыларға партия бағдарламасының басым бағыттарын түсіндірді.

Кездесуде алдымен үміткер Асқар Қыстаубаев азаматтарды еңбекпен және тұрақты табыспен қамту мәселесіне тоқталып өтті.

— Соңғы жылдары облыста 57 мың жаңа жұмыс орны ашылғанымен, биыл пандемия кезінде халықтың бір бөлігі тұрақты жұмысы мен табысынан айырылды. Сондықтан алдағы бес жылда өңірде жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыздан көбейтпей, орташа жалақыны кемінде 200 мың теңгеге дейін арттыру мәселесі көтеріліп отыр. Халықтың тұрмысы, әл-ауқаты оның еңбекақысына тікелей байланысты. Сол үшін облыстағы мекемелер өз жұмысшыларына міндетті жалақыны төлеуі керек. Сондай-ақ өңірімізде алдағы жылдары жыл сайын кемінде жаңа 21 мың жұмыс орны ашылып, бос жұмыс орындарына жыл сайын кем дегенде 22 мың адамды еңбекке орналастыру көзделіп отыр, — деді А.Қыстаубаев.

Бүгінде Асқар Қыстаубаев басқарып отырған «Aqtobe su-energy group» мекемесінде 2300 адам жұмыс істейді. Оның 1600-і — жұмысшылар. 1 қаңтардан бастап мекеме өз жұмысшыларының жалақысын кем дегенде 10 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда компания қызметкерлерінің орташа жалақы көлемі — 140 мың теңге. Мекемеде жұмыс жасайтын жұмысшылардың 60 пайызы — жастар.

  • Біздің мекемеміз жыл сайын жұмысшылардың жағдайын жасап, жалақысын көтеріп отырады. Жыл басында қызметкерлердің еңбекақысын тағы да көбейтуді жоспарлап отырмыз. Егер алдағы уақытта өңірдегі басқа да мекемелер мен ұйымдар өз жұмысшыларының жалақысын көтерсе, азаматтар арасындағы жұмыссыздық азайып, табыс көзі артады. Осылайша тұрғындардың әлеуметтік мәселелері шешіледі. Қазіргі таңда партия тарапынан осы мәселені шешуге ерекше назар аударылуда, — деген үміткер партия бағдарламасындағы жеті басымдықтың бірі — экономикалық тұрақты аймақ құру мәселесін көтерді.

Бұдан кейін кездесуде үміткер Баян Сәрсембина ауыл-аймақта кәсіпкерлік саласын дамыту, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жағдай жасау, білім сапасын арттыру мәселелеріне тоқталып, сауда желісі қызметкерлерінің пікір-ұсыныстарын тыңдады.

  • Бүгінгі күні облыста шағын және орта бизнесті дамыту — бағдарламаның негізгі басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары облыста кәсіпкерлік көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Шағын және орта бизнес нысандарының саны, өндіріс көлемі және бюджетке салық түсімдері ұлғаюда. Алайда биыл COVID-19 індетінің таралуы және оның салдары бизнестің экономикалық белсенділігінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Мәселен, төтенше жағдай режимі мен карантиндік шаралар кезінде облыстағы 27 мыңнан астам бизнес субъектісі өз қызметін тоқтата тұруға мәжбүр болды. Сондықтан қазіргі таңда бізге қысқа мерзім ішінде осы секторды қайта жандандыру өте қажет. Ол үшін партия зардап шеккен бизнес субъектілерінің қызметін қалпына келтіруді ғана емес, сондай-ақ «Атамекен» палатасымен бірлесіп мемлекеттік қолдау мен ынтымақтастықтың қолданыстағы құралдарын белсенді пайдалану арқылы жаңа бизнес нысандарын құру үшін жағдай жасайтын болады, — деді ол.

Айта кету керек, өңірде алдағы бес жыл ішінде осы саланы дамыту мақсатында  «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жыл сайын кемінде 200 жаңа жобаны қаржылай қолдау жоспарлануда.

Кездесу соңында үміткерлер сауда желісінің ұжымын Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырды.

Данагүл ҚАЗИХАН,

 (Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық

сайлау қорынан төленді).

Басқа жаңалықтар

Back to top button