Жаңалықтар

Жазасын өтеуші кәсіп бастады

Мұғалжарда  шартты түрде мерзімінен бұрын босаған азамат  пробация қызметкерлерінің қолдауымен қайтарымсыз несие алып, мал өсіріп отыр.

Облыстық  қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебінде тұрған Даниярды пробация қызметкерлері «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жанындағы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша «кәсіпкерлік негіздері» курсына оқытады. Данияр курста өзінің белсенділігін танытты, шәкіртақы алды. Өз бизнес жоспарын сәтті қорғап, 441 мың 500 теңге көлемінде қайтарымсыз грантты ұтты. Есепте тұрған азамат бұл қаржыға екі ірі қара сатып алады. Негізгі мамандығы дәнекерлеуші болса да бала күнінен мал бағып, шаруашылықтың қыр-сырын үйренген Даниярға істі жүргізу қиынға соқпады.

Бостандықта жүргенде бағыт көрсететін адам болмады. Ал қазір еркіндіктің  қадірін  түсіндім. Кеш болса да істі бастағаныма өкінбеймін. Осы ретте пробация қызметкерлеріне алғысым шексіз. Қазір екі сиыр үлкен көмек болып отыр. Келіншегім сүтінен май, құрт жасайды. Қыстық жем-шөбін де дайындап қойдық. Болашақта ірі қараның санын көбейткім келеді. Жеке қожалық ашсам деген арманым бар.  Шаруашылығымды кеңейтсем, өзім секілді қателікке жол берген азаматтарды жұмысқа алар едім, — деді Данияр.

Қателігін түзетіп келе жатқан азаматтың мінез-құлқына пробация қызметінің инспекторы да оң бағасын берді.

Данияр пробация ұйымдастырған қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Жауапкершілігі жоғары. Оның ірі қара малын көбейтіп, ісін одан әрі дамытатынына сенеміз, – деді Мұғалжар аудандық №1 аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы Гүлсезім Ешмағамбетова.

Сондай-ақ Данияр қосымша жұмыс ретінде ауыл мектебінің отынын жағады. Аудандағы пробация қызметкерлері маусымдық жұмысқа Данияр секілді жазасын өтеушілерді орналастыруға ықпал етеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button