Жаңалықтар

Журналиске құрмет көрсетті

Ақтөбе облысы ҚХА ғимаратында белгілі журналист, Қазақстанның құрметті журналисі, тіл жанашыры Жанғабыл Қабақбаевтың 70 жасқа толуына арналған шара өтті. Облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрхан Ақниязов журналистің өмір және еңбек жолы туралы әңгімелеп, оның құрметті зейнет демалысында болса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзбегенін айтты:

— Жанғабыл Қабақбаев ұзақ жылдар журналистика саласында еңбек етті. Бүгінде ол Журналистер одағының, сонымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Ассамблея жанындағы журналистер кеңесінің мүшесі ретінде еңбек етіп келеді. Сондықтан, журналистің тойын біз, «Қоғамдық келісім» мекемесі өз қуанышымыз ретінде қабылдадық. Бұл шараға Ақтөбедегі 18 ұлттық мәдени орталықтың мүшелері келіп отыр, — деді Н.Ақниязов.

Шара барысында Ж.Қабақбаевтың құрастыруымен және авторлығымен шыққан кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева және этно-мәдени бірлестіктер мүшелері журналисті құттықтап, лебіздерін білдірді.

М.РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button