Басты жаңалықтар

Газетке жазылып, жүлде ұтып алғандар

Жаңа жыл алдында «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамындағы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» қоғамдық-саяси газеттері өз оқырмандарына сыйлық үлестірді.

Қазан айында басталған 2021 жылға  баспасөзге жазылу науқанына байланысты біз «Өз газетіңізге жазылыңыз!» марафонын жариялаған едік. Марафон кезінде газетке жазылған әрбір оқырман лотереяға қатысып, бағалы сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.  Ол үшін әр оқырман екі облыстық газеттің біріне 2021 жылдың 12 айына толық жазылып, купонды қиып алып, толтырып, жазылу төлемі туралы түбіртектің көшірмесімен бірге «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на әкеліп тапсыруға тиіс болатын.

Марафон қорытындысы 25 желтоқсан күні  сағат 17.00-де «Aqto’be» телеарнасында тікелей эфирде жария болды. Тікелей эфирдегі хабарға  «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Г.Назарбаева,

«Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы бас директорының орынбасары Еркебұлан Мұстафин, денсаулық саласының ардагері, «Қазақ тілі» қоғамы филиалының төрағасы Роман Рахиев тәуелсіз сарапшы ретінде  қатысты.

Лотерея жәшігіне екі жүзден астам купон салынды. Нәтижесінде 15 оқырман жеңімпаз болып, екі газет тағайындаған бағалы сыйлықтарға ие болды.

* * *

Ал кеше, 30 желтоқсан күні ұтыс иелері Баспасөз үйінде болды. «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Раукен Отыншин жеңімпаз оқырмандарды құттықтап, сыйлықтарын тапсырды.

— Биыл еліміз үшін ғана емес, тұтас әлем үшін ауыр жыл болды. Соған қарамастан, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты газет-журналдар ұжымы еш кідіріссіз жұмыс істеді. Оқырманға облыстағы жаңалықтарды дер кезінде жеткізу үшін біздің қызметкерлер уақытпен санаспай еңбек етті. Ауылда біздің оқырманымыз көп. Соның ішінде мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, дәрігерлер, ауылдағы ардагерлеріміз, қысқасы, ауыл интеллигенциясы газетті апта сайын асыға күтіп отыратыны белгілі. Оның ішінде Ырғыз, Ойыл, Шалқар, Мұғалжар аудандарындағы оқырмандарымыз белсене жазылды. Сондықтан осындай бір жақсы үрдісті бастадық.  Баспасөзге жазылу науқанына байланысты қазан айында жарияланған «Өз газетіңізге жазылыңыз!» марафонына қатысуға 263 оқырманымыз ниет білдірді. Оның ішінде 218 адам — «Ақтөбе» газетіне, 45 адам «Актюбинский вестник» газетіне 12 айға купон арқылы жазылған екен. Соның ішінде 15 адам жергілікті телеарнада тікелей эфирде өткізілген лотерея ойнату кезінде ұтысқа ие болды, — деді  Раукен Сағызбайұлы.

ЖШС директоры оқырмандарды ұтысымен әрі алдағы жаңа 2021 жылмен құттықтап, бағалы сыйлықтар мен дипломдарды тапсырды.

— Алдағы жыл еліміз үшін жақсы жыл болады деп үміттенеміз. Біз де өз кезегімізде оқырманға облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп отыруға уәде береміз. Биыл жазда Ырғыз, Байғанин, Мұғалжар, Хромтау, Қобда, Ойыл, Мәртөк секілді бірқатар ауданға барып, оқырмандармен кездеслер өткіздік. Алдағы жылдары да осындай әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырылатын болады, — деді Р.Отыншин.

Ұтыс иелерін екі облыстық газеттің бас редакторлары Бауыржан Бабажанұлы мен Айгүл Нұркеевалар да құттықтады.

* * *

Екі облыстық газеттің 15 сыйлығының екеуі — Ақтөбе қаласының, екеуі — Ырғыз ауданының, екеуі — Темір ауданының, біреуі — Темір ауданының және сегізі Мұғалжар ауданының тұрғындарына бұйырды. Бір қызығы, мұғалжарлық 8 жеңімпаз оқырманның алтауы Жағабұлақ ауылында тұрады екен.

«Ақтөбе» газеті жүлдеге тіккен тұрмыстық бұйымдардың ең бағалысы тоңазытқыш та Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылындағы оқырманымызға бұйырды. Жадыра Боқашева сол ауылдағы Жаңажол орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді екен. Оқу бітіріп, ауылдағы мектепте алғаш еңбек тәжірибесін бастаған уақыттан — жеті жылдан бері «Ақтөбе» газетіне үздіксіз жазылып келеді. 28 жастағы жас ұстаз газеттің бала кезден бергі оқырманы болып шықты.

— Анам да мұғалім болды. Үйге үнемі газет келіп тұратын. Әсіресе, «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттеріне анам үзбей жазылатын еді, бізге де оқытатын. Кейін жұмысқа тұрғанымда анам жазылған газеттерге мен де жазыла бастадым. «Ақтөбе» газетіне шыққан әдеби, тарихи, мәдени құнды дүниелерді оқушыларыма оқып беріп, сабағымда қолданамын. Аптасына үш рет шығатын газетті асыға күтеміз. Жақында «Ақтөбе» газетіне журналист Арайлым Нұрбаеваның Жағабұлақ ауылының атбегілері туралы мақаласы шықты, бұл мақала ауылымыздың абыройын асқақтатты. Оған қоса ауыл әкімінің «Урихтау» компаниясының басшылығымен меморандум жасасқаны, осы құжат нәтижесінде ауыл мектебінің екі түлегі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде тегін білім алып жатқаны туралы ақпарат та газетке жарияланып, тұрғындарды қуантты,   — дейді Жадыра.

Екі облыстық газет жариялаған марафон туралы мектептегі әріптестерден естіген ол басқа мұғалімдермен бірге купонды, түбіртекпен бірге редакцияға жолдап ұтысқа ие болып отыр.

— Біздің ауылдағы мектеп пен балабақшадан екі облыстық газетке 96 адам жазылды. Біз, мектеп ұжымы, облыстық телеарнадағы тікелей эфирді мектептің акт залында бірге отырып тамашаладық. Ұтысқа ие болғанымды естігенде жүрегім аузыма тығылып, қатты қуандым. Бұл — менің алғашқы ұтысым. Мұндай акциялар оқырман үшін керек, меніңше, алдағы жылы газетке жазылушылар бұдан да көп болатын шығар, — дейді ол.

* * *

Оқырманымыздың бірі ақтөбелік Зоя Байдуллина да газет марафонына қатысып, ұтысқа ие болды. Ол қаламыздағы 21-мектепте бастауыш сынып мұғалімі екен.

Бір қызығы, Зоя Байдуллинаның да балалық шағынан газетке қатысты естеліктерімен ой-пікірлері көп екен.

— Ақтөбеге көшіп келгеніме 7-8 жылдай ғана болды. Оған дейін Ойыл ауданында тұрдым. Үйіміз аудандық «Ойыл» газетіне қарама-қарсы тұрды. Бала кезде редакцияға барып, газеттің қалай шығатынын өз көзіммен көрдім. Әрі әке-шешем міндетті түрде аудандық, облыстық газетке жазылатын. Соның бәрі мені газетке жақын етті. Марафон туралы мектептегі кітапханашы Толқын апайымыздан білдім. Сөйттім де бірден купонды, түбіртекті апарып тапсырдым. Мұғалім болып келе жатқаныма 29 жыл болды, осы 29 жыл бойы «Ақтөбе» газетіне тұрақты жазылып келемін. Иә, мұндай марафон болмағанда да сүйікті газетімізге жазыла береміз, дегенмен оқырман үшін осындай ынталандыру шаралары жасалса құба-құп, — дейді ол.

* * *

Серік Жұбатқанов Ырғыздағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. 6-7 жылдан бері облыстық «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы.

— Бұрын ата-анамыз облыстық газетті жаздырып алатын. Біз де сол ата-анамыз секілді газет алып, балаларымызға облыста, ауданда болып жатқан жаңалықтарды айтып отырамыз. Ауданымызда болып жатқан жаңалықтар облыстық газетте жарияланып жатса, қуанып қаламыз. Облыс орталығына ұтысымды алуға бара алмадым. Себебі қысқы каникулда балаларымыз ойнасын деп спорт мектебінің алаңына мұз айдынын жасап жатыр едік, содан шыға алмадым. Мұз айдынын салып болғасын суретке түсіріп, мақала жазып, «Ақтөбе» газетіне жолдаймын, — дейді ол.

* * *

Өкініштісі, марафонның тағы бір жеңімпазы болған Аманша Қиылбай ақсақал дүниеден өтіпті. Хабарласқанымызда телефон тұтқасын үлкен ұлы Бақытжан Аманшиев көтерді.

— Әкеміз өмір бойы газет-журнал оқып өтті. 25 жылға жуық Қобда ауданында статистика бөлімін басқарды. Анамыздың көзі дұрыс көріңкіремейді, сондықтан үйге келген газеттерді әкем анамызға оқып беріп отыратын. «Ақтөбе» газетіне  үзбей жазылатын. Мен де әке жолын қуып енді жыл сайын «Ақтөбе» газетіне жазылып, анама оқып беретін боламын. Бұл маған әкемнен қалған  мұра секілді болды, — дейді Бақытжан Аманшиев.

P.S. Биыл еліміз үшін қиындау жыл болды. Дегенмен алдағы күннен тек жақсылық қана күтеміз және патша көңіл оқырманымыз үшін елдегі жақсы, жағымды жаңалықтарды сүйіншілейтін сәттердің көп болатынына үміт артамыз. Біздің марафонға қатыса алмаған, ұтыс ала алмай қалған оқырман да ұтылған жоқ: сіздердің әрбіріңіздің үйіңізге аптасына үш рет — облыстың тыныс-тіршілігін алып ұшып жететін газетіңіз баратын болады. Өйткені ол өз газетіңіз!

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button