Жаңалықтар

Ауған соғысының ардагерлері майдандастарын еске алды

Жауынгер-интернационалистер ескерткішінің алдында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылуының 31 жылдығына арналған еске алу митингі өтті.  

Әнұранмен басталған митингінің алғысөзін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева айтты. Ол Ауған соғысына қатысты мынадай деректерді келтірді: «Сол жылдары Қазақстаннан  22 мың 269 жас әскери қызметін өтеуге Ауғанстанға аттанды. Олардың 924-і ерлікпен қаза  тапса, 1015-і мүгедек боп оралды. 21-і хабарсыз кеткен. Тек қана Ақтөбе қаласының өзінен 800-ден астам сарбаз сол соғысқа қатысқан».

Одан соң Айгүл Арынғазиева Ауған соғысының ардагерлері —  Марат Ерғалиев, Әбілқасым Мырзағалиев, Қанат Арызқұловтарға қала әкімінің Алғыс хатын берді.

Ал облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұрғиса Көшеров Ауған соғысының ардагерлері — Жанболат Орманов, Ақжол Есенқұлов, Сапарғали Мұқашевтарға облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Ауған соғысының интернационалист жауынгерлері қоғамдық бірлестігінің басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Аслан Балқасынов:

  • Бүгін, міне, Ауған жерінен шыққанымызға 31 жыл толып отыр. Жыл сайын марқұм боп кеткен қарулас, майдандастарды еске алып, осы ескерткіштің алдында жиналамыз. Жігіттер, сендердің қандай күйде тұрғандарыңызды жақсы сезіп тұрмын. Бұл күннің қандай ауыр екенін де түсінемін. Қаншама жолдастарымыздан айрылдық. Сол кездегі 18-20 жастағы қаншама жігіттер елге мүгедек боп оралды. Оны біз көрдік. Мына ескерткіште аты жазылған, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасына, ата-аналарына барып тұрамыз, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Бірақ, олардың балаларының орнын толтыра алмаймыз. Десек те олар біз барғанда өз балаларын көргендей қуанып, бар дәмдісін алдымызға қойып, дастарқан жайып қарсы алады. Ананың аты ана ғой… Жылаған ана, күрсінген ақсақалды көрдік. Бейбіт өмірдің қадірін соғыс көргендер жақсы біледі. Әрине, елімізде ешқашан соғыс болмасын! Жігіттер, үйлеріңізде береке-бірлік, тек той болсын! Сіздер соған лайықсыздар! — деді.

Ауған соғысының ардагері, Ақтөбе облысының локалды қақтығыстар жауынгерлерінің «Боевое братсво» қоғамдық қорының төрағасы Гумер Галеев қарулас жігіттерге денсаулық тілеп, облыс әкіміне Ауған соғысының ардагерлеріне жасап отырған қамқорлығына алғысын айтты.

Деректерге сүйенсек, 1979-1989 жылдары Кеңес Одағы Ауғанстанға жіберілген 15 мың жауынгерінен айырылды. Ақтөбе облысынан 1722 жігіт аттанып, 9 жыл ішінде 22 жауынгер  қаза тапты, 58-і мүгедек болып оралды.1981 жылы Темір ауданынан шақырылған  Мұрат Анапин  із-түзсіз жоғалып кетті. Ол туралы әлі күнге дейін дерек жоқ.

Шара соңында жиналғандар марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button