Басты жаңалықтар

Ырғызда тұрғын үй, ауызсу, газ және көпір пайдалануға берілді

Жаңа жыл қарсаңында Ырғыз ауданының Жаныс би ауылына газ құбыры тартылып, Аманкөл  ауылдық округінің орталығы Құтикөлде жаңа көпір пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жарма ауылы ауызсумен қамтылды. Ал аудан орталығында 5 тұрғын үйдің кілті табыс етілді.

Бұл шаралардың бәріне облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, тұрғындардың қуаныштарын бөлісті.

Алдымен Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылына барған облыс басшысы ауылдың тынысымен танысып, Жұбан Әбеновтің шаңырағында болды.  Үй иесінің айтуынша, қыста 5 тонна көмір жағып шығады екен. Оның әр тоннасы 20 мың теңгеден есептегенде, қалтаға едәуір салмақ түсіретін. Көгілдір отынның шығыны әлдеқайда аз. Жаныс би ауылы аудан орталығынан 70 шақырым жерде орналасқанмен, жолдың жартысынан көбі асфальт деп айтуға болады. Өйткені 30 шақырымнан соң жанысбиліктер күре жолға шығады. Жүзден аса түтіні бар ауылда 660 адам тұрады. Округ әкімі Марс Сейілхановтың айтуынша, келесі жылы бұл ауылға ауызсу келмек. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 40 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Алдағы жылы 10 елді мекенге газ бармақ.

Биыл ырғыздық бес отбасы жаңа жылды жаңа үйде қарсы алатын болды. Облыс басшысы тұрғын үй иелеріне жаңа пәтердің кілтін табыстады. 2007 жылы үй кезегінде тұрып, бұл күнді сабырмен күткен Лаура Садықтың қуанышында шек жоқ. Облыс, аудан басшыларына алғысын айтты. Бес үйдің де құрылысы мамыр айында басталған. Бұған 51 миллион 500 мың теңге жұмсалды. Жаңа үлгімен салынған үй ауызсу, газбен қамтылған.

— Халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін жасалып жатқан жұмыстар нәтижесін беріп келеді. Оны, міне, өздеріңіз көріп отырсыздар. Әсіресе, балалардың кедергісіз білім алуына, ең алдымен, тұрғын үйдің маңызы зор. Біздің болашағымыз — балалар жайлы үйде тұруы тиіс, — деді облыс басшысы.

Құтикөлдегі көпір ауыл тұрғындарының көп жылдан бері айтылып келе жатқан проблемасы болатын. Бұрынғы көпірдің әбден тозығы жетіп, малға да, адамға да қауіп төндіретін. Құтикөл ғана емес, Жарма, Жайсаңбай ауылдарының тұрғындары үшін де көпірдің қадірі өткен. Олар енді қысы-жазы осы көпірмен қатынайды. Жаңа көпірдің құрылысы уақытында аяқталды. Ұзындығы 54 метр көпірді салуға 187 миллион 900 мың теңге бөлінді.

— Сайдың арғы бетінде бірнеше үй бар. Енді жаңа көпірдің арқасында ол жаққа да жаңа үйлер салына бастайды. Арғы бетте тағы бір көше пайда болуы мүмкін. Өйткені мұнда тұрғындар тұрақты. Қазір ауылда 200-дей үй бар, — дейді ауыл тұрғыны Әбдісапар Бекназар.

Облыс басшысы Жарма ауылындағы су құбырын іске қосу рәсіміне қатысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан жоба ауыл тұрғындарын түгел таза сумен қамтып отыр.

— Ауызсу, газ көптен бері қордаланып қалған мәселелер ғой. Қазір біртіндеп шешіп келе жатырмыз. Тұрғындардың басты талап-тілегі де — осы. Халыққа берген уәдеміз бар. Биыл ауызсу келіп жатса, келесі жылы газ келеді. Ал сіздерге ең керекті көпір болғандықтан, алдымен сол мәселені шешуге тырыстық. Ендігі кезек көгілдір отын болса, оның да ауылы алыс емес. Оның бәрін жасау — біздің міндетіміз, — деді облыс әкімі.

Қазір ауыл тұрғындарының бір нәрсеге көзі жетті. Бұрынғыдай соңы сиырқұйымшақтанып кететін құрылыс жоқ. Құрылыс жұмыстары уақтылы аяқталып, тіпті мерзімінен бұрын тапсырылғанын көріп отыр. Ауыл тұрғындары осындай ауқымды жұмыстардың ұйытқысы болған облыс әкімі Оңдасын Сейілұлына алғыстарын жаудырды.

Ырғыз ауданына сапар барысында облыс басшысы аудан әкімі Әділкерей Әуелбаевқа қандай құрылыс болмасын, сапасын тексеруді, ауылшаруашылық саласын дамытып, ауданды көгалдандыруды қолға алуды айтып, бірқатар тапсырмалар берді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button